Деобанд мектебінің ерекшелігі
Деобанд мектебінің ерекшелігі
09.10.2023
718
0

Деобанд мектебі – Үндістанда пайда болып, Оңтүстік Азия елдерінің ханафи мәзһабын ұстанатын мұсылмандар арасында кең тараған қозғалыс. Бұл жамағаттың негізін 1866 жылы үндістандық Мұхаммед Қасым Нанаутауи (1833-1883) мен Рашид Ахмад Гангохи (1829-1905) қалаған. Олар рухани бастау ретінде Моғол империясы тұсындағы реформатор, ғалым Шах Уалиулланың көзқарастары мен ұстанымдарын арқау еткен. Оның араб және парсы тілдерінде мұсылман ғылымының әртүрлі салаларына, негізінен хадис және сопылық салаларына қатысты көптеген еңбектері бар.

Деобанд идеологиясы Үндістанмен көршілес Пәкістан және басқа да мұсылмандар тұратын көптеген елдерге кеңінен таралды. Бүгінде Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Бангладеш және Азия, Африка, Еуропа елдерінде олардың 15 мыңнан аса медресесі және бірнеше университеті жұмыс істеуде.

Алғашқы кезеңдерде Ұлыбритания бодандығында болған Үндістанның солтүстігіндегі Деобанд елді-мекенінде «Дарул-Улум» діни мектебі ашылады. Деобанд мектебі отарланған мұсылман елдерінде Исламның фундаменталды негізін қайта қалпына келтіру, сондай-ақ мұсылман қоғамын Батыстың құндылықтары мен ықпалдарынан тазарту мақсатында құрылды.

Медресе құрушылардың көзқарасы мұсылман мәдениетін қорғау мен сақтауға бағытталғандықтан, бұл мақсатқа жету үшін бір ғана діни мектептің болуы жеткіліксіз деп санады. Сондықтан деобанд мектебінің негізін салушылардың ниеті бүкіл Үндістанда исламды дін ретінде сақтай алатын және елдегі мұсылмандардың діни білім қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын мүмкіндігінше көп медреселер құру болды. Бастапқыда деобанд ғалымдары өздерін деобандық деп атауға қарсылық білдіріп, олардың сүнниттік бағытқа тиесілі екенін түсіндіруге тырысты. Алайда, бұл атауды уақыт өте олар өздерінің ерекше жолы  ретінде қабылдады, бірақ сүнниттік қауымдастық шеңберінде қала берді.

«Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, профессор Асқар Әкімхановтың пікірінше мәзһабта деобандтықтар ханафи жолын ұстанады. Бірақ діни сенімде нақты матуридилік немесе ашғарилікты ұстанады деп айту қиын. Сонымен қатар деобандтықтар сәләфилік-уаһабилік ақиданы ашық теріс деп санамайды. Сенімдік тұрғысынан деобанд ғалымдары кітаптарында: «Бір жақты Матуриди емеспіз, бір жақты Ашғари де емес, екеуінің ортасындамыз», «біз ашғарилікке ойысқан матуридилерміз»-деп айтқан көзқарастары бар. Олар: «Негізіміз Матуриди ақидасы болса, бірақ соңғы кездерде толық Ашғари ақидасына өттік»-деп жазады. Деобанд мектебінің сенім тұрғысындағы ілімі толық ашғари ақидасында қаланады, бірақ оның өзін терең оқытпайды. Осындай жүйесіздіктің салдарынан күрделі мәселе орын алған. Бүгінгі таңда сол деобанд мектебінің ішінен кейбір таза сәләфилік ақидасындағы ұстаздар шығып, сәләфи ақидасы негізінде уағыз айтып жүргендері, кітап жазып жүргендері бар.

Біздің қоғамымызда сәләфи ақидасын ұстанатын адамдармен, ақидаға байланысты бірнеше тақырыптар арасында пікір талас туып жатыр. Сол мәселеде деобанд ғалымдарының көзқарастары қандай деген сұраққа келетін болсақ, олар барынша нейтралды ұстанымды ұстанғысы келеді. Яғни матуриди ақидасы мен ашғари ақидасын дұрыстығын алға тартады. Сонымен қатар Шейх Ибн Таймияның, Шейх Ибн Қайми Джаузияның, Мухаммад ибн Абдулуаххаб ақидасы дұрыс деп еңбектерінде келтірген. Деобанд өкілдері жоғарыда айтылған ақидалардың барлығын «әһли сунна» деген ұғымның аясында жинағысы келеді. Бұл – «диссонансты», яғни принципсіздік ұстаным десек қате айтқан болмаймыз. «Диссонансты» ұстаным бұл мүмкін нәрсе емес.

