Діндегі ұлт ұғымы
Діндегі ұлт ұғымы
11.02.2021
1044
0

ХХ ғасырдың басында ұлтшылдықпен күресу барынша күшейтіліп, кеңестік өкіметтің ыңғайына қарай таптық жіктелудің соңы ата дінімізден, ана тілімізден, ұлттық рухымыздан алыстатып, дәстүр-құндылықтардан жерінуге әкеліп соқтырды. Ал, енді, ХХІ ғасырдың басында ұлтты сақтау күресі жүріп жатыр. Яғни, қайтадан өз болмысымызға оралу барысы жалғасуда. Өйткені, біртұтас Қазақ ұлты ретінде өмір сүру үшін дін, тіл тұтастығы сақталуға тиіс.  Осы уақытқа дейін елімізде қаншама зәулім мешіттер салынды. Жұма намазына жұрт ағылып баратын болды. Жастар да сәждеге бас қойды. Бірақ, дін атын жамылған ағымдар да көбейді. Тұс-тұстан тарпа бас салған миссионерлер бізді бір дінсіз, имансыз халық сияқты көріп, әр тарапқа қарай үгіттейттеуін қояр емес.

Елімізге жат елден келген кейбір ағым өкілдері «Ислам дінінде ұлт деген ұғым жоқ» деп пікірталас тудырғаны бізге белгілі. Бұл шынымен де солай ма? Егер кейбір діншілдердің пікірінше, ислам дінінде ұлт деген ұғым болмауы керек болса. Онда  неге біз  ислам дінін дәріптеп жүрген көптеген ұлттар мен этностарды білеміз. Бастапқыда бұл пікірталас саяси ұлтшылдық мәселесінен туындап діни идеологияға өршіп, өзгергені рас. Негізінде, ұлтшылдық идеологиясына әлемдік діндерде орын жоқ, тіпті саяси идеология түрінде де болсын. Исламдағы этнос пен ұлт құбылысы, оның діндегі орны туралы мақаламызды өрбітсек.

Негізінде «ұлт» және «этнос» ұғымдары бірдей емес, осы терминдердің ұлттық гуманитарлық ғылымда көптеген анықтамалары кездеседі, бірақ олардың жалпы ортақ мағынасын талдайтын болсақ, мамандардың айтуынша «этнос» сөзінің  басты айырмашылығы – бұл тілі, мәдениеті, антропологиялық белгілері, тұрғылықты жері басқа халықтар қауымдастығын айтамыз. Ал «ұлт»  ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеуметтік бірлестігі. Сонымен бірге көптеген ұлттардың ортақ аумағы, ортақ экономикасы, сол ұлт өкілдерін біріктіретін мемлекет қауымдастығын айтамыз. Осыдан «ұлттық мемлекет» термині шығады.

Енді «Ислам ұлты» деген түсінік бола ма? деген сауалға тоқталсақ. Расында Исламда ұлт деген ұғымы бар. Исламдағы «ұлт» ұғымы бірнеше мағынада келуі мүмкін: біріншісі, «шағб» – аймағы мен мәдениеті және тілі ортақ халық, ұлт; екіншісі, «қабилә» – ру, жүз мағынасында келеді; үшіншісі, «умма» – рухани және діни сенімі бір, соның арқасында бір-біріне жақын адамдардың тобы, үлкен қоғам, үмбет. Құранда Хужарат сүресі, 13-аятында бұл туралы былай делінген:

«Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың».

Осы аятты қағида етіп ұстанған Ислам ешбір ұлтқа бір ұлттың үстінен үстемдікті, бір нәсілдің басқа нәсілден жоғарылығын, бір текті келесі тектен артық қоймайды, жақсырақ санамайды барлығы тең. Артықшылық тек құдайшылдықта, тақуалықта.

Жоғарыдағы аятта көргеніміздей, Ислам діні адамды ұлтына, жынысына, дініне немесе нәсіліне, мансабы мен қызметіне қарап бөлмейді. Бірін-бірінен артық көрмейді. Артықшылық тек жақсылықта. Егер біз исламдағы осы ереженің мазмұнын қазіргі тілмен баяндайтын болсақ, онда: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», – деп, Ата заңымызбен үндесіп жатқан жерлерін де көруге болады. Бұған қатысты белгілі Әбу Дауд жинақтаған хадистердің бірінде Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) мынадай хадисі бар: «Сахаба Жұбайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Жікшілдікке шақыру – бізден емес. Жікшілдік салдарынан соғысқан да – бізден емес. Әрі жікшілдік салдарынан соғысып өлген де бізден емес», – деп ұлтқа, руға немесе жерге бөлінуді қатты сынға алған.

Кейбір исламның атын жамылған «мұсылманшыл» ағымдардың насихатынан естіліп, шет мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарынан ара-тұра көрініп қалатын «Мұсылман ұлшылдық», «Исламшыл нәсілдік» немесе «Діни ұлтшылдық» сияқты ұрандары шынайы исламның доктринасында жоқ. Бұл – мемлекет ішіндегі тұрақтылық пен бейбітшілікті  бұзуға және Исламды «құбыжық» етіп көрсетуге бағытталған теріс пиғылды ағымдардың, дін дұшпандарының жасайтын айла-тәсілдері. Шынайы Ислам қоғам мүшелерін өзара достық орнатуға, бір-бірін құрметтеуге үндейді.

 

  Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы                        А.Дүйсен

0 пікір