Ғылым бар да, дін не үшін керек?
Ғылым бар да, дін не үшін керек?
17.06.2021
1097
0

Дін  мен  ғылым  бір  ақиқаттың  екі  жүзі.  Ғылым және діннің арақатынасы  –  қарама-қайшы көзқарастарға толы күрделі тақырыптардың бірі. Елбасы Вашинг­тонда өткен антиядролық «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде саммит кезінде  «ХХІ ғасырға аяқ басқан адам баласы қиялдың өзін таңғалдыратын ғылыми жаңалықтар ашып, жаңа буындағы технологиялар жасап жатыр, адамзат өзі дамуының сапалы жаңа сатысына өтуде. Әлем Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұр. Көптеген қорқынышты аурулардың тамырына балта шабылуда. Бірақ соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр», - деп, ғылымның дамуын айтқан.

 Дін  мен  ғылымды  еш  уақытта  бітіспейтін  мүлдем  қарсылықты  дүниелер  ретінде  көрсету  XVIII  ғасырда  кең  жайыла  бастағаны  мәлім.  Ал  ол  үрдіс  әлемде  коммунистік  режим  дүрілдеп  тұрған  XX  ғасырдың  орта  шенінде  нағыз  шарықтау  шыңына  жетті.  Тіпті,  қаншама  зерттеушілер  расында  солай  екен  деп  ғылым  мен  дінді  бір-бірінен  бөліп  қарауды  қағида  етіп ұстанды. Дүниежүзілік мәдениет пен білім тарихында мұсылман ғалымдарының аттары ұмыт қалып, нағыз ислам мәдениетінің гүлденіп, шарықтауға жеткен алтын шақтары бүркемеленіп, еуропалықтар орта ғасырларды «қараңғылық ғасыры» деп атаған кездері де болған.

Қазіргі  ашылып  жатқан  ғылыми  жаңалықтардың  осыдан XII-XIV ғасыр бұрын  түскен  қасиетті  Құран  Кәрімде  жазылуы   Құран  мен  ғылымның өте  жақындығын, қасиетті  кітаптың  ғылыми  жетістіктерге  толы екендігін  көрсетеді.

Құранның алғашқы аяты «Иқро» яғни «Оқы» деп түскен. Бұл бұйрық тек Құранды ғана емес, әлемді оқу, адамды оқу, әлемнің жаратылыс сырларын оқып, ғаламды зерттеп-зерделеп,  ғылым, мәдениет  пен өркениет, адалдық  пен  әділдік, имандылық  пен  ибалылық, сыйластық пен сыпайылық  және  тағы басқа да  толып  жатқан  адами құндылықтар оқу дегені еді. Пайғамбар (с.а.с) ғылым – білімді жай ғана оқу емес «ғылымға үйрену-әрбір мұсылман ер кісіге де, әрбір мұсылман әйелге де парыз» деп ғылым үйренуді әйел-еркек деп бөлмей, әрбір мұсылман баласына парыз етіп қойды. Көптеген сүрелерден ғылым мен ғалымдарға деген құрмет айқын аңғарылады.

Қазіргі таңдағы ғылымның дамуына батыстың қосқан үлесі қаншалықты бұлтартпас шындық болса, батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласындағы көптеген жаңалықтарға қол жеткізуінде мұсылман ғалымдарының үлесі өте зор. К.В Бодлейдің айтқанындай, қазіргі батыс мәдениеті ренессансқа, ал ренессанс өз кезегінде исламға қарыздар. Себебі Абу Али Ибн Сина, Әл-Фараби, Хорезми, Бируни, Ұлықбек және т.б. көптеген мұсылман ғалымдарының ғылыми  еңбектерін  Европа  ғалымдары  күні кешеге дейін басшылыққа  алып  келгені  баршамызға белгілі.

Өз  кезегінде  танымал  ғалымдар  Аристотель,  Платон  секілді  көне  дәуірдің  данышпандары  да,  астрономияның  негізін  салушы  Николай  Коперник  те,  бактериялар  ілімін  ашқан  Луи  Пастер  де,  физиканың  жарқын  шамшырақтары  Ньютон,  Паскаль,  Фарадей,  Вольта  және  Амперлер  де  Жаратушыларын  танып  мойындаған  жандар  болатын.  Әйгілі  Линней  мен  Кювье,  геологияның  атасы  Ляйель,  сонымен  қатар  Эйнштейн,  Бергсон,  Планк,  Джине,  Лодж  секілді ғалымдар  да  құдайға  сенген.

Медицина тарихына үңілсек, оның ең бір шарықтаған кезеңі ислам әлемінде жүзеге асқанын көруге болады. Осы кезеңде көптеген ғалымдар мен ғылыми шығармалар дүниеге келген. Ислам мәдениетінің ең жарқын кезеңі әрі ғылымның Еуропаға өтуінде маңызды орталық болған Андалуссия медицина саласындағы жаңалықтардың ошағына айналды. Ибн Жулжул шипалы өсімдіктерді зерттеп, медицина тарихы және шипалы өсімдіктер жайлы еңбектерін жазды. Диагноз қою мен емдеу саласында андалуссиялық дәрігер Әбу Жафар ибн Жаззардың да аты әйгілі болды. 

