Ата-ана разылығы
Ата-ана разылығы
28.02.2020
2039
0

Дүние бақытының бірі әрі бірегейі, бес күндік өмірдің қуанышы мен шаттығы, қайсыбір адам үшін жанына ең қымбат болған, әлемнің қай шетіндегі халық болсын сыйлысы, қадірлісі атанған бір жандар бар. Ол - ата-ана. Тоғыз ай, он күн бойы жатырында сақтап, қиналып, беломыртқасы қисайып, қиыншылық көрген ананың қарызын өтеп біту ешқашан да мүмкін еместі. Босанар сәттегі қиыншылығын, сәбиі дүниеге келген соң перзентіне деген шексіз махаббаты, көрген қиындықтың бәрін ұмыттырып жібереді. Басына күн туғанда өзін өлімге қиып, баласын құтқара тұғында ата-ана. Баласы үшін өмірдің барлық ауырытпалығына көндігіп, тағдырдың сыйы деп қана қабылдап, тағдыр тауқыметін тартса да жылуын, шуақ нұрын баласына аямай, Жаратқаннан тілеуіңді тілеп, медет сұраушың. Әлемнің тең жартысын билеген небір патшалар да, ілімімен танылған ғалымдар да, әлемдерге жарық нұр әкелген пайғамбар да ата-анадан тарайды. Сол себепті дін ислам балаға ата-анасына құрмет көрсетуді міндеттеген. Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алла тағаланың ашуы – ата-ананың ашуында деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ата-анаға әсте қарсы шықпауға шақырады. Алла Елшісі (с.ғ.с): Әке жәннаттың ортаңғы қақпасы. Қаласаң оны тәрк ет, қаласаң сақта деп ескертеді және тағы бір хадисінде перзент әкесінің құнын әкесін құлдықтан сатып алып, азат еткен жағдайда ғана өтей алады деп перзентке әкенің орнын ардақтауды міндеттейді.

«Ата-анаң жынды болса байлап бақ», - деген сөз бар халқымызда. Адам жыл сайын жасармайды. Уақыт өте келе бетіне әжім түсіп, қартайып, таяқ сүйенуі табиғаттың заңдылығы. Ал осындай шақта ата-анаға қарамай, әрісі үйден қуып, қарттар үйіне апарып жатқаны қазіргі қоғамның ащы да болса шындығы. Сенің табаныңа кірген тікен, менің маңдайыма кірсін деген ата-анаға қиянат жасау өте өкінішті жағдай. Себебі Алла Елшісі (с.ғ.с) «Ата-анасы қолында қартайып, жәннатқа кіре алмағанның жағдайы қандай өкінішті», - деп ата-анаға жақсы қарауды өсиет етеді. Хақтың разылығы халықтың ішінде деген. Пайғамбар Мұхаммедтен (с.ғ.с)  жеткен бір хадис шәрифте «Береке үйге сәбилермен қарттар арқылы кіреді» - деу арқылы несібені қарттарға қараумен жасырып қойған. Мұндай қасиетті, қадірлі жандарға  Жаратушы да құрмет көрсетуді бұйырған. Сондықтан да Ұлы Жаратушы Алла Тағала ата-анаға лайықты түрде құрмет қылып, сыйлауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде Исра сүресінің 23-24 аятында«Раббың тек қана өзіне ғана құлшылық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды да солай мейіріміңе бөлей гөр» - деп бізге бұйырады. Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) кезінде дін исламды қорғау үшін сахабаларына жиһадты (дін үшін соғыс) насихаттап, ең үлкен сауапты істің біріне жатқызды. Алайда ата-анаға қамқорлық жасауды жиһад жасауданда жоғары бағалады. Алла Елшісіне келіп жиһадқа сұранған жас жігітке: «Анаң тірі ме?»,- деп сұрады. Тірі екенін айтқан кезде «Анаңның аяғына жармас. Жәннат – аналардың аяғының астында», деп тоқтатқан екен. Ілгеріде Құдайдың сүйікті құлдарының бірі болған Баязид Бистами туралы мына бір оқиғаны жеткізейін. Медресеге білім алуға барып жүрген шәкірттерге ұстаз: Жәннаттан бір уыс топырақ алып келуді бұйырады. Ертесіне Баязид қана бір уыс топырақты ұстазына ұсынады. Сонда ұстазы: Мұны қайдан алдың дегенде анамның аяқ киімінің астындағы бір уыс топырақ деген екен.  

Расында ең үлкен күнәлардың бірі де осы ата-анаға қарсы шығу. Бұл жайында Алла елшісі былай дейді: Бір күні Пайғамбарымыз сахабаларына: Сендерге күналардың ең үлкені қайсы екенін айтайынба?- дегенде, сахабалар: «Ия бізге қайсылары екенін үйрет»,- деді. Сонда Алла Елшісі  (с.ғ.с): «Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу, нақақ адам өлтіру, өтірік айту» - деп айтқан екен. Ата-анаға деген перзент борышы өмірден өткен соң да жасалуы қажет екен. Бұхаридан жеткен хадисте: «Адам қайтыс болғанда амал дәптері жабылады. Тек мына үш нәрсемен сауабы жалғасады: сауабы үздіксіз келетін садақа, адамдардың игілігіне жараған ілім және артынан дұға жасайтын салиқалы ұрпақ»,- деген екен.    

          Халқымызда анаңды Меккеге арқалап барсаңда қарызынан құтыла алмайсың деген сөз бар. Ия, бұл шындық. «Зиярат қылып сиынсаң, кем емес құбыла Меккеңнен», - деп Майлықожа ақын толғағандай  ата-анаға құрмет, қызмет көрсетіп, разылығын алу әрқайсымызға міндет. Перзент үшін ата-ананың батасын алу асқар тауларды бағындырар сарқылмас қуат-күш. Ендеше Жаратушының разылығына бөленуді қаласақ, айрықша құрмет көрсетуді бұйырған ата-ананың қарғысын емес, алғысын алуға ұмтылайық.

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Созақ ауданындағы теолог маманы  Қ.Қосмаханов

0 пікір