Абай шығармаларындағы иман мәселесі
Абай шығармаларындағы иман мәселесі
20.01.2020
3095
0

Дана халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып, ұрпақтан-ұрпаққа рухани мұра болып келе жатқан Ислам діні тармағының бірі, негізін Имам Ағзам Әбу Ханифа салған дәстүрлі ханафи мазһабы. Ханафи мазһабы аясында дәстүріміз бен ғұрыпымыз қалыптасып, Ислам дінінің  атақты ғалымдарынан біліп алып, бойымызға дарыды. Осындай мәдениеттен нәр алған қазақ топырағы түрлі ғалымдарды, батырларды, би-шешендерді, хандарды, елі үшін, діні үшін ерінбей еңбек еткен асыл азаматтарымызды дүниеге әкелді. Солардың бір тармағы XIХ–XX ғасырларда өмір сүрген қазақ дін ойшылдары. Батыс пен шығыс мәдениетін ұштастыра білген, сол кездегі діншілдерге сыни көзқараспен қарап, өз еңбектерінде ашық көрсетіп, халқымыздың діни иммунитетін күшейтуге ықпалын тигізген қазақ дін ағартушылары. Ұлттық мәдениетіміздің дамуына әсерін тигізген келесі бір қоғам қайраткері - Абай Құнанбайұлы. Тек қана жазба қазақ әдебиетінің негізін салушы, аударма, философ, композитор ғана емес, дәстүрлі дінімізге де тигізген үлесі орасан зор. Ұлы тұлғамыздың ізгілік пен тәлім-тәрбиеге, ақиқатқа толы шығармалары қазақ қоғамына шамшырақ секілді. Өткен жылы президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылдың 30-мамырында бекіткен қаулысы бойынша Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Аталған құжатқа сәйкес, биылғы жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойланып, ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымдар шеңберінде жалғасын табатын болады.             

