Рухани келісім күні - тұрақтылықтың іргетасы
Рухани келісім күні - тұрақтылықтың іргетасы
18.10.2023
652
0

Қазақстан біздің отанымыз, үлкен шаңырағымыз. Шаңырақтың керегесі кең болуына уықыттың мықты, бекем болуы әсер етеді. Елімізді еңселі шаңырақ деп есептесек, түрлі ұлттар мен ұлыстарды сол шаңырақты ұстап тұрған уықтары  десек болады. 18-қазан – Рухани келісім күні. Бұл күн – адамдарды ұлты мен діни сеніміне қарамастан бір қоғамға біріктіретін тұрақтылық пен келісім күні болып аталып келеді. Мерекенің аталып өтуі мемлекетімізде бірлік пен татулық, ауызбіршілік пен сыйластық орнату үшін маңызды.

Атаулы мерекені  31 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып табылады. Бұған негіз болған 31 жыл бойына 18-қазан күні аталып өтілетін Рухани келісім күні! Егемендік алғаннан бері бұл күнді ерекше атап өтудегі мақсат -  еліміздегі 17 конфессия діни бірлестіктер мен 130-дан астам ұлт өкілдіренің басын біріктіру, тұрақтылық пен тыныштық орнату. Бүгінгі таңда Рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбіршілігі мен төзімділігі, қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр. Көпұлтты еліміз үшін бұл күннің маңызы зор. 1992 жылдың қазанында Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен тұңғыш рет Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткен болатын. Жалпы, рухани келісімді қамтамасыз ету ісі көптеген мемлекеттерде негізгі міндеттердің біріне айналып отыр. Осы орайда Қазақстан дұрыс жолды таңдап, нәтижесінде тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізе білді.

Рухани келісімді, татулықты, ел тұтастығы мен орнықты дамуды жүзеге асыру мемлекетіміздің басты стратегиялық бағыттарының бірі болғандықтан, аталған мақсаттарды қоғамымыздың күн тәртібінен түсірмеу аса маңызды. Сол үшін, тіпті арнайы Рухани келісім күнінің белгіленуі көп жайтты ұғындыра түседі.

Ислам діні мемлекет пен қоғамда тыныштық орнап, әділдік болуын мақсат етеді. Барша адам баласын осы негізде тәрбиелейтіндігі қасиетті Құрандағы «Маида» сүресінің 2-аятында расталады: «Бір-бірлеріңе ізгі істерде, тақуалықта көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар…». Осы Құрандағы сөз бірлік пен татулықты мақсат еткен қоғамда тыныштықтың мерейі үстем болатынын көрсетеді. 

Қазақстан халқының дәстүрлі мәдениетіне және қазақ халқының болмысындағы сан ғасырлардан бері жасасып келе жатқан этикалық кодекстен бастау алатын рухани мұраттарға тұғырланатын негіздер біздің елімізде қайта тыныс ала бастады. Сондықтан басқа идеялар мен көзқарастарға төзімділік танытудан, әртүрлі діндер мен этнос өкілдерінің дәстүрлі рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарды ұқыптылықпен қабылдауынан көрініс табатын халқымыздың ділі мен рухының ашықтығы бүгінгі Қазақстан қоғамындағы рухани келісімнің тұғыры болып табылатыны сөзсіз. Шынында да, этносаралық және конфессияаралық келісім осын­дай қысқа мерзім аралығында саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда ауқымды өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Осы ретте, біздің мемлекетіміздің жаңа тарихы түрлі мәдениеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүре алатындығына ғана емес сондай-ақ, олардың қоғамның дамуына оң ықпал ете алғандығына шынайы дәлел болғандығын атап өткен жөн.

Тәуелсіздік жылдары ішінде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Рухани келісім – біздің ұлттымызға тән  үлкенді сыйлау, отбасына құрмет, балаларға  қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

Барша халықты мейірімділікке, игілік, бірлікке үндейтін Рухани келісім күні құтты болсын! Әрбір отбасында тыныштық, береке орнасын. Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!

 

Б.Абдрахман

Түркістан облысы дін істер басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ теолог маманы                                                                       

 

 

0 пікір