Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани діңгегі, ұлттық болмысының алтын арқауы – үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету. «Төріңде қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген дана бабаларымыз қарияларды отбасының берекесі, әулеттің ұйытқысы, бүкіл қоғамның ақылшысы санаған. Ақсақалдың батасын алу, әженің өнегелі әңгімесін тыңдау – әрбір қазақ баласы үшін өмірлік мектеп еді. Алайда соңғы жылдары қарқын алған жаһандану үдерісі, ақпараттық ағындардың тасқыны мен урбанизацияның әсерінен осы бір асыл құндылықтарымызға сызат түсе бастағаны жасырын емес. Бүгінде қоғамдағы ең өзекті әрі жан ауыртатын, елдігімізге сын болып тұрған мәселелердің бірі – үлкенге құрметтің азаюы мен перзенттік парыздың ұмытылуы.
Бұрынғы қазақ қоғамында «қарттар үйі» деген ұғым мүлде болмаған. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған текті ел ата-анасын қартайған шағында далаға тастамақ түгілі, олардың көңіліне титтей де кірбің түсірмеуді өзінің ең басты адами міндеті санаған. Ұлы Абайдың «Ата-анаға көз қуаныш» деп жырлауы, Шәкәрім қажының үлкенді сыйлау туралы өсиеттері ұрпақ санасына ана сүтімен дарыған. Ал қазіргі таңда еліміздің әр өңіріндегі қарттар үйлерінде көздері жәудіреп, терезеге телміріп, перзенттерін күтіп жүрген ата-әжелердің қатары сиремей тұр. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – кезінде балаларын бағып-қағып, түн ұйқысын төрт бөліп, оқытып, қатарға қосқан, алайда қартайып, күш-қуаты кеміген шағында сол өз ұрпағына «артық жүк» болып қалған жандар. Бұл – ұлттық тәрбиенің әлсіреуі мен қоғамдағы мейірімсіздіктің ең айқын әрі ащы көрінісі.
Перзенттік парыздың ұмытылуы тек ата-ананы қарттар үйіне өткізумен ғана шектелмейді, оның көріністері күнделікті өмірде де жиі кездеседі. Күйбең тіршілік пен жұмысбастылықты желеу етіп, апталап, тіпті айлап ата-ананың хал-жағдайын сұрамау, бір ауыз жылы сөзге сараңдық таныту, олардың өмірлік тәжірибеден туған ақыл-кеңесін «ескіліктің сарқыншағы» деп менсінбеу де – құрметтің жоғалуы. Көптеген жастар материалдық құндылықтарды, мансап пен жеке бастың қамын алдыңғы орынға қойып, рухани байлықты, ата-ана алдындағы қасиетті жауапкершілікті екінші кезекке ысырып қойды. Тіпті қарт кісінің мардымсыз зейнетақысына ортақтасып, баспанасын алдап-арбап тартып алып, өз әке-шешесін далаға қуып жіберетін тасжүрек, қатыгез ұрпақтың шығуы қоғамды қатты алаңдатады. Сонымен қатар, қоғамдық көліктерде үлкен кісіге орын бермеу, көшеде қарияларға дөрекі сөйлеу сияқты әдепсіздіктер де қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Бұл рухани дағдарыстың түп-тамыры неде? Біріншіден, отбасындағы тәрбиенің олқылығы мен ұрпақтар сабақтастығының үзілуі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ата-анасына қалай қарағаныңды, оларға қандай құрмет көрсеткеніңді көріп өскен бала ертең саған да дәл солай жауап береді. Себебі бала сөзден емес, істен тәрбие алады. Екіншіден, жаһандық ақпараттық кеңістіктің теріс ықпалы. Батыстық индивидуализм мен «тек өзің үшін өмір сүр, ешкімге міндетті емессің» деген жат қағидалар әлеуметтік желілер мен бұқаралық мәдениет арқылы жастардың санасын улап, ұжымдық және отбасылық жауапкершілікті әлсіретуде. Үшіншіден, қоғамдағы мейірімділік, қайырымдылық және бауырмалдық сияқты асыл қасиеттердің тапшылығы.
Ата-анаға құрмет – жай ғана сыртқы әдептілік немесе салт-дәстүрді сақтау емес, ол әрбір саналы адамның ең биік адами борышы, ар-ожданының басты өлшемі. Бала кезімізде табанымызға кірген шөңге маңдайымызға қадалмасын деп тілеген, барын аузымызға тосып, жылы-жұмсағын бізге берген асыл жандарға қартайғанда сүйеу болу -перзенттің ең қасиетті парызы. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген халық даналығын әрбір отбасы өмірлік ұстанымға айналдыруы тиіс. Үлкенді сыйлау қоғамдық орындарда ізет көрсетуден басталып, ата-ананың қарттық шағын уайымсыз, бақытты әрі мағыналы етумен жалғасуы керек.
Қорыта айтқанда, ұлттың болашағы жарқын, іргесі берік болуы үшін біз өзіміздің төл тамырымызға, ата-бабамыздың ғасырлар сүзгісінен өткен асыл дәстүріне қайта оралуымыз қажет. Балабақша мен мектеп қабырғасынан бастап жас ұрпақтың бойына үлкенді құрметтеу, ата-ананы қадірлеу, мейірімділік таныту сынды ізгі қасиеттерді сіңіру – кезек күттірмейтін ортақ міндет. Бұл бағытта тек ата-ана ғана емес, ұстаздар қауымы, зиялылар мен бұқаралық ақпарат құралдары да белсенді жұмыс атқаруы тиіс. Себебі, қартын қадірлемеген елдің болашағы бұлыңғыр, ал ата-анасының ақ батасы мен разылығын алмаған перзенттің өмір жолы ешқашан ашылмайды. Әрбір жан осы өмірлік ақиқатты терең түсініп, кеш болмай тұрғанда ата-анасына деген шынайы махаббаты мен құрметін сөзбен емес, күнделікті игі ісімен дәлелдеуі керек.
Һ.Ұлыхсат
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru