Ұлы Дала төсіндегі – Түркістан
Ұлы Дала төсіндегі – Түркістан
21.11.2019
817
0

 Тәуелсіз мемлекетіміз өркениетті әлемге танылып, Елдігіміздің берік іргетасы қаланып, қасиетті де киелі құндылығымыз – Тәуелсіздік-халқымыз үшін жаңа өрлеу жолын ашты. Қазақ елінің кемел келешегі бүгінгі қоғамның салиқалы, сабырлы, білім мен еңбекке құштар, рухы биік, ұлттық дәстүрге адал, жан-жақты жетілген азаматтық ұстанымы айқындалған өркениетті және патриоттық бағыт-бағдарды ұстануын талап етеді.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тақырыптағы кең ауқымды мақаласының негізгі мазмұны еліміздің терең тарихының толқынында жатқан дәстүрлі құндылықтарымызды заман талабына сай етіп жаңғырту болып табылады. Өкінішке орай кешегі Кеңестік жүйенің күшпен мойындатуға тырысқан коммунистік идеологиясынан кейін Тәуелсіздік жылдарында араб дәстүршілдігін насихаттаушы дін атын жамылған саяси топтардың жастардың, азаматтарымыздың санасын басқа арнаға бұруға, біздің діни көзқарастарымызды өзге түсінікке бұрмалауға тырысып жатты. Осынау бір өркениеттер мен мәдениеттердің өзара ақпараттық соғыс алаңына айналған мына заманда Елбасымыз өзінің сарабдал саясаткер һәм кемеңгер көшбасшы екендігін осы бір мақаласымен тағы бір дәлелдеп берді деп толық сеніммен айта аламыз.

Дәстүрлі діндердің басты мақсаты ел мұсылмандарын қазіргі заман талабына сәйкес жан-жақты білімді болуға, ізгілікке, зайырлы мемлекет құрылымына құрметпен қарауға шақыру, түрлі ағымдарға бөлінуіне жол бермеу, өзге діндер өкілдерімен бейбіт, ынтымақта тіршілік етіп, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтаудағы тәжірибені одан әрі нығайтуға үлес қосу болып табылады.

Тарихтың терең қатпарлы беттерін парақтасақ түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының тарихында, мәдениеті мен салт-дәстүрінде, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде ислам дінінің орны ерекше. Әдет-ғұрыптарымызбен астасып, салт-дәстүрімізбен біте қайнасқан дәстүрлі ислам құндылықтарын бүгінгі таңда мәдениетімізден әсте бөле-жарып қарастыра алмаймыз.

Уақыт, әр кезеңде өз саяси тұлғасын тудырады. Біз – халықымыздың аса көрегенділігімен дін мен дәстүрді ұштастыра білген, оны өмір сүру мектебіне айналдырған елміз. Ежелден рухани астана саналатын Түркістан қаласын мемлекет басшысының бастамасымен Ұлы Даланың ұлағатын ұлттық тарихымыздың мазмұнымен ұштастырып, жаңа тарихтың парақтарын көз алдымызда жазып, жаңартып жатырмыз.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.

Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды.

Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан» - деп түйіндесе, «Тарих толқынында» атты кітабында «Егер қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Яасауидің Диуани хикметтері («Даналық сөздері») сөзсіз оның бір бөлігі болып кіруге тиіс» - деп руханиятымыздың бір парасын айтып отыр.

Қазіргі таңда еліміз бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2700-ге жуық мешіт үздіксіз жұмыс істеп тұрған болса, біздің Түркістан облысы көлемінде 735 мешіт-филиалдары жұмыс атқаруда. Бұл дегеніміз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін саласындағы бағыты айқындалып, жұмысының жүйеленгенін білдіреді. Осы тұста, тәуелсіздік алғаннан бүгінгі күнге дейін түйіткілі оңтайлы сәтімен шешіліп келе жатқан мәселенің бір қазақ халқының ислам дініндегі өз мектебін қалыптастыру. Рас, ата-бабамыз дінсіз болған жоқ. Тіпті, бабаларымыз исламның шарықтау шегіне дейін көтерілгеніне тарих куә. Десек де, кешегі отарлау саясаты мен Кеңестік идеология тұсында халқымыз асыл дінінен біршама қол үзіп қалғаны ақиқат. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ барлық жалтырағанды дін деп қабылдаған жастар да жетерлік. Осы олқылықтардың орнын толықтыру мақсатында еліміздегі ислам дінінің төл мектебі қалыптасып келе жатыр деп айта аламыз. Ал, біз жоғарыдағы санамалап өткен Әл-Фараби, Қ.А.Ясауи, Ж.Баласағұни, М.Қашқари, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлы секілді тұлғалар қазақ халқының төл мектебінің тіректері екендігі сөзсіз. 

Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Қазір бүкіл түркі әлемі Түркістанды рухани орталығы санайды. Түркістан – күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі мекен. «Ұлы жібек жолының» ортасындағы ең үлкен қала, күллі түркі жұртының тарихи һәм рухани астанасы. Мұнда жатқан тарихи, діни тұлғалар халқымыздың тарихының негізі деп айта аламыз. Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түрік жұртшылығына қасиетті әрі қадірлі мекен.

Сөз соңын ҚР Тұңғыш Президенті,  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы мына бір оймен түйіндесек: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы». Жастарымыз бен жасөспірімдерімізге адастырмай жол көрсету, рухани нәр беру, жаңадан құрылған облыс орталығын түлету Сіз бен бізге артылған аманат пен сенім деп білемін.

 

Халықов Медет Мұзапбарұлы

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

директоры м.а.

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір