Отбасының сәні – сыйластық
Отбасының сәні – сыйластық
19.05.2021
12802
0

    Отбасы – тұлға тәрбиелеудің және оны қоғамның сан қырлы жақтарыигеруіне мүмкіндік туғызатын ең алғашқы әлеуметтік орта. Отбасы шағын мемлекет. Оның тірегі әке мен ана. Үлгілі жанұя үлкен қазына. Қазақ халқында   «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деген даналық сөз бар. Ұлы мен қызына тәрбие беретін ата-ананың парызы мен қарызы үлкен.  Халық айтса, қалт айтпайды, Отан отбасынан басталады. «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деген даналық сөзінде үлкен ғылыми тұжырымдаманы көрсетеді. Отбасы татулы­ғы мен үйлесімділігі ата-ана мен бала және ерлі зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік сезімімен тығыз байланысты. Ата-ана мен бала және ерлі-зайып­тылар қатынасында өзара түсіністік, сыйластық, көмек тек қана отбасы мүшеле­рінің арасында сүйіспеншілік сезімі болғанда ғана бақытты жандардан тұратын отбасына айналады. Тұлға отбасында өмірдің мәнін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін-өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Демек, отбасы – адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.                                                Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасыдан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Отбасының әрбір мүшесі өзара сыйластықты сақтауға тиіс. Сонда бірлік, татулық болады. Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ сондай кикілжің кездері ер адамның әйелін қор көріп, оны ұрып-соғуы шариғатқа да, заңға да қайшы әрі адамгершілік шеңберіне де сыймайды. «Отбасының сәні – сыйластық» деп халқымыздың көне нақылында айтылғандай, Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне сай ерлі-зайыптылар арасындағы байланыс шексіз сүйіспеншілікке, өзара құрметке, сабырлыққа, мейірімділікке, әділеттілікке және жайлылыққа негізделуі тиіс. Бұл туралы Алла Тағала Құранда: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғаны да оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар» (Рум сүресі, 21 аят) – деп айтылған.                                           

    Кейбір адамдар тұрмыста болатын зорлық-зомбылықты жақтап, Құран аяттарының бұрмаланған түсіндірмелерін, әлсіз хадистер немесе күмәнді ғалымдардың пікірлерін алға тартады. Мысалы, Құрандағы: «Еркектер – әйелдерді билеуші. Өйткені Алла бірін бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар малынан да үлес береді (әйелдерге мәһір, нәпақа береді). Ал енді жақсы әйелдер – бойұсынушылар, Алла қоруға бұйырған көмескі нәрселерді (абыройын) қорғаушылар. Ал сондай-ақ әйелдердің бас тартуларынан сезіктенсеңдер, сонда оларды насихаттаңдар және оларды төсектерінде тастап қойыңдар (одан болмаса) оларды сабаңдар. Ал егер олар сендерге бой ұсынса, онда олардың зиянына бір жол іздемеңдер. Расында, Алла өте жоғары, тым ірі» (Ниса сүресі, 34 аят) деген аятты басшылыққа алып, өз әрекетін ақтап алғысы келеді. Алла Тағала бұл жерде ерлердің әйелдердің қамқоршысы екенін, әйелдердің күйеулері жоқ кезде адалдығы мен мүлкін сақтауы міндетті екенін айтады. Ал егер әйелдер бойұсынбаса, онда ер адам алдымен оған ескерту жасап, одан уақытша алыстауы керек, содан кейін оған мұндай мінез-құлықтың рұқсат етілмегенін және оның салдары екеуіне де жағымсыз болуы мүмкін екенін нақты түсіндіруі керек.                                                            

    XIX-XX ғасырларда өмір сүрген ақын жазушыларымыздың  жазған көркем әдебиеттерге көз жүгіртіп көрейік. Оларды оқи отырып та отбасылық тәрбие жайлы көптеген мағлұмат аламыз. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы: Әйелдер галереясынан: Зере, Ұлжан, Айғыз, Ділда, Тоғжан, Әйгерім, Салтанат, Керімбалалар, көненің көздері – Бөжей, Байсал, Құнанбай, Жақып, Абай тұстастарынан: Жиренше, Ербол, Базаралы, Абылғазы, Тәкежан, Оспан, Көкбайлар ас пен тойда, құдалық пен руаралық қақтығыста, жаулықта, жер мен жесір дауында, жан жадыратар жаз жайлаулары мен аязды, боранды қыс-қыстауларында, аңшылық-саятшылықтарында бірге болып, бірге тыныстады: күйінсе – күйінді, сүйінсе – сүйінді, ауыр-жеңілін бірге көтерісті. Ұлы жазушының  бұл роман – эпопеясынан отбасы жайлы, ондағы адамдардың қарым-қатынасы жөнінде көптеген мағұлматтар алуға болады.    Және «Абай жолы» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «...Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй, балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» - дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, онын тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.                                       

    Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік, сыйластықтың белгісі болса керек.  Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтын бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептемейміз. Және қазақ отбасындағы бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке- жеке мән беріп қарастыруда оның өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысының бірі. Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған  .

    Қорыта келе айтарымыз қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, қең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, Отбасы адамға бақыт, толық мәнді тыныс-тіршілік әкеледі. «Үйлену оңай, үй болу қиын» - дейді халқымыз. Отбасының іргетасы ер азамат пен  әйел адамның ақ неке қиып, отау тігуінен құралады. Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі бала. Баланың тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне  берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы зор. Отбасы ата мен баланың, келін мен ененің және басқа отбасы мүшелерінің жылы қарым-қатынасынан құралады. Отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуы керек.                  

«Отбасынан бас кетсе,                                         

Қазаннан ас кетеді», - деген дана халқымыз елдің, ұлттың, жалпыадамзаттың болашағы, даму деңгейі отбасынан басталатындығын бір ауыз сөзбен жеткізгендігін, жадымызда сақтағанымыз жөн болар.

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                         А. Жәлел

0 пікір