Мұсылман дәрігерлері фармакология, хирургия, көз, гинекология, физиология, бактериология сияқты адам мен табиғатты тұтас қамтитын салалармен айналысқан. Ғасырымыздағы медицинаның енді ғана қолға ала бастаған адам рухы мен денесінің теңдігін сақтау мәселесіне орта ғасырлық мұсылмандар сүбелі үлес қосқан. Тіпті, медицна сөзінің өзі медед-көмек, сина-Ибн Сина, яғни Синаның адамзатқа көмегі деген тіркестен шыққандығы мәлім.

Мұсылман ғалымдары медицина ғылымының ғана емес алгебра, геогрофия және химия ғылымдарында негізін алғашқы болып қалады. Алгебраның – «аль жабр» географияның- «жағрапия»,химияның – «аль химия» тәрізді мұсылман сөздерінен өрбігені сөзіміздің дәлелі іспеттес.

Алгебраның негізін Аль-Хорезми (780-850 ж.) VII-VIII ғасырларда қалады. Әбу Райхан әл-Бируни (973-1048ж. Қарақалпастан,Бируни қаласы). Орта Азиялық энциклопедист ғалым. Негізгі еңбектері ғылымның математика, астрономия, физика, геология және т.б. салаларын қамтиды. Ол дүниенің гелиоцентрлік жүйесін Коперниктен  500 жыл бұрын, ал денелердің жерге қарай тартылуын Галилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын болжаған.

Эйнштейн  «Ғылым  бізге  айналадағы  құбылыстардың  бір-бірімен  қалайша  байланыста  болғандығын  көрсетеді. Алайда  қалай  болуы  қажеттігін  үйретпейді»  дейді.  Сонымен  қатар  «Адамның  түпкі  мақсатын  тек  қана  дін  белгілей  алады.  Бірақ  оған  қай  жолмен  жету  қажеттігі  мәселесінде  ғылымның  да  айтар  сөзі  бар.  Ғылым  ақиқатты  кемшіліксіз  білгісі  келген  жандар  тарапынан  қалыптасып,  белгілі  бір  қағидаларға  негізделіп  құрылады.  Бірақ  оның  да  негізінде  көбіне  дін  шешуші  рөл  ойнайды.  Мен  терең  иманы  жоқ  ғалымды  елестете  алмаймын…  Негізінде,  дінсіз  ғылым  –  ақсақ,  ғылымсыз  дін  –  көр  соқыр»  деп  тамаша  айтып  кеткен.

Діннен хабарсыз болу адамды сауатсыз дүмше етсе, дінде тым оғаштықтарға, әсіреліктерге барудың соңы – көзсіз фанатизм. «Ғалымның айыбы асып тасып  лепіруінде болар», осы себепті дінді дұрыс пайымдаған жағдайда, ол адамға ғылымның да есігін ашады. Өйткені, ислам білімді кісінің дәрежесін әрдайым жоғары қояды.

Қасиетті Құран аяты білімділер мен білімсіздердің тең бола алмайтынын назарға ұсынады. Бүгін кейбір мұсылман ғалымдар миға ғылым, жүрекке руханият, имандылық керектігін айтып, осы бағытта қатар жұмыс істеу керектігін түсіндіруде. Алаш зиялылары да өз заманында мұсылман жұртына білімді болу үшін оқу, бай болу үшін кәсіп, ауызбіршілікте болу үшін ынтымақ керектігін дәріптеуден жалықпаған. Осы себепті діни білім мен әлеуметтік ғылымдар арасындағы жоғалған байланысты ғылымға жаңаша көзқараспен қарау арқылы, сапалы білім беру мен саналы тәрбие беру ісін жұмыла қолға алу арқылы қайта жалғауға болады.

Ғылымды дінге қарсы қойып, ғылымды «жасампаз», ол дінді «апиын», «ғылымның жауы» деген солақай сенімді ту етіп ұстанған қоғамда ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың қаламынан «Дін ғылымның анасы» деген өлең туындаған екен. Ол онда:

«Дін-ғылымның анасы,

Дін-ғылымның әкесі

Ғылым-діннің баласы,

Дін-ғылымның көкесі

Ғылымда бар, дінде бар

…Қол құсырып құдайға

Ғылым мен дін бірге бар»  – деп дін мен ғылымның құстың қос қанатындай бірге екендігін, бірінсіз-бірінің биікке ұшып, алысқа самғай алмайтынын еске салады.

 

 Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

теолог маманы                    Б.Нұртіллә               

 

0 пікір