Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны
Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны
03.09.2020
11019
0

Қазақ халқы ерте кезден бастап даналығымен, даралығымен, ақылдылығымен, көрегендігімен ерекшеленіп келеді.

Ұлттың ұлт екенін танытатын оның тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, фольклоры. Қазақ халқы бұдан кенде емес. Халық аузында жүрген әрбір мақал-мәтелдің немесе тыйымның өз тәрбиелік мән-мағынасы бар. Бірақ, қазіргі жаһандану заманында бұл құндылықтар өз бағасын жоғалтып, өткеннің еншісінде қалып бара жатқандай. Оны айтып, ескеріп отыратын көнекөз қарияларымыздың да бүгінгі келбеті мүлдем бөлек. Ақ жаулығын таққан әже мен ақ сақалы мен тақиясы бар атаны бүгінде кезіктіру өте қиын. «Заманына қарай адамы» дегеннің әсері болар. Заман талабына қарай өзгере беретін болсақ, ұлттық құндылық түгілі, шыққан текті ұмыту қиын емес. Өйткені бүгінгі «заманауи» жас отбасылар ата-ана қадірі, туыстық байланыс, салт-дәстүрді біле бермейді. Барлығына топырақ шашудан аулақпыз. Бұның барлығын өте жақсы білетін де жандар жетерлік. Өйткені, олар «отбасыдан» тәлім алған. Сол алған білімді ары қарай өз ұрпағына үйретіп, үнемі қайталап отырады.

Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта  тәрбиеленген  ұрпақтан, халқымыздың қажеті  мен мүддесін жоқтайтын, пайдалы азамат шықпайды», - деген сөзі бар. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде оның ататегін қоса үйреткен жөн. Жан-жақты болсын деп бірнеше шет тілін үйрету, бос уақыты болмасын деп түрлі үйірмелерге жазып қою бүгінгі күннің «тенденциясы» деп те айтуға болатын шығар. Өзге тілді үйренемін деп, ана тілін білмей жүрген талай қара домалақтарды көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Сонда өз тілін білмеген бала өзге тілді қалай сыйлайды?! Әрине, әркімнің өз таңдауы бар. Бірақ, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтардың өз алар орны бар екенін жас ата-аналар ұмытпаса екен дейміз.

Дархан даланың кеңдігіндей халқымыз салт-дәстүрге бай. Ұлт пен ұлттың бір-бірінен айырмашылығын осы байлыққа қарап ажыратуға болады. «Дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен тозығы бар», - деген сөз бар халқымызда. Заман дамыған сайын, ұлттық дәстүр де жаңаша сипат табады. Көнерген деп әр салтты шетке ысыра беретін болсақ, ұлттық құндылықтың қадірі кетеді. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назабаевтың «Біз тәуелсіздікпен бірге тілімізді түлеттік, дінімізді өркендеттік, тамырымызды жалғап, салт-дәстүрімізді жаңғырттық», - деген сөзі бар. Ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр – ұлттық болмысымыздың көрінісі. Сол үшін, келер ұрпақ атадан қалған малды емес, сөзді, дәстүрді қадірлеп, оны ары қарай жаңаша үлгіде түлетсе екен деген тілек бар. «Салтын сақтаған ел жойылмайды» дейді дана халқымыз. Атадан көргенді қайталау ұят емес, оны біліп тұрып істемеу ұят болар.

Көз тартар ғажайып табиғаты, ешкімге ұқсамайтын салт-жоралғысы,  қайталанбас ұлттық киімдері мен қонақжайлылығы, мәдениеті әрқашан алыс-жақын елдерді таңдай қақтырып жүргені баршамызға мәлім. Халқымыздың күнделікті тұрмыста қолданған киім-кешегінен бастап, мәдениетіміз, әдебиетіміз, тіпті, ырым-тыйымдарымыздың барлығы – ұлттық құндылықтарымыз болып табылады.

Халқымыз үшін ең маңызды құндылық, әрине, ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ жеріміз, көрсе көз сүйсінер табиғатымыз. Осы қасиетті мекенді қорғап қалу үшін біздің ата-бабаларымыз қаншама қан мен тер төккені баршамызға мәлім. Біздің айтпағымыз, мейлі, көлемі жағынан жер-жүзін толық қамтитын ұлан-ғайыр жер болсын, мейлі, ұлтарақтай ғана бір елді-мекен болсын, аталарымыз осы киелі жерді жан ұшыра қызғыштай қорғады. Себебі олар елін, жерін қорғау – аса маңызды да абыройлы міндет екенін жақсы түсінді.

Әуелі Алла одан кейін сондай арыстан жүректі қаһармандарымыздың арқасында Ұлы даланың қасиетті топырағында Әл-Фараби мен Абай, Мағжан мен Шоқан, Әз-Тәуке мен Абылай секілді ұлы тұлғалар дүние есігін ашты.

Өзгермелі дүниеде өзгермейтін бір ғана нәрсе болса, бұл – ұлттық кодтың, өз тамыр-тарихың шығар деп ойлушы едік. Ғасырлардың қыртысы қалыңдап, дәуірлердің  әжімі тереңдеген сайын баба қаны да сұйылады, тарих та тұманданады екен. Сонда, өткен мен бүгін арасында көпір боларлықтай не қалды? Кеше мен келешектің тігісін жатқызар мызғымас тұрақты, нәзік те қуатты дәнекер бар ма?  Міне, «ұлттық құндылық» ұғымының өміршеңдігі осындайда көрінеді. Расында, болашаққа бет түзеген көштің тұсбағдары да осы ұғым болмақ. Санасына ұлағат сіңген ұрпақ болмаса, «ұлт құндылығының не екенін тап басып айтатындар санаулы емес пе екен?» деген суық ой сығалап тұрғанын да жасырмаймын. Кеңістік кең болған сайын адасатының сияқты, тақырып терең болған сайын батып қалмауға тырысасың. Биіктік пен тереңдіктің ортасында шарқ ұрып, бұл сұраққа да жауап іздеп көрелік.

Табиғаттың заңы тұтас тіршілікке ортақ екенін ескерсек, адам тұрмақ айуанның өзі өз тобырынан алыс кете алмайды. Жан-жануар, шыбын-шіркейдің де туылған ортасына орай, табиғи қауымдастығы бар. Сол ортаның қамын да, нанын да жейтін өздері. Сырттан келіп біреудің табынын қорғап беретін жыртқышты, басқа омартаға бал таситын араны көріп пе едіңіз? Сол секілді, адамның өзі туған жеріне, өскен ортасына, отанына деген тартылысы – табиғи құбылыс. Бұл табиғилық, ең алдымен, отбасында көрініс беретіндіктен, «ұлттық құндылықтар» жанұядан басталуы керек.

Сөзіміздің түйіні, Ұлтты – отбасы ұғымының ұлғайған түрі деп түсінеміз. Сондықтан, ошағының басында тілі мен ділі, діні мен дәстүрі дәріптелмеген ұрпақтың ұлт туралы ойы да шолақ болмақ. Мұхтар Шахановтың: «Адaм қанша болғанымен дарынды әрi табанды, Туған жерiн сүймeй тұрып сүймeк емес ғaламды» деген өлең жолдары осы ойымызды қуаттап тұрғандай.

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                                      Д.Аманов

0 пікір