ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННЫҢ – РУХАНИ МҰРАСЫ
ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННЫҢ – РУХАНИ МҰРАСЫ
21.07.2020
1408
0

 Халқымыздың 1300 жылдан астам уақыт бойы ұстанып келе жатқан дәстүрлі Ислам дінінің тармағы – негізін Имам Ағзам Әбу Ханифа салған, Ханафи мәзһабы. Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенімдік мектебін ұстанған қазақ халқы ертеден көшпенділік тұрмыс-салтын, Ислам дініне сай ұстана білді. Халқымыздың рухани, мәдени, тұрмыс-тіршілігі мен ойлау жүйесінде, діни санасының қалыптасуында Ислам дінінің, оның ішінде сүнниттік Ханафи мәзһабының рөлі үлкен. Қазақ елінің діни санасының артуында да Ханафи мәзһабы ғалымдарының сіңірген еңбегі орасан зор. Осындай мәдениетпен сусындаған қазақ топырағы түрлі ғалымдарды, батырларды, би-шешендерді, хандарды, елі үшін, діні үшін ерінбей еңбек еткен асыл азаматтарымызды дүниеге әкелді.

Қазақ халқының рухани-адамгершілік негіздері тарихтан алған өзіндік орны бар тарихи тұлғалардың еңбектерінде көрініс тапқан. Олардың қатарына Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмут Қашқариден бастап, бермен келе бүкіл қазақ ойшылдары, ақын-жыраулар, би-шешендерін жатқызуға болады. Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ыбырай Алтынсарыұлы сияқты ағартушылардың еңбектерінен рухани құндылықтарды молынан кездестіруге болады.

Солардың бір тармағы XIХ–XX ғасырларда өмір сүрген қазақ дін ойшылдары. Батыс пен шығыс мәдениетін ұштастыра білген, сол кездегі діншілдерге сыни көзқараспен қарап, өз еңбектерінде ашық көрсетіп, халқымыздың діни иммунитетін күшейтуге ықпалын тигізген қазақ дін ағартушылары. Қарапайым қазақ баласының Ислам дінін оңай түсіну үшін, ана тілімізде жазылған кітаптары мен шығармалары әлі күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ.  Солардың бірі – Ыбырай Алтынсарин.

Қостанай жерінде 1841 жылы дүниеге келіп, әкесінен ерте айырылған Ыбырай Алтынсарин қазақтың қамын ойлаған, ұлы тұлғалардың бірі, әрі көрнекті ағартушысы. Азан шақырып койған есімі – Ибраһим. Ыбырай Алтынсарин шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық етіп, қазақ жастарының сауатты болып өсуін өз міндеті деп санады. 1864 жылы Торғай жерінде мектеп ашқаны бәрімізге мәлім. Бұл істен бөлек қазақ даласында техникалық білім беретін ең алғаш қолөнер мектебі де Ыбырайдың ықпалымен ашылған болатын. Өзінің бар ғұмырын қазақ балаларының білімді, тәрбиелі, адал болуына арнады.  

Ыбырай Алтынсарин орыс ғалымдарына жазған хаттарында балаларды тек оқу-білімге баулып қана қоймай, өсе келе айлакер, парақор болмасын деп адамгершілікке үгіттеп жатқанын жазады. Бұл уақытта Ресей патшалығының қазақтарды діннен аластату саясатының басталған кезі еді. Кейбір мектептерде орыс мұғалімдері қарапайым қазақ балаларына христиан дінін, інжіл кітаптарын озбырлықпен оқытып жатқаны туралы баяндайды. Ы.Алтынсарин қазақ балаларына христиан дінін үйретуге түбегейлі қарсы еді. Мектептегі дін сабақтарында қазақ балаларының діни көзқарасын дұрыс қалыптастыру үшін және дін төңірегіндегі сұрақтарға жауап беріп, басқа діннің соңына ермеуі үшін жазған еңбектерінің арасындағы көлемді шығармасы «Мұсылманшылық тұтқасы» атты кітабы. Бұл кітап 1883 жылы қазан айында Петербург қаласында рұқсат алып, 1884 жылы Қазан қаласында арабша әріптермен басылып шығады. Кітаптың мазмұнында Ислам ақидасы, шариғат басқа да түрлі сауалдарға нақты жауаптар мен мысалдар келтірген. Кітапты жазудағы мақсаты туралы: «...Кәләм шариф (қасиетті сөз) һәм үлкен ғылыми кітаптар араб тілінде жазылды. Араб тілін әркімге білмек һәм қиын, һәм көп қара халыққа мүмкін де емес. Мұнан ғайри (басқа, бөтен) және сөздері де не араб, не парсы тілінде болып, әр жұрттын лұғаты (тілі) бөлек болуынан көп оқымаған адамдар аят-хадисте бұйырылған, һәм әр мұсылманға керекті қысқа ғылымдарды да білуге қадыр бола  алады» – дейді. Құндылыққа толы кітап бүгінгі күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Сол кездегі қазақ халқына бұл шығарма рухани азық бола алды. Араб, парсы тілдерін меңгермеген қарапайым халық үшін өте түсінікті, әрі анық болды. Бұл кітап Ислам ақидасын оның ішінде бір Құдайдың барлығын, бүкіл тоқсан тоғыз мың ғалам мен жер бетіндегі барлық жан-жануар, өсімдік пен табиғаттың үйлесімдігін түсіндіріп: «Мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық-қадір екендігіне дәлел болса керек» – деп тұжырымдайды. Бұлардан бөлек Исламның парыздарына тоқталып, намаз, ораза, қажылық, зекет сияқты құлшылық түрлеріне арнайы тараушаларды бөлек-бөлек жазып, ашық көрсетеді.

Ы.Алтынсарин ахлақ мәселесінде, яғни адамның мінез-құлқы туралы да тілге тиек етіп, жаратылыстың жақсыда-жаман мінезі болатындығын ескеріп, келесі бір пікірді алға тартады: «Ей, жарандар, дүниеде ешкім мәңгі тұрмайды. Аз уақыт дүниеде қонақ хисабында тұрып, жаман пиғылды жаман хұлықты болып, ахиретіңізге не жанға, не денеге пайдасы жоқ нәжіс ұстап қайтпаңыз. Адам баласы бұл дүниеге ахирет деген түпкілікті орнында қорек ету үшін азық жия шығарылған Құдай тағаланың махлұғы болса керек. Дүниеде таза мінез бен қайырлы істер істеп ахиретке қайтсаңыз, сол өзіңіздің жиып қайтқан жақсылықтарыңыз – ахиретке бірге баратын дәулеттеріңіз». Байқағанымыздай, жаман керітартпа мінездерден сақтану керек екендігі, көркем ахлақпен екі дүние қадіріне жетуге болатындығын айқындап тұрғандай.

Қорытындылай келе, қазақ дін ағартушыларының халқымызға мирас етіп қалдырған шығармалары, әлі күнге дейін өз өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Қайта, уақыт өткен сайын парасатқа толы рухани құндылықтары еліміздің азғындануына қарсы тірек болып тұрғандай. Ойшылдарымыздың ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, батыс пен шығыс әдебиеттерін ұштастырып, керемет туындыларды ортаға шығара білді. Ыбырайдай данамыз, қазақ жастарына: «Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық!» - деп айтқан өлең шумақтарында, өскелең ұрпақтың талапты да, білімді болса деген ниетін анық байқаймыз. Осылайша, бабалар аманатына қиянат жасамай, тұғыры биік, тәуелсіз еліміздің көк туын желбірету, әрбір жастың – міндеті.

 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

маманы    А.Тағай

 

0 пікір