ТАКФИРЛІК және КҮПІРЛІКПЕН АЙЫПТАУ
ТАКФИРЛІК және КҮПІРЛІКПЕН АЙЫПТАУ
29.07.2020
1183
0

Соңғы кездері такфиризм әлеуметтік желілерде мұсылмандар арасында вирус сияқты таралуда. Түрлі діни ағым өкілдері, керіағар діни бағыттың жақтаушылары  демократиялық, зайырлы мемлекеттерді күпірлікпен айыптап жүргендерін көруге болады. Тіпті дін туралы өз пікірін білдірген адамға немесе кейде дінге қатысы жоқ мәселені қозғаса да, енді сен такфирсін деп жария түрде айыптап діннен шығырады. Дәрінің өзі шектен тыс көп болса, ол уға айналады. Сондықтан шектен шығудың бәрі зиянды. Әр нәрсенің өз шегі болады, бұл дінге де қатысты. Деструктивті дін өкілдерінің басты қателігінің бірі қарапыйым адамдарды күпірлікте айыптау. Намаз оқымайтын адамдар мен діннен хабары жоқ адамдарды дінсіз деп сөгу, оларға күпірлік үкімін беріп, ауыр айыптайтын көзқарасты ұстану.

Әуелі намаз оқымығандарды кәпірге теңейтін, енді парыз намазын орындап,  Алланың үйі мешітке барып жүрген бауырларымызды және имамдарымызды «сен адасқансың» деп кінә тағып жүр. Сондағы оның діни дүниетанымы олардың дүниетанымынан өзгеше болғандықтан болар. Мұсылманды және кез-келген адамды себепсіз, дәлелсіз күпірлікпен айыптаудың қауіпті екенін әрбір ислам діннен хабары бар адам біледі.

Енді олардың айып таққан куфр (күпірлік) сөзі,  – араб тіліндегі «ка-фа-ра» етістігінен шығып, «жабу, жасыру, қарсы шығу», - деген мағынаны білдіреді. Такфир – бұл ислам дінін ұстанатын адамды күпірлікке түскені үшін діннен шығару. Ислам дінінен шыққан адамды «кафир» деп атайды. Қазақ тілінде әрине кәпір дейді.

Ислам ғалымдары арасында адамның иман сенімінен күпірлікке ауысуының сыртқы белгілері бойынша ғалымдар арасында келіспеушіліктер бар. Алайда Әһлі Сүннет ақидасына сәйкес адам келесі жағдайларда діннен шығады:

- Алланың барын, Оған адамдардың сиынуға лайық екенін қабылдамау;

- Алладан басқа, құдайларды немесе ғибадат ету нысандарын тану;

- Алланы қандай да бір материалға, затқа теңеп тану;

- Алланың есімдерін олардың сыртқы мағыналарына қайшы келетін сипатта түсіну;

- Пайғамбарлықты және оның  ілімдерін теріске шығару;

- Құранда және хадистерде аталған пайғамбарлардан бас тарту;

- Пайғамбарларды құдайға теңеу;

- Пайғамбарларды қорлау;

- Әулиелер мен тақуаларды пайғамбарлардан жоғары дәрежеде тану;

- Құраннан және оның кез-келген бөлігінен бас тарту және т.б.

Муртадд.  Діннен шыққан адамды шариғатта «муртадд» дейді.  Муртадд – баста мұсылман болып жүріп, кейіннен басқа дінге өткен немесе ешбір дінге өтпесе де күпірлі сөз айтып, діннен шыққан адамды айтамыз. Ислам ғалымы Омар Насухи Білмән: «Хуқуқи Исләмия уә ыстылахатуль фиқһия» атты еңбегінде діннен шығаратын жағдайларды төмендегі төрт бөлімде қарастырған:

1. Сөз. Бұл – күпірлікті тудырар сөздерді айтқан адамға қатысты. Мысалы, Ислам дінінен шығатынын ашық айтса, немесе діндегі бұлтартпас дәлелдермен бекітілген діни негіздер мен үкімдерді өтіріксінсе, яки, Алла мен Пайғамбарға, періштелеріне т.б. тіл тигізсе, ондай адам – діннен шығып, кәпір болады.

2. Іс-әрекет. Бұл – күпірлікті тудыратын амал жасау арқылы көрініс табады. Мысалы, пұттарға, күнге, айға  ғибадат етсе кәпір болады. Құран Кәрімді аяқпен басып, қоқысқа тастап қорласа, онда да діннен шығады және т.б.

3. Сенім. Исламдағы «биззәрура» нақтыланған, мызғымас іргелі сенім-негіздеріне қайшы сенім қалыптастырса, ол мұсылманшылықтан шығады. Мысалы, әлем жаратылмаған, ол мәңгі деп сенсе, сондай-ақ, намаз, зекет сияқты парыздығы бұлтартпас, нақты дәлелмен бекітілген ғибадаттардың парыздығын жоққа шығарса, немесе зина жасау, өсім жеу секілді харамдығы нақты дәлелденген харамдарды халал деп таныса, ол адам діннен шығады.

4. Күмән. Діндегі ашық іргелі сенім негіздеріне күмәнмен қарау да адамды діннен шығарады. Мысалы, Алланың көместі де, көрнеуді де білетіндігіне шүбә келтірген, қиямет қайымның болатынына күмән келтірген, Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарлығына күмән келтірген адам діннен шығып күпірлікке түсуі ықтимал.

