Зайырлы қоғамдағы мектеп
Зайырлы қоғамдағы мектеп
31.10.2023
759
0

         Қазақстан қоғамы түрлі ұлттар мен ұлыстар және дін өкілдері қатар өмір сүретін киелі шаңырақ. Шаңырақтың шайқалғанын көздейтін түрлі арампиғылды саяси топтар мен қатар қой терісін жамылған қасқырлар секілді болған діни ағымдар бар екендігі мәлім. Діни ағымдар арагідік қоғам арасына лаң салып, кейбір мәселелерді ашық талқылауға салып, арандатушылық әрекеттерімен айналысып жатады.

         Білім алу – адамзат баласының қол жеткізген ақыл, парасаттың түбірі. Білім алу арқылы ғана ақ пен қараны ажыратып, ненің дұрыс немесе бұрыс екендігін сезіне аламыз. Дана бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша қалдырған рухани мұралары ұшан теңіз. Әлемнің екінші ұстазы болған әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқариден бастап, бермен қарай қазақ ақын-жырауларының керемет туындыларымен жалғасып, Алаш зиялыларының ақиқатымен ұласып, өзіндік бір білім беру формасы қалыптасқан болатын.

         Тәуелсіздік алғалы бері жыл сайын жүргізіліп, білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар біздің болашағымызға салынып жатқан даңғыл жол деп айтуымызға болады. Себебі, қай мемлекеттің болмасын даму жолы, яғни экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей апарар жол – сол елдің білімінің дамуы болып табылады. Яғни, болашақта дамыған алпауыт мемлекеттердің қатарында боламыз десек, жастардың біліміне мән беруіміз қажет. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстаушы білікті маман, ел тағдырын шешуші азамат. 

         Зайырлы мемлекеттің қағидасына сәйкес, діни білім беру ошақтарын қоспағанда, білім беру орындарында діни негізде сабақтар жүргізілмейді. Осы қағиданы кей кездері оқушыларымыз ұмытып кететін жәйттер кездесіп жатады.

         Қазіргі біздің қоғамда күз мезгілі келісімен жас өрең оқушылармызды білім күнімен құттықтап, мектеп табалдырығына жол ашамыз. Мектебіміз талай-талай замандардан бері рухани ордамыздың түбірі әрі қазығы. Дәл осы уақытта жыл сайын қайта көтерілетін тағы бір мәселе – орамал дауы. Орамал дауы қазақ халқын бір-біріне қарсы қойып, алдап соғу іс-әрекеттері  ме?-деп қалатын жағдаяттар кездеседі.

         Орамал мәселесін айтпай жатып ол туралы Заң не дейді соны ұғынғанымыз абзал. Ата Заңымызда еліміз өзін зайырлы мемлекет ретіде анық айқындайды. Яғни еліміздегі діни білім беретін оқу орындарын қоспағанда, барлық басқа білім ошақтары зайырлы сипатта жүргізеді. ҚР Конституциясының 30-бабының 1-тармағы бойынша азаматтар мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Яғни әрбір еліміздің азаматы орта білім алуға міндетті. Ал кез келген оқу орны арнайы мемлекет бекіткен білім берудің жалпыға бірдей міндетті стандарттары бойынша қызмет етеді. ҚР 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 «Білім туралы» Заңының 3-бабы 4-тармағында білім берудің жалпыға зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипаты білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты екендігі анық жазылған.

         ҚР «Білім туралы заңының» 5-бабының 39-тармағы бойынша: «Білім беру саласындағы уәкілетті орган орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекітеді. Елімздің білім саласында 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес мектеп формасында түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды деп жазылған. Бұған қоса осы бұйрыққа сәйкес оқушылар арасындағы әлеуметтік, мүліктік және басқа да артықшылықтардың болмауын талап етеді. яғни №26 бұйрық тек орамалға ғана қатысты заң талабы емес, бұл арнайы мектеп оқушылары арасында әлеуметтік, мүліктік және діни көзқарастары тұрғысынан әр алуандылыққа жол берілмейтіндігін тайға таңба басқандай етіп анық көрсетіп отыр. Осы мәселені дұрыс бағамдай алуымыз қажет.

         Еліміздегі орамал мәселесін көтеретін және талап ететін азаматтардың өздері де әр алуан. Оның негізгісі деструктивті діни ағымдар тарапынан жасалынатын іс-әрекет. Мектеп табалдырығындағы орамал дауының бір шетін ашып қарасаң белгілі бір діни ағымға тиесілі азамат екендігі анықталады. Өрімдей жасқа өзінің діни идеологиясын тықпалап, балалардың миын ашытып жатқан түрлі дін ағымын ұстанушы азаматтарды көзіміз көріп, құлағымыз да естіп жүр.

         Дәстүрлі дінді ұстанушы азаматтардан бұл мәселе көтеріліп жатады. Бірақ арнайы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілгеннен кейін діннің негізі сыртқы формада емес ішкі рухани талпыныста екендігін аңғарып еліміздің заңына бағынып жатқан азаматтар да аз емес. Деструктвиті діни ағым мүшелері қоғам арасында бүліктер шығарып, мектеп табалдырығын білім алатын емес, дау тудыратын жер де етіп алғандары да кездеседі.

         Біз бір дүниені түсінуіміз қажет. Қазақстан Республикасы бір ғана дін немесе бір ұлттан тұратын мемлекет емес. Еліміз сан алуанды мемлекет. Еліміздің ірі мегаполистерін және үлкенді-ірілі қалаларды қарасақ жағдай мүлдем өзгеше. Мемлекет егер де діни конфессияларға қатысты киім элементтеріне рұқсат берсе, мектеп білім ошағы емес, таза діни тартыс дискуссия алаңына айналады. Мысалы бір сыныпта жиырма оқушы оқиды деп алсақ үлкен қалаларда бір сыныпта түрлі ұлт өкілдері мен қатар түрлі дінді ұстанатын оқушылар да бар. Бірі ислам дініне қатысты киім үлгісін тұтынса, бірі христиандық, бірі иудейлік, бірі басқа бір діни ұйымға тиесілі киім үлгісін киді делік, бұл жерде ешқандайда бір білім мен тәрбие ордасы емес, бір-бірін жек көретін тек өзінің ғана дінін дұрыс санайтын өшпендігі басым жастарды тәрбиелеуіміз мүмкін. Бұл процесс өз кезегінде радикалды көзқарастарға алып келуі мүмкін. Бұл ортада үлкен хаос болады.

         Қорыта келе мемлекетіміз зайырлы мемлекет. Зайырлы мемлекет қағидаттарына сәйкес еліміз конфессияаралық келісімнің озық үлгісін көрсетуі қажет. Дәстүрлі емес діни ағым мүшелері біздің елімізге ешқандай қаупіміз жоқ деп, еліміздің басшысы Президент не айтса, сонымен жүреміз деп құлаққа жағымды ұрандарын айтып жатады. Дәл осы орамал мәселесіне байланысты Президентіміз Қ.К.Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде мынадай мәлімдеме жасаған болатын: «Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын», – деді мемлекет басшысы. Президентіміздің дәл осы мәлімдемесі ораланған орамал мәселесіне нүкте болуы қажет.

 

 А.Тағай

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ бөлім басшысы м.у.а.                                                

0 пікір