Адамгершілік – асыл қасиет!
Адамгершілік  – асыл қасиет!
20.04.2021
17203
0

Адамгершілік – бұл рухани тәрбие. Жаңа кезеңдегі өзекті мәселелерінің бірі жас ұрпаққа – адамгершілік – рухани тәрбие беру. Рухани адамгершілік тәрбие – екі жақты процесс. Адамгершілікке тәрбиелеу күнделікті өмірде, үлкендердің қолдан келетін жұмысты ұйымдастыру барысында, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде іске асады. Сондай-ақ, жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы баланың қоғамда өз орнын табуына, қабілет пен дарынының ашыла түсуіне, ақыл-парасатын дамытуына, яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді.

  Елбасымыз айтқандай: «Адамгершілік – адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханиет дәуіріне жаңа қадам болып табылады. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі – оның тәртібі мен іс-әрекетін анықтайтыны әлдеқашан дәлелденген. Адамның бойынан адамгершілік қасиеттер табылса, әрине сымбатты, парасатты көрінеді. Адамгершілік – адамның асыл қасиеті». Расымен де, адамгершілік – адам бойындағы ең асыл қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Егер адамда адамгершілік қасиет болмаса, ол адам өз-өзін сыйламайды. Жүсіп Баласағұн адамгершілік пен инабаттылықтың төрт қасиетін 6600 тармақтан 72 тараудан тұратын «Құтты білік» дастанында көрсетіп берді. Шығыстың ұлы ғалымы Әл-Фараби: Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін деген екен.

 «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата – ана үлгісі», – деп Ы. Алтынсарин атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың туылған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімді етіп тәрбиелеу қажет.

 «Жақсы мінез бен ақыл күші біріксе – бұлар адамгершілік қасиеттер» деп айтқан Ы.Алтынсариннің құнды сөзі бар. Адам мінезінің түрлерін адамгершілік, моральдық, имандылық тұрғыдан қарастырып, оларды жақсы және жаман деп жіктейді. Ал, Ш.Құдабердіұлы Абайды үлгі еткен өнер-білімді, адамгершілік ізгі қасиеттерді өзіне ұран тұтып, балаға қатарыңнан қалма, өтірік, өсек айтпа, ұрлық-зорлыққа әуес болма, жалқаулықтан қаш, өнерлі өнегелі елдердің жастарынан үйрен, оқу оқып, білім ал, талаптан деп өсиет айтады.

Адамгершілік тұтқасы – Имандылық. Бұл адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш, қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі.
Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп атайды. Мұсылмандық дүниетаным бойынша имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық. Иман еткен адамға бітетін көркем мінез.
Әлемде болып жатқан азғындық, мейірімсіздік, қатыгездік- имансыз тәрбиенің нәтижесі. Жүрегінде иманы жоқ адам – бақылаусыз адам.
Ал иманды адамның жүрегінде әрбір әрекетін қадағалап тұрар бақылаушысы бар. Имандылықты бойына сіңіріп өскен адам еш уақытта аяғын шалыс баспасы анық!

Сонымен, адамгершiлiк мәдениеті адамзат қоғамының даму тарихы арқылы қалыптасады, әрбiр дәуiрдiң өзiндiк қайшылықтарымен бiте қайнасып, жетiледi екен. Әрбiр қоғам өзiнiң даму процесiнде адамгершiлiк категорияларына, оның мазмұнына көптеген өзгерiстер енгiзiп отырған. Адамгершiлiк – адамдардың практикалық өмiрiнен тамыр алып, пайда болған әдет- ғұрыптар мен дәстүрлердi тудырып, солармен сәйкес дамиды. Ал мораль болса, шындыққа қарама-қарсы, терiс қарым-қатынаста пайда болады және адамның өзiне субьективтi түрде мiндет қоя бiлумен туындайды. Адамгершiлiк қасиеттерi отбасында, қоршаған ортада, балалар бақшасында, мектепте, адамдардың iс-әрекетiнiң барысында бiр-бiрiмен араласуы нәтижесiнде, қоғамдық тәжiрибе алуын өмiрмен байланыстыру арқылы қалыптасады.

Қазіргі кезде өсіп келе жатқан ұрпақты ата-бабаларымыздың руханиятымен тәрбиелесек – қоғамға пайдалы, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білетін жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылатыны сөзсіз. 

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің басшысы м.у.а.     Ш.Досанбаева

0 пікір