Қазақ қоғамындағы әйелдің орны
Қазақ қоғамындағы әйелдің орны
14.04.2021
936
0

Сайын даланы жылқының жалында, түйенің қомында жүріп, қасық қаны қалғанша қорғап, елін-жерін сүйген, тауының әрбір тасының қадірін жете түсінген орман-тоғайын қызғыштай қорғаған есіл ерлер қаншама. Өткен тарихымызды түгендер болсақ, қара қазан, сары баланың қамы үшін бес қаруын сайлап атқа қонған қанды жорықтарға толы. Елінің азаттығы үшін жан алысып, жан беріскен заман. Қилы-қилы тағдыр, түлкі бұлаңдыққа салынған заман. Мұндай тар жол, тайғақ кешкен жолдар тек ер азаматтар ғана айтылғандай болуы мүмкін. Жоқ, бұл қиындықты ерлермен қоса қазақтың нәзік жанды қыз-келіншектері де бірге жүріп көтере білді. Тіпті Кеңес үкіметі орнап елді колхоздастыру саясаты басталған кезде де қазақ әйелі ерлермен бел шеше кірісіп бірде шопан болып қой бақса, бірде трактордың, соқаның маңайында табылғанын көне көздер айтып отырады. Сол себепті де болар ел арасында «қыздың қырық жаны бар», «қыз қырық шырақты» деген сөздердің қалыптасып әлі күнге жадымыздан ұмытылмай келе жатқаны.

Бұл мақалаға арқау болған мәселе, осыдан бір ай бұрын Алматының орталық алаңында болған «феминизм», яғни әйел адамдардың құқығы қорғалсын деп ұран салып, көшеге шыққан жастар турасында. Алдымен «феминизм» дегеніміз не? Бұл қайдан шыққан атау деген сұрақтарға жауап бере кетсек. Себебі «феминизм» қазақ қоғамына жаңадан еніп жатқан сөз. Бұл атау алғаш XVIII – XIX ғасырда Еуропа елдерінде әйелдердің құқығын қорғау, әлеуметтік статусын анықтау мақсатында пайда болған ұғым. Тіпті сол Еуропада орнаған импералистік елдердің конституциялық нормаларында әйелдердің құқығын толықтай аяқ асты еткен жағдайлар кездескен.

Бірақ осы феминизм біз үшін яғни қазақ қоғамы үшін керек пе? Импералистік Еуропа кезіндегідей әйелдердің құқығы тапталған заман бізде болған ба? Меніңше жоқ. Себебі жер бетінде әйелден патша жасау сонау ерте темір дәуірінде-ақ қазақ даласында қалыптасып үлгерген. Дәлелі жер қайысқан қалың қолымен Сырдариядан бері өткен Парсының патшасы Кирді тоқтатқан, сақ-массагет тайпасының көсемі – Тұмар патшайым. Мұндай оқиғаларды жіпке тізгендей қылып айта берсек тауыса алмасымыз анық. Өйткені қазақ әйелі, қазақ қызы өз елінің ар-ұжданын өмірінен артық бағалаған. Дегенмен соңғы XXI ғасырда пайда болған «Жаһандану» үрдісі көптеген ұлттардың өзіндік менталитетінен айыруда. Бұл үрдістің салқыны қазақ халқына да зардабын тигізуде. Халқымыз қызды қырық үйден тый деп бекер айтпаса керек. Бірақ осы бір тыйым сөзді жоққа шығарып, өзінің мәдени құндылығының тамырына балта шапқандай болған кешегі шеруге шыққан жастар ұлтына қарсы шығып жатқанын түсіндіме екен?! Әрине мемлекет болған соң, қоғамда зардап шегушінің болатыны белгілі. Дегенмен қазақ қоғамы әйелге зорлық-зомбылық көрсетуге түбегейлі қарсы. Себебі қазақтың бойында туа бітті пайда болған ар-ұят, ғасырлар бойына жазылмай келген дала заңы болып табылатын дәстүріміз қарсы. Мысалы алып қарар болсақ, Домалақ ананы әулие тұтпайтын, Айша бибіні пір тұтпайтын, Қарашаш ананы дана көрмейтін қазақ некен-саяқ. Ал алаңға шыққан шерушілер дәстүрімізден, ұлттық мәдениетімізден хабары жоқ екені байқалуда. Ислам дінін мұсылман халқы болғандықтан дінімізде де әйелдің орны жоғары. Сол себепті болар Алла Елшісі Мұхаммад пайғамбар (с.а.с) соғысқа шығып бара жатқан жас жігітті тоқтатып, үйіңде қарт анасы барын білген соң: «Расында жұмақ аналардың табанының астында»,- деген.

Халқымызда қасықтап жинаған абыройды, шелектеп төкпе деген астарлы нақыл сөз бар. Сөзіміздің түйінін айтар болсақ, қазақ әйелі, қазақ анасы бүгінгі күнге дейін өз елін, өз отбасын, ошақ қасын бақыттың кілті деп есептеп келді. Өмірге сәби әкелуді парыз деп білді. Абыройға дақ, сүйекке таңба түспесін деп қызды қырық үйден тыйған дәстүріміз қазақ әйелінің абыройының жемісі іспеттес. Жалаң ұрандарға бой алдырып аналарымызды ұятқа қалдырар бөтен мәдениеттің сойылын соқпайық. Әрине қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бізде қарсымыз, әйелдердің құқығының қорғалуына бізде мүдделіміз. Бірақ өз дәстүрлі құндылығымызға қарсы қоюға шақыратын еркіндікке жол жоқ. 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің теолог маманы                                  Қ.Қосмаханов

0 пікір