Дін мемлекеттен бөлінгенімен қоғамнан бөлінген емес
Дін мемлекеттен бөлінгенімен қоғамнан бөлінген емес
01.08.2023
733
0

 

Түркістан облысы бойынша ауыл тұрғындары арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары барасында мемлекет пен дін қарым-қатынасы жөніндегі түсінбеушілік орын алып жүргені байқалады. Қарапайым халықтың кейбірі «Қазақстан – зайырлы мемлекет» дегенді «дін мемлекеттен бөлінген» деп бір ауыз сөзбен түсініп жүргендер бар екен.

Негізі зайырлық ұстанымы Батыстан енген анықтама екені баршаға мәлім. Зайырлылық ұғымы орыс тілінен тікелей тәржімаланып «религия отделена от государства» деген мағынаға ие болды. Оларда осылай айтса түсінікті. Ал бізде түсінбеушілік туындап жүр. Өйткені, қазақ тілінде мемлекет дегеніміз – тұтас ел, Қазақстан. Сонда «дін мемлекеттен бөлінген» дегенді көп адам Қазақстан бір бөлек, дін бір бөлек деп, екеуін бір-бірінен ажыратуға тырысуда. Дінді қоғамнан шығарып тастағысы келеді. Шын мәнінде олай емес.

Негізі қазақ тілінде «дін – мемлекеттен емес, өкіметтен бөлінген» деп айтса түсініктірек болады. Үкімет емес, өкімет. Үкімет – атқарушы орган. Ал өкімет – билік деген сөз, яғни Президенттен бастап, Премьер-министр, сот, Парламент, бәрі кіреді. Дін осы басқарушы құрылымдарға, олардың жұмысы мен заңдарына араласпайды деген сөз. Зайырлы мемлекет дегеніміз осы. Ал зайырлы елде дін қоғамнан аластатылмайды, керісінше дін ұстануға толық еркіндік беріледі және ешкімнің діни ұстанымы кемсітілмейді.

Сондықтан дінді мемлекеттен бөлінген деп қабылдау қате түсінік. Дін өкіметтен бөлінгенмен қоғамнан бөлу мүмкін емес. Себебі дінді ұстанушылар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады. Еліміз көпэтносты мемлекет болған соң, 18 конфессия діни бірлестіктері қызмет атқарады. Мемлекет тарапынан осы діни бірлестіктердің жұмысын қадағалау, миссионерлік қызметті және діни мәселелерді реттеу болып табылады. Қазіргі күні қоғамымызда жат ағымдар тарапынан орын алған кейбір келеңсіз жағадайларға немқұрайды емес екендігін байқауға болады. Сондықтын дін мемлекеттің құқықтық қағидаттарын шығару мәселесінде ғана бейтарап, ал қазақстандықтардың рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңыздылығынан бөлінген емес.

Халық арасында мұндай ұғымға ие болу себебі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары қабылданған Ата заңымызда мемлекеттің діннен бөлінгендігі туралы бап болатын. Сол бап діндарларға да, басқаларға да үлкен әсерін тигізді. Сонда «дін мемлекеттен бөлінген» дегенді көп адам Қазақстан бір бөлек, дін бір бөлек деп, екеуін бір-бірінен ажыратуға тырысты. Діни бірлестіктердің басшылары, діндарлар дін мемлекеттен бөлінген, мемлекеттің дінге араласуына хақысы жоқ дегенді негізге ала отырып, өздерінің бірлестіктерінің ішкі мәселелеріне ешкімді араластырмады. Былай айтқанда, білгенін істеді. Одан кейін, керісінше, кейбір әкімдер, басшылар дін мемлекеттен бөлек дегенді ұстанып, дінге мемлекет ішіндегі жеке мемлекет ретінде қарап, бойын аулақ ұстауға тырысты. Міне, осының барлығы заңсыздықтарға жол ашты.

Заңға уақыт өте келе өзгертулер, толықтырулар енгізілетіні баршаға белгілі. Дегенмен, қазіргі заң біраз епке келді деп айта аламыз. Ата заңымызда мемлекет діннен бөлінген жоқ деген жолдар алынды. Керісінше, бұл жәйт жаңа заңда берілді. Бұл дұрыс та шығар. Өйткені, Түркия, Малайзия сияқты зайыр­лы мемлекеттерде де мемлекет діннен бөлінген деген сөз жоқ.

 Қазақстан өзінің зайырлы мемлекет ретінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді.

Зайырлы мемлекет дегеніміз – діннің бөлінуі нәтижесінде пайда болған діни емес, азаматтық нормалар негізінде басқарылатын, мемлекеттік органдардың шешімдері діни негіздері болмайтын мемлекет. Зайырлы мемлекеттің заңнамасы (толықтай немесе ішінара) діни нормаларға сәйкес бола алады; «зайырлылық» діни ұстанымдармен қарама-қайшылығымен емес, олардан тәуелсіздігімен анықталады. Ол туралы 2011 жылы қайта қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-ші бабының 1-тармағында да мемлекет дін және діни бірлестіктерден бөлінгені нақты көрсетілген. Қазақстан зайырлы мемлекет болуына байланысты, ресми түрде діндерге мейлінше бейтарап қарайды: ол діншіл де, дінге қарсы да сипатқа ие емес. Ал мұндай зайырлы елде дін қоғамнан аластатылмайды, керісінше дін ұстануға толық еркіндік беріледі және ешкімнің діни ұстанымы кемсітілмейді.

Кезінде Иран шығанағын ұлы парсы империясына айналдырған Ұлы Дарий патша: «Бір мемлекеттің баянды болуына тіл және дін бірлігі керек», - деп өсиет еткен. Қай мемлекеттің тарихын алсаңыз дін, ұлт, мемлекет байланысы бір бағытта, бір тұғырдан шығады. Себебі, дін мемлекет үшін рухани азық және елдің ауызбірлігін қамтамасыз ететін құрал болып келеді.

 

 А.Дүйсен

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ маманы                                                                                                

0 пікір