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы – қазақтың ұлы тұлғаларының бірі. Абай өскен ортада діни құндылықтар маңызды рөл атқаратын. Жастайынан білім-ғылымға құмар болып, ауыл молдасынан арабша хат таниды. Білімін Семейде Ахмет Риза медресесінде жалғастырып, түрлі тілдерді меңгереді. Жастайынан ел ісіне арласып болыстық қызмет те атқарады. Өлең жазу, аудармашылықпен қатар өмірінің кемелденген шағына жеткенде, айналысындағы алауыздықтардан шаршап, әр түрлі әлеуметтік мәселелерден қажыған кезінде қазақ халқына рухани мұра бола алған қара сөздерді жазуға бет бұрады. Қара сөздер әр түрлі тақырыптар аясын қамтиды. Абай Құнанбайұлының даналық сөздерінде діни ғибратты ойлар айтылған. Қырық бес қара сөздің он бірі дін турасында. Қара сөздер қатарында «иман» сөзі, қырық сегіз рет қайталанады. Абай атамыз он үшінші қара сөзінде: «иман деген Алла табарака уа Тағаланың бірлігіне, барлығына, пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, илану» деп, Ислам ғұламаларының иманға деген түсініктемелері мен пікірлерін алға тартады. Бұдан бөлек бұл қара сөзде иманның түрлеріне жеке-жеке тоқталып, арнайы анықтама береді.     
«Әуелі - не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел - испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі - кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман тақлиди дейміз». Абайша иман екі түрлі: бірі якини иман, екіншісі тақлиди иман. Якини иман - шын иман, нану, сену. Бұл иман ақылдан, дәлелден, ғылымнан туады. Шын иман танымнан шығуы, тууы керек. Неге сенсең де, соның сырын, ішкі мәнін біліп сен, тіпті құдайға сенген де оған дәлел арқылы сен дейді. Тақлиди иман - әке-шешеден, ұстаздан немесе өмір сүріп жатқан ортамыздағы адамдардан естіп, ғылымнан, дәлелден туған, тек дін иелерінің айтқанына нанудан, соларға еліктеуден шыққан иман, наным, сенім. Әбу Ханифа, Суфяны Сәури, Малик ибн Әнәс, Әузай және барлық фиқһ ғалымдары мен хадис ғалымдары иманның бұл түрінің дұрыстығын айтады. Бірақ, нақли (аят-хадис), әрі ақли дәлелдерді қолданып, сол иманын қуаттамайынша, ондай кісі күнәһар болады дейтін де пікірлер бар. Ақиқатына келгенде бұқара халықтың иманы көбіне осы тақлиди иманға жатады. Ғалымдар тақлиди иманның үнемі күмәнға ұшырауға (нақты дәлелдермен қуаттандырмағандықтан), миссионерлердің жетегінде кетуге бейімдігі басымырақ екендігін айтады. Сондықтан, әрбір мұсылман өзінің сенген иман негіздерін қолынан келгенінше, білімінің шама-шарқынша дәлелдермен қуаттауы қажет. Иманның екі түрін талдап, Абай шын иман таныммен барабар дегенді аңғартады. Және иманды адамгершілік мәселесімен ұштастырып, иман дегеніміз ар мен ұят дейді. Бұл діни терминді ғылыми және моральдық мән-мағына беруге ұмтылғанын байқаймыз. Қара сөздің екінші бөлігінде: «Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, тақлиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде Құдай тағала кеңшілігімен кешеді дағы демесін, оның үшін Құдай тағаланың ғафуына яки пайғамбарымыздың шафағатына да сыймайды, мүмкін де емес. «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын». Байқағанымыздай иманды сақтау өте қиын және күрделі құбылыс екенін байқаймыз. Өтірік айтып, әркімді алдау арқылы мал табып, тіршілік ететін адамның жай-күйі туралы сөз қозғап, ой тебірінтеді. Қасиетті Құранда, «Хаж» сүресінің, 30-аятында: «Жалған сөзден аулақ болыңдар!» деп ескертеді. Ислам дінінің аясында қарапайым сөздермен халық жадына жеткізіп, олардың мінез-құлықтарына сыни көзқараспен қарап, адамгершілік принциптерін дәріптейді.  

Сөз соңында, қазақтың дүлдүл, біртуар ақындарының бірі, Мағжан Жұмабаевтің «хәкім Абайға» айтқан өлең-шумағымен жеткізсек:

Шын хакім, сөзің асыл — баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанды,

Дүние қолын жайып енді күтпес.

 Абай атамыздың әрбір шығармалары халқымызға ұлттық құндылықтарды дәріптеуде үлкен рөл атқарады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деп пікір білдіреді.  Расымен де Абай халқымыздың рухани мұрасының кемеңгері. Қашан да болмасын рухани ұлы көштің басында тұрары хақ. Осындай даңғыл жолдан ажырамау ұлтымыздың ұлы борыштарының бірі. Қасиетті Ислам дінін жамылып, өз пайдасын күйттеген дінбасылары қай заманда да болған. Дінді қор қылма, халықты таза жолдан тайдырма дейді ұлы ұстазымыз. Абайдың осы бір терең сөздері бүгін де күн тәртібінен түскен жоқ. Қазіргі таңда дәстүрлі емес ағым мүшелері әр түрлі діндерді насихаттап, мұсылмандықтың ата-бабаларымыз қабылдаған ақ жолын бұрмалап, ел ішін ала тайдай бүлдіріп жүргендер де жетеді. Осылайша дін мен дәстүрді шатастырып, халық улана бастады. Абайша «Иман екеу емес, біреу» дейді отыз сегізінші қарасөзінде. Ойшылдардың пікірінше, Абай айтып отырған «Иман» – ол бүкіл адамзатқа ортақ ар-ұждан. Сондықтан да ол – біреу. Абайды хакім, адамзаттың ойшылы дейтініміз де, міне, осыдан.

    

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 

 

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімінің маманы А.Тағай

0 пікір