Ғылым – өркениет өзегі
Ғылым – өркениет өзегі
18.05.2021
883
0

Ғылым – өркениет өзегі

 

Өркениет – адамзаттың материалдық, техникалық және рухани-тарихи жетістіктерінің жиынтығы платформасында орын алатын тарихи үдерістің бірлігі. Бұл ұғым өмірдің белгілі бір нысаны мен тәртібі, оның надандыққа қарсы болғаны ежелгі дәуірден белгілі.         Адамзат өзінің даму тарихы барысында қоршаған әлемді танып-білудің және игерудің бірнеше тәсілдерін меңгерді. Сондай тәсілдердің біріне сөзсіз ғылымды жатқызуға болады. Ғылым – қоғамның рухани мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылады. Адамзат дамуының белгілі бір кезеңінде ғылым дами келе, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Себебі, қоғамдағы сан-салалы мәселелер көп жағдайда ғылымның араласуымен шешіледі.                                     Адам өміріндегі ғылымның орны мен рөлін түсіну осы уақытқа дейін аяқталмаған күрделі процесс. Бұл процесс қиыншылықтар мен қайшылықтардың, талас-тартыстың, күмәнді сұрақтардың, көптеген жаңа мәселелердің пайда болуымен ерекшеленеді. XX ғасырдың 20-шы жылдарында ғана ғылымның мәні мен ерекшеліктерін, оның даму және қолдану механизмдерін қарастыратын, сонымен қатар, ғылымның білім жүйесі, әрі ерекше әлеуметтік институт ретінде даму заңдылықтарын зерттеуге бағытталған «ғылымтану» атты жаңа пән пайда болды.                          Өркениет, табиғат күштерін игерудің айтарлықтай жоғары сатысы ретінде ғылыми және ғылыми-техникалық прогрестің қуатты әлеуетін қамтиды және бұл адамдардың өмір сүру сапасын, деңгейін жақсартуға, олардың  жайлы өмір сүруіне  ықпал ететіні сөзсіз. Бұл тұста Әбу Әли ибн Сина, Исаак Ньютон, Эйнштейн, Галилео Галилей, М.В.Ломоносов,  Мария Кюри, Т.Эдисон, Н.Тесло және басқалар сынды әлемге аты әйгілі ғалымдарды айта кеткен жөн. Ғылым – әлем өркендеуінің негізі. Ол жаһандық сипатқа ие, ғылымның дамуы арқылы әлем жаңа деңгейге көтерілетініне тарих куә. Және бұл бұлтартпас шындық. Мұны біз қоғамның табиғатпен өзара әрекеті, нанотехнология, гендік инженерия, ақпараттандыру, ғарыш технологиясы, жасанды интеллект, роботизация, күн және сутегі энергиясы, атомдардың телепорациясы, магнетизм және т.б. сияқты VI-VII технологиялық құрылым өнімдерін өндіру сынды салаларда өркениеттік дамудың жаңа бағыттарынан күтеміз. Ғылым ХХІ ғасырдағы қоршаған әлем өзгерісінің шешуші факторы  қоғамды өзгерте алады.                           Жоғарыда келтірілген дәлел-дәйектер мен мысалдардан аңғаратын жайт – қаншама алпауыт елдер ғылымға көңіл бөле отырып жедел дамуға қол жеткізді. Орасан мүмкіндіктерді жарата отырып, күн сайын ілгері қадам басуда. Біздің еліміз де ғылым-білімнен кенде емес. Дегенмен, біршама елдерден арта қалғанымыз жасырын емес. Мұның себебі не?                     Қазіргі таңда қоғамда діннің атын жамылып ғылыммен шұғылдануға қарсы шығып жүрген топтар жоқ емес. Дінді желеу етіп, оны түсінбей, тек қана біржақты көзқарасының зардабы көпке тиіп жатыр десек артық айтқанымыз емес. Себебі, ол  осындай бұрыс ойлау жүйесімен өзі ғана емес отбасы мүшелерін де кері тартуда. Отан отбасынан басталады десек, бір отбасының қоғамда іріткі тудыруы, қоғам дамуын тежеуі бей-жай қарайтын жайт емес. Ғылымның діндегі орны қандай? Шынында Ислам діні ғылымға қарсы ма? Ендігі кезекте ғылым мен діннің арақатынасына біршама тоқталып өтуді жөн көрдік.                                                                                                       Білім іздену, тағылым, ыждағаттылық ұғымдары – ислам дінінің өрісінде жатқаны сөзсіз. Ғылым сөзінің астарында барлық салалар қамтылады. Оларға: жаратылыстану, медицина, философия, дінтану және филология сынды салаларды жатқызуға болады. Міне, сондықтан да  діннің талабы – тағылым болмақ. Қасиетті Құран Кәрім аят жолдарында көптеген жерде келген болса, пайғамбардың (с.а.с.) мол хадис-шәріптері толықтыра түспек. Құран Кәрімде: «Шын мәнінде, құлдарынан Алладан қорқатыны - ғалымдар», - деген аят жолында ғылым мен білім іздеп, Алладан шынайы қорқатындарға теңелген-ді («Фатыр» сүресі, 28-аят). Олардың ыждағат жолдары ғылым ақиқатына негізделген. Сондай-ақ, пайғамбар (с.а.с.): «Білім іздену әрбір мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдерге парыз», - деген. Ислам өркениетіндегі ел аузында көп тараған сөз: «Білім – Қытайда болсадағы барып алыңдар», - дегені. Осы нақылдарды ұстанған базбір грек, парсы және үнді тілдерінен араб тіліне аударылған еңбектер пайда болған. Арада ғасырлар өткеннен соң ислам әлемінің туындылары латын тілдеріне аударылды. Оларға – әл-Фараби, Ибн Сина және Ибн Рушдтың шығармаларын бірқатар жатқызуға болады.                            

