Дін бизнес па?
Дін бизнес па?
15.01.2024
610
0

Меккедегі суретін жарыса жариялап, қажылыққа апаратын турфирмаларды жарнамалап жүрген блогерлерден көз шаршап, құлақ ауырды. Мұсылмандық парызын орындау үшін сол жарнамаларға сеніп, жиған-тергенін турфирмаларға салып, соңында жер сипап қалған адамдар да аз емес. Сонда қажылыққа бару алдап-арбау мен бизнестің көзіне айналып кетті ме?

Өмірімізге әлеуметтік желінің енуімен бірге блогер деген маманмен таныс бола бастадық. Инстаграмдағы псевдопсихологтар, шөп дәрілер мен қызыл жіп сатқыштар, отырып алып ақыл айтып, курс сатқыштардың бәрін алғашында блогер деп біле қоймадық. Қазір кейбірінің қылығы әшкере болып, семинарына халықты афишамен жинай алмай қалса, көбісі тонын айналдырып киіп, басқа бағытқа ауысып кетеді. Мұның бәрі кеше болған оқиғалар, ал бүгін осындай жағдайлар қайталанбас үшін тәртіп керек екені байқалады.

Бізде ақпарат құралдары туралы заң бар. Тіркелмей, өз бетінше газет-журнал шығарып, телеарна аша алмайсыз. Осы заңнама арқылы мемлекеттік билік ақпаратқа монополия жүргізіп келді. Алайда ақпараттық технологияның дамуы, интернет, әлеуметтік медиа заманы билікті бұл монополиядан айырды. Ал ақпараттық технология БАҚ-тан басқа да ақпарат тарату каналдарын көбейтіп жіберді. Телеарнасыз-ақ көрермен жинауға болады, газет ашпай-ақ оқырманға сөзіңіз жетеді. Бұрын тек БАҚ арқылы болатын. Сондықтан БАҚ туралы заң тек БАҚ-ты реттейтін құрал болып қалды, ақпарат ағымын түгел реттей алмайды.

Ең әуелі қажылықтың мәніне үңіліп, бабаларымыз биік ұстаған, қадір тұтқан ұғым жайында ой өрбітсек. Негізінен, қажылық сөздiкте «қасиеттi жерге баруды ниет ету» дегендi бiлдiреді. Шариғатта арнайы уақытта, яғни қасиеттi рамазан айынан кейiнгi айдан бастап зұлхижжа айының 10-12 күндерiне дейiн арнайы мекенде, яғни Араб түбегінде орналасқан Мекке мен Мәдина қалаларында болып, бекiтiлген ихрамға кiру, Қағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында сағий жасау, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату сияқты амалдарды орындау болып табылады. Қажылықты, шариғат бойынша балиғат жасқа толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман ғана парызын өтей алады.

Әр жыл сайын қаңтар айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы бастаған делегация мен Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігіне қарасты мекемелер арасында келісім-шарт жасалады. Тек келісім-шартқа қол қойылғаннан кейін қажылықтың маусымдық жұмысы басталады. Осы мақсатта елімізден қажылыққа барады деген азаматтар үшін қажылық орындары алдын ала бекітіліп, ҚМДБ бас мүфтиі мен Сауд Арабиясы министрі негізгі келісім-шартқа қол қояды.

Сауд Арабия Қажылық және ұмра министрлігі 2024 жылғы қажылық маусымы үшін Қазақстанға 10 мың қажылық орнын ұсынды. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе көп (2023 жылғы квота саны 4 мың болатын). 

ҚМДБ коммерциялық емес мекеме болғандықтан, қажылықты ұйымдастыру жұмыстарын, яғни баратын азаматтарға қонақ үй және ұшақ билеттерін алу, транспорт қызметтерін бекіту секілді жұмыстарды туристік компанияларға береді.

Сондай-ақ, қазақстандықтарды 2024 қажылыққа апаратын туристік компаниялар тізімі де белгілі болды. ҚМДБ байқауына 31 туркомпания құжат өткізсе, олардың 17-сі ғана байқау талаптарына сай келген. 

