Діни білім берудің заманауи тетіктері
Діни білім берудің заманауи тетіктері
07.06.2021
696
0

         Кез-келген мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарды бірінші кезекте мемлекет құрушы ұлттың діни қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Мұсылман қазақ ұлтының отаны – Қазақстандағы діни білім беру жүйесі соңғы жүзжылдықтарға дейін бірыңғай ислами арнада дамыды.

Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар.  Ең алғашқы ислами орта оқу орындары болған медреселердің  араб жерімен қатар Түркістан өлкесінде пайда болғаны тарихтан белгілі. Мұның басты себебі тілдік фактордың әсері болып табылады. Мұсылмандықты қабылдаған түркі халықтары үшін ислам дінінің негіздерін үйрену, шариғат заңдылықтарын түсіну, зерттеу, тарату талпынысын араб тіліндегі Құран Кәрімді, Мұхаммед пайғамбар хадистерін, исламдық мәтіндерді игеру арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін болып табылатын. 

         Орта ғасырларда бірыңғай рухани мәдени кеңістікте өмір сүрген Орталық Азияда медреселер жүйесі ерекше қарқынмен дамыды. Медреселер көбіне мешіттердің жанынан салынды. Бұхара, Самарқанд жерінде басталған медресе дәстүрі Баласағұн, Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Өзкент секілді Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ірі мәдени орталықтарда жалғасын тапты. Ортағасырлық жазба мәліметтерде бір ғана Баласағұн қаласында 40 мешіт, 20 медресе болғаны айтылады. Қазақстан жеріндегі медреселер жүйесі бойымен Сыр бойындағы қалаларда ерекше өрістеді. Бұл Қожа Ахмет Яссауи негізін салған рухани ілім арқылы Түркістан қаласының түркі жұртының рухани астанасы деңгейіне көтерілуімен тікелей байланысты болды. 

         Қазақстанда білікті исламтанушылар мен дінтанушыларды әзірлеу үшін әлемдік тәжірибенің озық әдістерін қолданғанымыз жөн. Мәселен, Египеттегі «әл-Әзһар» оқу орнында университетке түсу үшін алдымен медресені (сәнауи) тәмамдау қажет. Ал, медресеге орталау мектепті (9 сынып) бітірген түлектерді қабылдайды. Сонда, медреседегі шәкірт араб тілі мен діни ілімнің теория-методологиясын игеріп, ал, жоғары оқу орнында кәсіби білім алуға сақадай сай болып шығады. Біздің еліміз де білікті дін мамандарын даярлау үшін жоғары оқу орнындағы дін факультетіне тек медресе түлектерін қабылдауымыз керек. Сонда, дін саласына көлденең көк атты келіп киліге алмайтын болады. Әрі бұл индивидтерді адастырушы ағымдардан сақтандыруға һәм дүмшелікті жоюға өз септігін тигізетін ізгі шара болмақ. 

        Осы уақытқа дейін мемлекетіміз жастарымыздың қандай елде, қандай оқу орнында діни білім алатынын жіті қадағаламағандықтан, бүгінде еліміз шетелде оқып келген дүмше ұстаздардың дін-насихатының кесірінен зиян шегіп отырғаны анық. Бұл мәселенің алдын алуымыз үшін жастардың шетелдерде діни білім алуын біртіндеп шектеуіміз керек секілді. Яғни, ел аумағынан тыс жерлердегі діни оқу орындарына азаматтарды тек ғылыми дәрежесін көтеру мақсатында ғана жіберу қажет деп білеміз. Оның өзінде Қазақстанның діни сорабымен сабақтасатын Түркия, Мысыр, Пәкістан секілді елдердің белгілі деген оқу орындарында жастардың біліктілігін көтеріп, тәжірибе алмасуы үшін ғана баруына жол ашу керек. Басқа жағдайда шәкірттердің шетел асып оқуына шектеу қою қажет секілді. Егер шет елде оқығысы келген жастардың бірінші өз елімізде діни медреседе немесе жоғарғы оқу орнын бітіріп баруы қажет. Өз елімізде діни білім алған жастардың өзге бағытқа түсіп кетуі екі талай болатыны ақиқат. Осы мәселегеде аса қатты назар алу қажет деп санаймыз.

Қазір «Дінтану негіздері» арнайы курсы орта мектептердің 9-шы сыныбында оқытылады. Оның негізгі міндеттері жастармен діни мәселелер бойынша теңгерімді ағарту жұмысын ұйымдастыру, сонымен бірге деструктивті, діни түсті идеологияға ғылыми білім мен иммунитетті қалыптастыру ретінде айқындалды. Сонымен бірге, еліміздің дамуының зайырлы қағидаттарына сәйкес арнайы бағыт кез-келген дінді насихаттауды білдірмейді. Қазір Қазақстандағы діни білімнің жалпы тұжырымдамасын жетілдіру бойынша жұмыстары жүріп жатыр.

Қорыта айтқанда, қазіргі Қазақстандағы дінтанулық білім бағыттылығы жөнінен бірізділендіруге, мазмұны тұрғысынан байытылуға тиіс. Дінтанулық білімнің динамикалылығын арттыру, қасаң көзқарастардан арылту, тәжірибелік курстар санын көбейту шараларын жүзеге асыру нәтижелі болмақ. Мектептегі «Дінтану негіздері» оқулығы да осындай толықтыруларға мұқтаж. Аталған пәнге бөлінген уақыт пен даярланған дінтанушы мамандар әлеуетін орынды пайдалану қажеттілігі мектеп қабырғасында өтілетін осы пәннің сағат санын көбейту қажет деп санаймыз.

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің теолог маманы      Н.Әмзеев

0 пікір