Шынайы исламды ұстанып жүрміз бе?
Шынайы исламды ұстанып жүрміз бе?
31.03.2020
1050
0

          Мұсылмандардың жік-жікке бөлініп, әр түрлі саяси-діни ағым мүшелерінің адамдарды өз қатарына қосып алу мақсатында дінді насихаттап жатқан заманда өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Барлығының бір ғана мақсаты – насихаттап жатқан дінінің ақиқат екендігіне көз жеткізу, қатарын көбейту. Шынайы дінді үйрету ешбірінің пиғылында жоқ. Діни топтардың сойылын соғып жүргендердің түсінігінде жәннатқа лайық тек біз ғана деген жаңсақ пікір қалғып жүретіні анық. Бірақ, «шынайы Ислам» діні мұсылмандарға қай нәрсені бұйыратынын дұрыс түсінбейінше біздің түсінік қате. Себебі, Қасиетті Құран аяттарын, Пайғамбар (с.а.с.) хадистерін түсіне білген адамға бүкіл ғұмырына жетерлік ғибрат бар. Құран Кәрімде: «Шын мәнінде мүминдер бауырлар. Бауырлардың арасын жақсартыңдар»  - деген аятта мұсылмандардың осы өмірдегі орнын айқындап берді. Ал, ұстанған діни сенімі басқаның көзқарасымен сәйкес келмегені үшін мұсылман бауырлардың өзара сәлемдеспей жүргенін көргенде шын мәнінде таңырқап қаласың. Раббысын танып, бір Құбылаға қарап намаз оқып жүргендердің жүректерінде бір-біріне деген жек көрулік қасиет болу ақылға қонымсыз нәрсе. Десе де, бұл қазіргі заманымызда орын алып жатқан жайт. Бұл мәселе турасында Пайғамбар (с.а.с.): «Мүмін бір-біріне жанашырлығымен және рақымшылығымен бір дене секілді: егер дененің бір жері ауырса, онда бүкіл дене онымен бірге ауырып, мазасызданады» - деген хадисте мұсылмандар арасындағы бауырмашылдықтың ең жоғары дәрежесін сипаттап берді.

          Ардақты Елші (с.а.с.) ата-анаға жақсы қарым-қатынас жасауды бұйырды. Ол жайында Құран Кәрімде: «Раббың Өзіне ғана құлшылық етуді және ата-анаңа жақсылық жасауды бұйырды....» - деген аятта ата-анаға деген құрмет жасауды бұйырады. Ата-анасы намазхан болмаған кейбір мұсылмандардың анасы дайындаған асты «адал» деп санамай, бас тартуы  Ислам дінінде жоқ.

          Ауызбіршіліктен ажырап, қоғамнан бөлектене өмір сүру дін құптамайтын амалдардың бірі. «Әнфал» сүресінде: «Аллаға әрі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында Алла сабырлылармен бірге» - деп мұсылмандардың әрдайым бірлікте болуына шақыруда. Осы аяттағы «риихукум» (жел) деген сөзді ғалымдарымыз: «Алла мұсылмандардың бірлігін желге теңейді, егер жел қатты күшейетін болса, барлық нәрсені жайпап салады» - деп айтады. Демек, мұсылмандар өзара бірлікте болмаса күшін жоғалтады, жүректеріндегі мұсылмандық махаббат жоғалады.

Сондай-ақ, Абдулла ибн Омардан ардақты Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.): «Расында Алла үмбетімді адасушылықта біріктірмейді және Алланың рахымы бірлікте болған қауымда» - деген хадис жетеді. Демек, әлдебір мұсылманның өз қауымынан бөлініп өмір сүруі Ислам дінінде жоқ.

          Пайғамбар (с.а.с.) барлық жер бетіне «рахым» етіп жіберілгендігі мәлім. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) адамдарға, олардың дініне, нәсіліне, ұлтына қарамастан мейірімділігін төгіп, шынайы исламды таныта білді. Оның дәлелі ретінде Алла Елшісінің азаншысы Біләл Хабаши Эфиопиялық, Сухайб әр-Руми Римдік және т.б құрайш тайпасынан болмаған мұсылмандар да болды. Кітап иелері, христиан және яһуди дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болды. Адамдарды оның ұстанған дініне қарап жек көрушілік, ұлтына қарап бөлінуге ислам дінінде негіз жоқ.  

          Раббысын өз дәрежесінде танып, хикметін сезе білген шынайы исламның дінінің мақсатын ұғынған мұсылманның өмірі басқаларға деген мейірім мен жақсылықтан тұратыны анық.

          Адамзатты қараңғылықтан нұрға, жәһілдіктен білімділікке жол сілтейтін дінде еш нұқсандық жоқ. Кемішіліктің барлығы дінді ұстанушыда болмақ. Демек, шынайы исламның мәнін ұғынбасақ, кемшілікті діннен емес өзімізден іздеген абзал.

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы                                                                                                                                                                    І.Нағызхан

0 пікір