Мемлекеттің дін саласындағы саясаты
Мемлекеттің дін саласындағы саясаты
02.08.2023
650
0

Бүгінде әлем елдерінде дін мен оның құндылықтары халық пен қоғам өміріндегі маңызы күн санап артып келеді. Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда дін: қоғамға бағыт-бағдар береді; қоғамды біріктіреді; идеологиялық және мәдени ұғымдарды күллі қоғамға телиді; жеке тұлғаның және күллі қоғамның мүдделерін қорғайды; этникалық негізден гөрі адами, рухани құндылықтарға мән береді.

Қоғам – бұл адамзаттың тарихи дамуы барысында қалыптасқан әлеуметтік құрылымдардың, функциялардың және байланыстардың салыстырмалы түрде тұрақты интеграцияланған жүйесі, онда олардың өзара әрекеттесу процесінде қалыптасқан адамдарды біріктіру формалары жүзеге асырылады. Қоғам – адамның өмір салты. Қоғамсыз адам жоқ, адамсыз қоғам жоқ.

Мемлекеттік саясаттың өзекті де күрделі бағыттарының бірі – мемлекеттің дін саласындағы саясаты. Еліміздегі дін саласындағы саясатының негізгі бағыт-бағдары зайырлылық қағидаттары, конфессияаралық және ұлтаралық келісім, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес болып табылады. Осы бағыт-бағдарлардың негізінде мемлекеттің дін саласындағы саясаты жасақталып, ел игілігі үшін жұмыс атқарады.

Дін – әлемде де, елімізде де өзекті тақырып ретінде белгілі. Тәуелсіз қазақ елінде діни жаңғыру үдерісі ұлттық дәстүр мен құндылықтардың қоғам өміріндегі рөлінің артуынан және жастар арасында діндарлық деңгейінің өсуінен байқалады.

Зайырлылық – мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси, және құқықтық негізгі жүйесінің аз да болса діни қағидаларға сүйенбеуін білдіреді. Мемлекет пен зайырлылық ұстанымы ешқандай дінге бөгет жасамайды, тек мемлекеттің дін саласына араласпауы және белгілі бір діни ұстанымға басымдық бермейтініне кепілдік беруі.

Зайырлылық қағидатына сәйкес дін мемлекеттен бөлек болғанымен, оны қоғамнан, адамнан бөліп алып қарастыра алмаймыз. Қандай заман болмасын адам жүрегінде белгілі бір тылсымға, абсолютке деген сенім болғандығын жасыра алмаймыз. Қандай да бір дін болмасын адамзаттың құндылықтарға негізделген. Еліміздің діндер арасында татулығын, бірлігін сақтау мақсатында зайырлылық қағидаттарының алатын орны орасан зор деп анық айта аламыз.

Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi де – елдiң тұтастығы мен бірлігі, дінаралық келісім мен тұрақтылық. Осы мақсатта ҚМДБ мен Дін істері басқармасы бірлесе отырып жұмыс жасайды.

Кез келген мемлекет өзінің дін саласындағы саясатын тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторларын ескере отырып белгілейді. Мемлекеттік саясатты белгілеу нысандары – белгілі бір діндерге мемлекеттік мәртебе беру арқылы, діни бірлестіктердің мәртебесіне байланысты конфессиялармен келіссөздер жүргізе отырып, барлық діни бірлестіктерге либералды көзқараста болуды талап етеді.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу бойынша ресми көзқарастар жүйесі болып табылады.

Осы Тұжырымдаманың құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдары және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы халықаралық құқық пен ел Конституциясында көзделген әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын іске асыруға бағытталған, ол дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың және ұлттық мүддені қорғаудың құқықтық негізі болып табылады.

Мемлекеттің дін саласындағы келесі бір ең өзекті бағыты – экстремизм мен террорризмге қарсы күрес. Экстремизм мен терроризм жаһандану дәуіріндегі ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін сыртқы және ішкі факторлардың әсер етуімен жүзеге асатын күрделі саяси пиғыл.

      Ел халқының ізгілік пен бейбітшілік құндылықтарын ұстануы, конфессиялар мен мәдениеттердің оң диалогтары, дін саласындағы мемлекеттік сарабдал саясат, сондай-ақ қазақстандық қоғамның тұрақтылығын нығайту үшін түрлі дін өкілдерінің тамыры тарих қойнауының тереңіне жайылған бірігу дәстүрі елдегі діни ахуалға оң әсерін тигізеді.

Зайырлылық қағидаттары, ұлтаралық және дінаралық келісім – мемлекеттің баяндылығына, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына қызмет ететін, еліміздің азаматтарының құқықтарын қорғайтын, діни бостандығына кепілдік беретін, заман талабына сай жасақталған жүйе. Экстремизм мен терроризмнің қандай да болсын сипаттарына, түрлеріне азамат болып, қоғам болып ат салысып қарсы тұруымыз қажет. Елдік пен егемендіктің мүддесіне қарсы түрде әрекет ететін түрлі саяси және діни топтарға тойтарыс беріп, азаматтық позициямызды ұмытпауға тиіспіз.

А.Тағай 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы » КММ           

бөлім басшысы м.у.а.                                                                    

0 пікір