Еске салайық, енді 15 желтоқсанға дейін тіркелген азаматтар ғана қажылыққа бара алады. Себебі Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігінің талабы бойынша «Қажылық-2024» маусымына биыл 15 желтоқсанға дейін қажылары тіркеліп біткен елдерге қажылық орындары бөлінеді. Яғни, 15 желтоқсанға дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне (қонақ үй, Мина, Арафат және тағы басқа қызметтер) қаражаты төленген кісі санының көлеміне сай, Қазақстан азаматтары үшін қажылық орындарының саны айқын болады.

Қазіргі таңдағы үлкен проб­лема үлкен қажылыққа апаратын опера­торларға емес, ұмраға апаратын туропера­торларға қатысты туындап отыр. Ұмраға апаратын туроператорлардың жұмысы елімізде ешқашан бақылаудан өтпеген. Оны кез келгені ұйымдастыра береді. Сауд Арабиясы кіші қажылықты ұйымдастыруды жеке фирмаларға беріп қойған. Сол компаниямен біздің турфирмалар келісім-шарт жасасқан. Адам жинап, сол жаққа жібереді. Сауд Арабиясында компаниялар қонақ үй дайындап, адамдарды күтіп алады. Визаны да сол жеке компаниялар береді. Ал үлкен қажылықта визаны Діни басқарма іріктеуден өткен туроператорларға таратып береді. 2019 жылдан бері екі елдің арасында туристік виза пайда болды. Ол бір жылға беріледі. Осылайша, Сауд Арабиясына барған адам үш айға дейін сол жақта қала алады. Елімізде 6 мыңнан астам туроператор, олардың арасында тәуелсіздік алғаннан бері осы салада келе жатқан сенімділері бар. Бірақ дінді түсінбесе де, ақша үшін адам жинап қажылыққа апаратын кәсіпкерлер көп. Яғни, виза шыққалы адамдар ұмраға апаруды кәсіпке айналдырып алды.

Екі елдің арасында туристік визаның ашылуы діни ахуалдың күрделенуіне алып келуі мүмкін. Себебі теріс ағымдағы азаматтар үш айға сол жаққа барып, «шейхтардан» сабақ алып рухани қуаттанып келеді. Түркия және басқа да Араб елдерінің ұстаздары шариғат бойын­ша білімі жоғары болса да, қазақтың ата-баба дәстүрімен келе жатқан дінін олар түсінбейді. Енді виза бір жылға берілгеннен кейін теріс ағымдар тарапынан қауіп екі есе күшейді. Ұмраға визаны туроператорлар ғана емес, кез келген адам рәсімдей алады. Олар құжаты жоқ болса да, сайтқа кіріп, виза жасата береді. Қазір ұмраға қажы­лықты бақылауға алу мүмкін емес. Сол жақ­тың жолын білетін адамдар 10-15 адамды жинап, алып кетіп жатыр. Начало формы

Олар көбіне қажылықты жарнамалап, діни насихат жасап, ұғым, түсініктерді тәпсірлеп жатады, мұны молдалар айтса бір жөн, олай жасайтындай блогерлер діни білімі бар адамдар емес. Осы дін мәселесіне блогерлердің араласып, діни кейіпке еніп, пәтуа айтып, ақыл-кеңес беруі дұрыс емес құбылыс. Ал қажылыққа келсек, ол туризм бизнесінің бір түрі, оның бизнес екенін дұрыс түсініп, ара-жігін ажырата білуіміз керек.

Алайда, блогер болсын, бақсы болсын, кім болса ол болсын, егер Қазақстанның заңнамасын жаза басса, яғни біреудің ар-ожданына нұқсан келтірсе, бассыздыққа барса, қоғамға зиян келтірсе, кез келген адамның заң алдында жауапкершілігі нақты әрі айқын анықталған.

 

Айдана Сейдуәлі 

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                        

 

0 пікір