Жастардың жат ағым жетегінде кету салдары
Жастардың жат ағым жетегінде кету салдары
06.10.2023
279
0

«Жас мұраты, білім, тәлім – талабы. Өнер, оқу – жастықтың қару жарағы»,-деп ақын Ілияс Жансүгіров жырлағандай, қоғамды дамытатын негізгі күш – жастарымыз!  Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың өз заман ағымы, кезең тынысы болады. Бүгінгі күні жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, дінін, білімін меңгерген, мәдениетті, адами қасиеті мол шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі.

Қазіргі таңда ислам әлемінде деструктивті ағымдардың сойылын союшылар біздің елімізде де бой көтерді. Деректерге сүйенсек деструктивті діни ағымдардың жетегіне кеткендердің саны күннен-күнге артуда.  Ислам атын жамылған түрлі жат ағымдар жастарымыздың санасын улауда. Ал жас буын өкілдерінің санасы уланды деген сөз – болашағымызға балта шабылды дегенмен бірдей. Жастардың жат ағым жетегінде кету салдарлары қандай? Олармен күресудің жолдары қандай? Жастардың жат ағым жетегінде кетуінің бірнеше себептерін келтіре аламыз. Оларға:

1.  Діни сауатсыздық. Бұғанасы бекімеген жастарымызға дінін, тарихын, мәдениетін сақтауы үшін діни сауат аса маңызды. Тәуелсіздік алғаннан соң көптеген жастарымыз діни сауат алу мақсатында шетел асып кетуге мәжбүр болды, сол арқылы жат идеологияны бойларына сіңіріп, ұлттық дәстүрді, салт-сананы қолдан ұшырды. Бүгінде діни білім алуға елімізде барлық мүмкіндіктер жасалған. Дін десе үрке қарайтын қоғамға көркем түрде бейбіт діннің көрінісін көрсету діни білімді талап етеді. Діни, рухани сауатты болған адам ешбір жат ағымның жетегінде кетпейтін, саналы, Абайша айтқанда «Кемел адам» болып қалыптаспақ.

2.  Әлеуметтік желілердің ықпалы. Шеті мен шегі жоқ желілердің бүгінде шарықтап тұрған кезеңі. Қазір баланы ғаламтор тәрбиелейтін дәрежеге жеттік. Бірақ сол ғаламтордағы ақпараттардың пайдасы мен қоса зияны да бар екенін ұмытпаған жөн. Көбінде жат діни ағымдар әлеуметтік желілер арқылы көбейіп жатыр. Олармен күрес мемлекет тарапынан қолға алынған, қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Интернет пен әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сайттардың еркін қолжетімділігі де жастарды жарға жығуға итермелейтін факторларының бірегейі. Сол себепті, мемлекет тарапынан Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі  бекітілген Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы Кодексінің 453-бабының 2 тармағына сәйкес:  Әлеуметтік желіде діни араздықты қоздыруға, экстремизмді немесе терроризмді насихаттауға бағытталған материалдарды таратуға болмайды. Заңбұзушылық орын алған жағдайда  жеке тұлғаларға – 20 АЕК, лауазымды тұлғаларға – 25 АЕК айыппұл салынады.

3. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық. Адам көбінде жоқшылықтың, тұрмыстық тауқыметтің ауырлығынан айналасынан көмек сұрайтын сәттер кездесіп жатады. Деректер бойынша жат ағым жетегіне кетушілердің де көпшілігі – үйсіз-күйсіз қалған, тұрақты жұмысы жоқ, әлеуметтік қиындықтарға ұшыраған адамдар екені белгілі болды. Мұндай жағдайда сырттан көмек қолын созған әрбір адам бауырындай болып көрінеді. «Тұрмыстың тапшылығы – тауқыметінен жаман»,-деп дана халқымыз сөзімізді айғақтайды. Сол үшін де әлеуметтік фактор да маңызды себептердің қатарына жатады.

4.  Психологиялық күйзеліске ұшырау. Ең танымал, ең оңай тәсілдердің бірі – адамның жан-дүниесін түсініп, сезіммен, психологиялық шабуыл жасау.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе»,-дегендей болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастарының жағдайын тасада қалдырмаса керек. Жастар – елдің тірегі, кемел келешегіміздің, нұрлы болашағымыздың, руханиятымыздың жаршысы болған жастардың артар азаматтық міндеті – тілді, дінді, ұлтты сақтау, дәріптеу, қорғау. Ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келген дін мен дәстүрді мықтап ұстап, келешекке қалдыру. Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып пен дәстүрлі діндерді аяқ асты ететін радикалды ұйымдардың өз ойларын әртүрлі алдап-арбау тәсілдерімен жүзеге асырып, ел ішіндегі ынтымақ пен қоғамның тыныштығына, мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, лаңкестік әрекеттердің орын алуы әбден мүмкін. Сол себепті жастардың сауатты болуына аса мән берілуі қажет.

 Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.

Әр отбасына жауапты ата-ана ұрпағының материялдық жағдайының кем болмауы үшін қалай қам жесе, рухани байлығына да аса мән беруі керек. Жастардың рухани жағынан мықты болуы, елге жерге деген адал қызмет атқаруына себеп болары сөзсіз.          

 

Г.Бекжан

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» 

КММ-нің  теолог  маманы                                                         

0 пікір