Адам айтқан күпірлі сөзі үшін «Муртадд» ретінде саналуы үшін үш шарты бар:

  1. Ақыл-есі дұрыс болу. Жынды мен есуастың, ақ пен қараны айыра алмайтын баланың күпірлік сөздері ескерілмейді және іштей азғырынды ойлар келген адам діннен шықпайды. 
  2. Сау болу. Мас адамның күпір сөздері негізге алынбайды.
  3. Ықтиярлы. Өз ықтиярымен айтқан болуы керек. Біреудің зомбылығымен айтқан болса, діннен шықпайды. 

Имам Матуриди «Тәуилатул-Құран» деген еңбегінде, шариғи анықтамасын былай түсіндіреді: «Күпір - Алла Тағала тарапынан пайғамбарларға уахи етілген және Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) жеткізген дін негіздерін жасырған, сондай-ақ жоққа шығарып қарсы келушіге берілетін анықтама»,-деген.

 Мұсылман адам осы тармақтардың ешқайсысына қайшы келмесе, күпірлікпен тағылған айыптар мүлдем негізсіз болады. Әдетте, әуелі мұсылман болған, кейін исламнан шыққан адамды күпірлікпен айыпталады.

Мұсылман бір мұсылманды кәпірсің деп айыптау Исламда өте ауыр күнә ретінде және тыйым салынған амалдардың бірі болып табылады. Құран Кәрімнің  Ниса сүресі  94-аятында бұл туралы: 

«Әй мүміндер! Алла жолында (соғысқа) шықсаңдар, өте анықтаңдар. Сәлем бергенді дүние мүлікке қызығып: «Мүмін емессің» (кәпірсің) демеңдер. Өйткені Алланың қасында көптеген олжалар бар. Бұрын сендер де сондай едіңдер. Алла  сендерге қамқорлық етті. Сондықтан өте анықтаңдар. Шәксіз Алла істеген істеріңді біледі».

Осы аятта Алла Тағала бір аятта екі рет «өте анықтаңдар», - деп бұйырады. Күнә істегеніне нақты көзініз жетпей ол кісіге айып тағушы болмаңыздар дейді. Әуелі анық-қанығына жетпей дүние-мүлікке, мәнсапқа, алданып себепсіз біреуді  күпірлікпен айыптап өздеріңіз үлкен күнәға белден батып жүрмеңіздер деп ескертеді. Ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте: Алланың елшісі: «Егер сөз естіген кісі шынымен кәпір болса, онда бұл тура айтылған сөз болмақ. Ал егер, кәпір болмай шықса, онда айтқан адамның өзіне қайтады, нәтижесінде сол адамның өзі (солай дегені үшін) кәпір болады»,-деп айтқан». Шариғат үкімі бойынша күпірлікке бой алдырған адамның екі дүниедеде жазасы өте ауыр болып есептелінеді.

Құбылаға бет бұрғандарды такфирлікпен айыптауды құп көрмеген Әһлі Сүннет ғалымдары еді. Солардың бірі Имам Ағзам пікірінше: «Бидғатшылардың сипаттарының бірі, күнәһар пендені бірден кәпір қылу болса, Әһлу-Сүннаның олардан ерекшелігі қателік жасаған жанды күпірлікпен айыптамауында», -дейді.

Имам Науауи: «Жала жабу-бұл зиян келтіргісі келетін басқа адамдардың сөздерінен алынған амал. Ал бұл ең жаман әрекеттердің біріне жатады»,- деген.

Имам Заркәши: «Күпірлікпен айыптаушы, мұсылманды такфирлікке түсіргені үшін, өзі күпірлікке кіріп кетуден қорықсын!»,-дейді.

Сонымен қатар Ислам әлемінде Ибн Абидин атпен танымал факих ғалым, толық есімі Мұхаммед Әмин бин Омар бин Әбдул-Азиз ад-Димашки, «Радд аль-Мухтар»   еңбегінде: «Кәміл мұсылманбыз деп жүрген кейбір мұсылмандар тілін кәлимаға келтірсе де, ол адамның бойында күпірлікке әкелетін күдіктердің басылмайтыны рас. Өзін мұсылманмын деп жүрген адамның сенімінде  немесе сөзінде күпірлік белгілері байқалса да, ол мұсылманды кәпір демейміз. Өйткені әрбір адам келешекте тәубесіне келіп, кәміл мұсылман болуға тырысады....»,- деген.

Құран КәрімдеҚалам сүресі, 35-36 аятында Алла Тағала:  «Бой ұсынушыларды, күнәхарлардай етеміз бе? Сендерге не болды, қалай үкім бересіңдер?», - деп бұйырған.

      Сөзімізді түйіндей келе әрбір мұсылман сенім негіздері болып табылатын иман шарттарынан бас тартпаса (толық немесе бір бөлігінен) діннен шықпайды. Ақыл иесі адам баласы өзінің  қателіктерін қандай жолмен жасалатынын біледі. Қателессе де, ол пенде күпірлікте болмайды. Ал адамның шынайы ниеті, тек Аллаға ғана мәлім. Осы ағымдардың жетегінде кетпес үшін Құран мен сүннетке негізделген ислам мектептері бар (мәзхабтар), Әһлі Сүннет жамағатын ұстану керек. Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың заманында бір ғана мұсылман үмметі болған. Аса құдіретті Алладан аянды алған Ислам дініндегі барлық мұсылмандар бір бейбітшілік жолында болуымыз керек екенін түсіндіреді.

 

 Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы А.Дүйсен

0 пікір