Шәкәрімнен қалған сыр
Шәкәрімнен қалған сыр
15.08.2023
764
0

Дін – адамзат тарихында жаратылысынан бері бар әрі барлық дәуірде адаммен бірге жасасып келе жатқан рухани күш. Адамның ішкі сұранысында әлденеге сеніп өмір сүру әуелден бар қажеттілік. Сол себепті діннің адамзатқа ықпалы қазір де өз күшінде. Адамзат тарихында жекелеген дінсіз адамдар болғанымен, дінсіз қауым, дінсіз қоғам болмаған. Қазірге дейін шамамен 10 мыңнан аса дін мен діни наным-сенімдер пайда болған. Жер шарында 8 миллиардқа жуық адам болса, солардың 85%-нан астамы қандай да бір діни сенімді ұстанады. Ғалымдар өлімге шара табылмайынша, дінге деген мұқтаждық жойылмайтынын айтады. Кезінде дін бар болғаны сауатсыздықтан, табиғат күштері мен өмірдегі қиындықтардың алдындағы шарасыздықтан туындағанын айтушылар да болған. Бірақ уақыт көрсетіп отырғандай қазір жан-жақты дамыған әлемде де дін өмір сүріп келеді.

Дін деген терминнің анықтамасы өте көп. Бірақ дін сөзінің анықтамасын бір сөзбен айтқанда Құдайға деген сенім. Дегенмен қазіргі күнде дін десе болды отыра қалып уағыз тыңдау мен бес уақыт намаз оқып одан арысы ораза ұстап, Меккеге қажылыққа барып қайтса болды одан мықты, одан иманды мұсылман жоқ секілді сезінетіндей болып жүргендер бар. Осыларды жасап шықса болды Құдай жұмағын дайындап қойғандай болып тұрады. Бұл айтылғандардың барлығы діннің сыртқы формасы. Яғни қандай да бір адамның сыртына қарап мұсылман екендігін танытады.  

Ал діннің ішкі көрінісі адамның моральдық, рухани бай болуын айтамыз. Қазіргі күнде адамдардың бойынан тек сыртқы көріністері ғана көрініп ішкі мазмұн қалып бара жатқандай. Намаз оқиды бірақ, адамдарды алдауда алдына жан салмайды, ораза ұстайды бірақ ұрлық жасайды, қажы болады бірақ аярлықпен, қулықпен халықтың ақшасын тартып алуда. Бұл дегеніміз қасиетті ислам дінінің атына кір келтіру. Сонда қайтпек керек? Әрбір адамның бойында – мейірімділік, арлылық, адалдық, әділдік, уәдеге беріктік, мәрттік, жомарттық, ұят, отансүйгіштік, жауапкершілік, адамдарға деген бауырмалдық, ата-анаға деген құрмет, үлкен мен кішіні бірдей сыйлау секілді адамгершілік қасиеттер бойымыздан табылса онда біздің иманды болғанымыз деп дін сөзін түйіндеуге болады. Өйткені мұның барлығы діннің талабы. Сол үшінде Абай Хәкім:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек шын, көңіл

Өзгесі хаққа жол емес, деп бір ғана ауыз сөзбен жеткізгені. Ал бүгінгі мақалаға арқау болған Шәкәрім қажы болса:

Хақ мұсылман кім болар,

Айтқан сөзі шын болар.

Рахым, ұят, ар, ынсап,

Төртеуі болса дін болар, деп мұсылманның сипатын түсіндірді. Ел аузында «Хақтың разылығы халықтың ішінде» деген даналық сөз бар. Қандай да бір адамның дініне, тіліне, түр сипатына қарамастан қол ұшын созып, көмек беруде діннің негізгі талабы десек болады. Ал Шәкәрім қажы:

Адамдық борышың,

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта оны біл,.....

Қайтадан қайырылып, қауымға келмейсің.

Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің,

Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң.

Шын бақыт осыны ұқ,

          Мәңгілік өлмейсің, дегені жоғарыдағы ойымызды нықтағандай.

Бір күні Алла Елшісіне (с.а.с) бір кісі келіп: «Уа Алла Елшісі (с.а.с.) мұсылман деген кім? деп сұрақ қойыпты. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): Тілімен де ісімен де ешкімге зиян тигізбеген адам», - деп жауап берген екен. Осы жолды бекем ұстанған көкірек көзі ашылып Шыңғыстаудың баурайында үй тіккен Шәкәрім қажы көптеген өлең жолдарында осы қағиданы дәріптеген.

Мұсылман деген кім деген сұрақ төңірегінде жауап көп. Қажы болса «Қиянатың бар болса иманың жоқ, маған десең мың жылдай қыл ғибадат» деп адамдарды озбырлықтан тыйды. Сол секілді Шәкәрім қажының мұсылманның сипаты деп тапқан қасиеттерді жалғастыра кетсек:

Хақ мұсылман кім болар-

Айтса сөзі шын болар.

Рахым,ұят, ар, ынсап-

Төртеуі болса дін болар. 

Мұсылман адамның тағы бір бойынан табылар қасиеті – кеңпейілділік. Ол да Жаратқанның сүйген амалы.

Тәңірі жолы – ақ жүрек,

Сайтан деген қиянат.

Ақ жүректі ертерек

Ескердағы қыл әдет.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бүгінгі мақала тақырыбына арқау болған Шәкәрім қажының бір шумақ өлеңімен түйіндесек:

Есіл түзу пішінді,

Түзете алмай қысылды.

Сен құбылмай тек отыр,

Түзетсін Құдай ішіңді.

Демек діндар болу, мұсылман болу әуелі өзіңді түзетуден басталмақ. Мен мұсылманмын деген қазіргі қазақ қоғамына жоғарыда айтылған өлең жолдарынан ғибрат алу керек секілді. Сонда ғана еліміздегі дінді тек құлшылық дейтін буквалистік пайымнан арылатын секілдіміз.

 

Қ.Қосмаханов 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы                                                                                     

0 пікір