Адам баласы ғылым мен білімді дұрыс меңгеру үшін ішкі жан дүниесі мен санасын жетілдіре білуі тиіс. Өйткені тағылым негіздері адамзатқа ортақ қазына, сол рухани қазына жолында ғалымның халық игілігіне ортақ құндылыққа қол жеткізуі, оның жауапкершілігі арқылы ғана жүзеге аспақ. Сондықтан да Ислам дінінің ұрпаққа қояр талабы ғылымға дұрыс қызмет ету, сол арқылы қоғамға, ұрпақ мүддесіне қажет игілікті істің негізін қалыптастыра, жолын сақтап отыру. Осы орайда пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.): «Ғалымдар – Алла Тағаланың алдындағы сенімді адамдар», - дегені бар. Енді бір хадисте: «Ғалымдар – пайғамбарлар мирасқоры», - деген. Тарихта ешқашан да Ислам мемлекеттерінде ғалымдардың еркін ойлауына кедергі болу, зерттеу мен жаңа нәрселерді ойлап табуларына тыйым салатын жайттар болған емес.    

Қорыта айтқанда, сәт сайын дамып жатқан осындау жаһандану заманында кімнің асығы алшысынан түсерін анықтайтын шешуші факторлардың бірі – ғылым саласын дамыту екендігіне бүгінгі таңда анық көз жеткізіп отырмыз. Әлемнің жетекші елдерінің қарыштап дамуы постиндустриалды экономиканың, ал кейіннен жаңа экономиканың – білім, инновация, жаһандық ақпараттық жүйелер экономикасының, зияткерлік еңбек пен ғылымның, жаңашыл технологиялар экономикасының қалыптасуына алып келді. Жаңа экономиканың негізін жинақталған адамзат капиталы құрайды. Ол өз кезегінде бүгінгі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бөлігі, еліміздегі стратегиялық маңызды ресурстар әрі мемлекет дамуының ауқымды міндеттерін іске асырудағы негізгі базис болып табылады. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» - деп, хан Абылай айтқандай, төрткүл дүниемен тереземіз тең болуы үшін ғылым салаларын игеріп білімді һәм біліктілікті жоғарғы деңгейде дамыту заман талабы болып қала бермек.  

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

дінтанушымаманы                                                                     М.Салиходжаев

0 пікір