Достықтың тұтқасы бірлікте
Достықтың тұтқасы бірлікте
08.09.2022
776
0

Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек.

Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал, ұрпағының амандығы – келешегінің кемелдігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде.

Бірлікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселелерінің бірі деп айтуға болады. Сауатты да саналы, парасатты елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата-бабасының жолынан сабақ алары ақиқат. Сонысымен тарихын бағамдап, келешегін кемелдей түседі. Біз де өткенімізге үңіле қарайықшы. Қазақ халқы да тағдырдың талай қатал сынын басынан кешті. Салдарынан жер бетінде ұлт ретінде жойылып кету қаупі әлсін-әлсін қайталанды. Соғыстар, көтерілістер, онан қалды ашаршылықтар мұның барлығы халықтың қырылып, азып-тозуына әкеп соқты. Әйтседе, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруының нәтижесінде бүгінгі бейбіт аспанға қол жеткізді. Қай ұлт, қай ел болмасын бейбітшілікті, бірлікті, ашық аспан мен бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілдік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қабан (Қабылиса) жырауда:

Бақыт қайда барасың?

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлаған екен. Бабаларымыздың мұндай жырлары талай санаға сәуле құйып, түсінген жанға үлкен үгіт болатыны сөзсіз. Иә, адамдар арасында бірлік болса, олар ынтымақта, тату-тәтті өмір сүреді. Өзара сыйласып, ұйымшылдық көрсеткен кезде ғана бірлікке қол жеткізуге болады. Халқының қамын жеген Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» – деп ынтымақ-бірлікке үндеген. Ал, ынтымақ-бірлікке апаратын жол халықтың өзара тату болуы. Дана халқымыз: «Татулық табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп» – деп тектен-тек айтпаса керек. Хакім Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ» – деген. Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз.

Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі екені жасырын емес. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек. Кешегі бабалар өмірі де мұны бізге сабақ етеді.

Ел ынтымағын орнатып, бірлікті сақтауға дініміз қалай қарайды?! Қазақ халқы да ежелден ислам дінінің болмысына сай ғұмыр кешіп келеді. Араб тілінен алынған «Ислам» сөзі – амандық, есендік, мойынсұну, бағыну деген мағыналарды қамти отырып, «бейбітшілік» діні дегенді білдіреді. Құранда «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Ал қасиетті кітабымыз Құран адамзат баласына ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттап қоймай, бүкіл әлемді татулыққа, достыққа, әділдікке шақырумен келеді. Алла Тағаланың 99 көркем есімдерінің бірі де – «әс-Сәләм». «Есендік беруші», «Өзінің жаратқан мақұлықтарына амандық беруші» деген мағыналарды қамтиды. Олай болса, Алланың ақиқи діні ислам адам өмірінің бейбітшілік пен тыныштықта болуын қалайды. Тіпті, Мұхаммед (с.а.с.) барша үмметін бақытты өмір сүруге үндеді. Құран мұны былайша қуаттайды: «Расында, Біз сені барша әлемдерге рақым шуағы етіп жібердік», – делінген («Әнбия» сүресі, 107-аят). Мұсылман баласының бір-бірін көргенде қол алып, құшақ жая сәлемдесуінің өзі бауырластықты, бірлік пен бейбітшілікті меңзейді.  

Шынында ислам бейбітшілікке үндейді. Ал мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің іс-әрекетімен, пайым-парасатымен, көркем әдебімен көрсете түседі. Міне, сонау ықылым заманнан мұсылманшылықты ту еткен халқымыз, өмір болмысында татулыққа бекем болған. Дініне берік болып, өзара бөлінбеген, бірігіп ел бола білген. Өкініштісі, қазіргі кезеңде ел ынтымағын, бейбіт күннің тыныштығын бұзғысы келетіндер де жоқ емес.

Соңғы кездері жердің атын жамылып, тыныш жатқан халықты араңдатушылыққа бастап, тыныштығымыз бен бірлігімізді ыдыратқысы келетіндердің айналамыздан табылғаны өкінішті. Тіпті үй ішінен үй тігіп, халық арасына іріткі салып, бәзбіреулердің жымысқы әрекеті қоғамның бірлігіне әжептеуір зиянын тигізуде. Осы орайда Пайғамбарыlың (с.а.с.) мына өсиеті еске оралады: «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсынғаны. Кім маған бойұсынбаса, онда ол Аллаға бойұсұнбағаны. Ал кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны», – дейді (хадис имам Бұхари мен Мүслім риуаяты).  Келесі хадисте: «Сұлтан (патша) Алланың жер бетіндегі саясы. Кім оны (патшаны) құрметтесе, Алла оны құрметтейді. Ал, оны қорлағанды, Алла қорлайды!» – деген.

Ислам жеке тұлғаның, отбасының, қоғамның, қала берді бүкіл ғаламның бақыты мен бейбітшілігін қалайтын дін. Үлкендерге құрмет көрсету, кішілерге мейірімді болу, ата-анаға бойсұнып, туған-туысқандармен жақсы қарым-қатынасты нығайту, әсіресе басшыға бағыну дініміздің нақ әмірі. Ал, оны орындаған кісі кіші отаны болған отбасының бақытын қамтамасыз етеді. Өзіне, отбасына пайдалы болған әрбір жан өзі өмір кешіп жатқан алтын ұясы отанының бейбітшілігін сақтай түседі. Отанының амандығын қалаған адам әлемнің бейбітшілігін тілері сөзсіз ақиқат.

Сөз соңында, қаз дауысты Қазыбек бидің мына бір нақыл сөзімен аяқтағым келіп отыр. Қазыбек би: «Тату болса – ағайын жақын, Адал болса – дос жақын» деп татулық пен адалдыққа, ынтымақ пен бірлікке шақырған.

 

Д. Аманов

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                               

0 пікір