Деобанди жақтастастары мәуліт секілді дәстүрлі діни мерекелерді тойлауға, әулие деп саналған адамдардың кесенелеріне зиярат етуге қарсы. Бұлар олар үшін бидғат болып есептеледі. Олар теледидар көруге, музыка тыңдауға, суретке түсуге қатаң тыйым салады, саясатқа араласып, діни негізделген саяси партиялар арқылы белсенді жұмыс жасайды.

Деобанд мектебі негізінде Таблиғи жамағат ағымы мен Талибан қозғалысы пайда болған. Бұдан біз бүгінде Ауғанстандағы билікті қолдарына алған тәліптер мен таблиғшылардың арасында тығыз байланыс бар екенін көреміз. Бұл екі ұйымға да Қазақстанда экстремистік сипаты себепті заңмен тыйым салынған.

Сонымен қатар Қазақстан үшін деобандилер ұстанымы біздің қоғамда қалыптасқан мәдени және әлеуметтік құндылықтарға сәйкес емес. Себебі деобандтықтар қазақ халқының көптеген әдет ғұрыптары мен салт-дәстүрін дінге қайшы қойып, бидғат ретінде қарайды. Олардың еркек пен әйелдерінің киім кию үлгісі де өзгеше. Тұрмыстық жағдайы мен іс-әрекеті де біздің халықтың дәстүрінен, әдет-ғұрпынан ерекшеленеді. Деобанди өкілдері әйел затына тым қатал қарым-қатынасы үшін халықаралық ұйымдар тарапынан айыпталған.

Сондай-ақ, деобандтықтар басқа діни ағым өкілдеріне, әсіресе шииттерге қаталдық әрі төзімсіздік танытады, ал олардың тым радикалдары шииттерді бидғатшы әрі діннен безген (кәпір) деп санайды. 1980-90 жылдары деобандтардың Үндістанда сопылық жолын ұстанып, ұлттық ғұрып-әдеттерді құптайтын исламдық «Барелуи» қозғалысымен және шииттермен діни негізде дауласып, бірнеше рет қарулы қақтығыс ұйымдастырғандығы тіркелген.

Деобандилер қозғалысы діни негізде саясиланған деп айтуға болады. Пәкістан, Үндістан және Бангладеште олардың ресми тіркелген партиялары бар. «Лашкар-и-Джангуи», «Талибан», «Техрик-и Талибан», «Пакистан», «Сипах-и Сахаба» сынды деобанди жамағатымен байланысты әскери жасақталған бірнеше ұйымдар қарулы конфликтілерге жауапты болған. Деобандилік «Харакат әл-жиһад әл-исламия» қазір Кашмирді Пәкістанға толықтай қосу үшін қарулы және идеологиялық күрес жүргізуде.

Қорытындылай келе деобанд мектебінің «Талибан», «Таблиғ-и жамағат», шиитер мен сопылардың арақатынастарына, мемлекетаралық қатынастарға әсер етіп, кей жерлерде ушығуына себепші болды.

Бұл қозғалыс Пәкістандағы әр түрлі саяси партияларының қалыптасуына айтарлықтай әсер еткенін айта кеткен жөн. Ауған-Пәкістан шекарасында орналасқан Деобанди Хаккания университетінің көптеген түлектері кейін Ауғанстандағы маңызды қызметтерді атқарды. Деобанди қозғалысы жоғарыда аталған елдерден босқындар мен мигранттар ретінде қалған мұсылмандар арасындағы діни вакуумды толтыра алды. Кейіннен, XX-XXI ғасырлар тоғысында Деобанди идеологиясы Үндістан, Пәкістан және Ауғанстан мұсылмандары арасында тұрақтылыққа ие болып, осы аймақтардағы мұсылмандардың көпшілігі үшін қолайлы болып шықты.

 

Бердуәлі Өтеген

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

дінтанушы маманы                                                                       

 

0 пікір