Тілге назар – дінге назар
Тілге назар – дінге назар
09.12.2020
542
0

Тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы. Ғұлама ғалым А. Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұттың өзі де жоғалады», – деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Қазақстан Республикасы қазақ тілінің ғана емес, елде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілінің дамуына барынша жағдай жасап отыр. 1998 жылдың 20 - қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен 22 - қыркүйек «Қазақстан халқы тілдерінің күні» болып жарияланды. Үгіт-насихат жұмыстары сауапты әрі жауапты іс. Уағыз – насихат жасау тек қана халықтың ойлау қабілеті мен көзқарасынан бөлек тілдің қалыптасуында да маңызды рөл атқарады. Сол себепті ақпараттық насихат жұмыстарын жасаушы тіл қағидалары мен шарттарына аса мән беруі керек. Өйткені сөйлеушінің сөйлеу қабілеті мен сөз саптауы тыңдаушыларға да әсерін тигізеді.                               Бүгінгі мақаламызда түсіндірме жұмыстарын жасау барысында, кетіп жатқан кемшіліктердің кейбіреуіне тоқталамыз.

 Ең әуелі, әріптерді дұрыс шығармау. Араб тілінен хабары бар дін мамандары тілімізге араб тілінен кіріккен сөздерді сол қалпында айтып жатады. Әсіресе дауыссыз дыбыстар да мұндай әрекеттер көп байқалады. Мысалы, «амал» сөзін ъайн әрпін қосу арқылы «ъамәл», нығмет сөзін «ниъма» сөзімен алмастырып айтып жатады. Мұндай ахуалдар біреулерде табиғи жағдайда қолданылса, кейбіреулері осылай айту арқылы араб тілінен хабардар екендігін көрсеткісі келеді. Бұл жағдайда орыс тіліндегі сөздерді екпін, яғни, акцентпен насихат жасауды көз алдымызға елестетсек болады. Ең маңыздысы, мұндай сөз саптау тілге деген құрметсіздік болып табылады.

Диалект (жаргон) сөздерді қолдану. Әр адамға жастайынан қалыптасқан тілде диалектімен сөйлеу оңай. Мұндай жағдай түсіндірме жұмыстарын атқаратын мамандарда да кездеседі. Диалектіні пайдаланған уақытта асыра сілтеу мақсаты мен шектен тыс қолданылмауы қажет. Асылында, сөйлеу мәнері әдептерінің бірі – әдеби тілде сөйлеу. Мамандар өзге ортаға немесе елді мекенге барған кезде, осындай жергілікті диалект сөздерді мөлшерден тыс қолдану арқылы сұхбатқа қатысушылардың тыңдаушылық қасиетін жоғалтады.                        

Грамматика ережелерін сақтамау. Бұл жағдай көбіне сөйлемді қате құрау, сөз бөліктерімен тәртібін сақтамаудан пайда болады. Әсіресе, бір сөйлемді аяқтамастан келесі сөйлемге өтіп кету. Сөйлемнің бір бөлігі сөйлеушінің ойында қалады, бірақ тіліне шықпайды. Нәтижесінде ой толық қамтылмастан тыңдаушылардың ойында да бөлінген пікір қалыптасады. Өкініштісі мұндай мағынасыз сөйлемдер тыңдаушының уақытының бос сарп етілуіне алып келеді. Тақырыпты дұрыс таңдамау. Кейбір насихатшылар белгіленген тәртіптің жоқтығынан, өткендерді жоқтап жасалынып жатқан жиында неке жайлы айтып, қуанышты тойларда, өлім жайында айтып жатқандығын байқаймыз. Расында мұндай үгіт-насихат ешқандай пайда бермейді. Сол себепті әрбір жиынға жиналған адамдардың көңіл-күйіне, жиналыстың негізгі мақсатына назар салу керек. Мәселен, үйлену тойына келген адамдардың бар ойы неке қиюда болады. Оларға неке жайында сөйлесеңіз дайын қалыпқа кірпіш құйғандай есептеледі.               

Сұхбат уақытын созбау.  Кей жиындарда насихат жасаушылар уақытқа қарамастан  сөйлей жөнеледі. Ақпарат қаншалықты маңызды болмасын тыңдаушының тағатынан артық ұзақ болса, оның мәні қалмайды. Мамандардың айтуы бойынша адам ойын 20-25 минут уақыттай жинақтай алады. Одан артық асқан үгіт-насихат ақылға қонымсыз болады немесе алғашқы айтылған мәліметтерді естен шығарып жібереді.

Дәлелсіз сөздер мен ойдан шығарылған риуаяттар айту. Бұл жағдай да әлеуметтік ортада көп кездеседі. Әсіресе қала маңы мен ауылдық аймақтарда дәлелсіз сөздер мен ойдан құрастырылған хадис немесе ғұламалар айтқан пікірлер ақиқат іспетті айтылады. Мысалы, «кітаптарымызда бар»,  «пәленшеден келген хадисте, атын ұмытып тұрмын», – деген секілді құрғақ сөздерді де естіп жатамыз. Асыл дін, сахабалардан жеткен хадистер, ашық айқын шариғи үкімдер тұрғанда мұндай мағынасыз әрі дәйексіз риуаяттар мен сөздерден аулақ болуымыз керек.                

Қорыта келе, адам баласы – тіліне сақ болуы міндет. Ардақты Елші (с.а.с) айтқандай: «кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман етсе жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деген. Бір ауыз сөзбен адам мұсылман болғаны секілді бір ауыз сөйлеу арқылы діннен шығып кетуі бек мүмкін. Қысқасы, мұсылман өзінің тілімен қырағы болуы керек. Тілге сақтық - дінге сақтық.

 

Түркістан облысы қоғамдық  даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                           А. Жәлел

0 пікір