Шәкәрім және қазақ дүниетанымы
Шәкәрім және қазақ дүниетанымы
08.02.2021
1341
0

Ұлт деп аталатын ақиқаттың негізгі екі тұғырының бірі тіл болса, екінші тілдің негізгі тасушысы – мәдениет. Мәдениет саласының ішіндегі адам мен қоғам үшін ең ықпалды әрі маңыздысы да дін екендігі мәлім. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындарының шығармашылық мұрасы әдебиет пен ұлттық руханияттың дамуындағы өзіндік «алтын ғасыр» болып табылады. Бүгінгі таңда қара жамылған тарихтың «ақ дақтары» ашылып келе жатыр. «Кері қайтарылған» есімдерді зор мақтанышпен қабылдайтын хәлге келдік. Кері қайтарылғандардың арасында ұлттық-рухани бағыттағы ағартушылыққа зор үлес қоса білген Шәкәрім Құдайбердіұлы есімін кездестіруге болады. Бұған 2008 жылы Шәкәрімнің 150 жылдық мерейтойы Қазақстан мен одан тыс жерлерде ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілуі дәлел бола алады. Шәкәрім өз жұмысымен дәстүр мен жаңашылдық мәселесін шеше білді. Қазақ әдебиеті, барлығымызға мәлім болғандай, өзінің қалыптасуы мен дамуында фольклорға, ақындар шығармашылығына, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың көркемдік тәжірибесіне сүйенді. Бұл секілді науқандар Шәкәрімнің ізденісіне, поэзиясына шабыт бере білді.

Шәкәрімнің дүниетанымы әралуан және күрделі болды. Ішкі жан дүниесінде гуманизм мен ағартушылық, діндарлық пен жоғары идеалға деген махаббат, аскетизм мен діни мораль, адамгершілік пен философиялық дүниетанымдар тоғысқан. Еңбектерінде адам құмарлығының құндылықтары туралы ой-толғамы терең және скептицизмге толы. Қазақ жұртшылығына белгілі түркі ислам мәдениетін қалыптастырған Ахмет Ясауи, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді ұлы бабаларымыз бүкіл қазақ әлеміне өзінің шығармалары арқылы кеңінен танымал болғаны ақиқат.

Шәкәрімнің бай ақындық мұрасы осылайша өлмеске аттанды. Нағыз поэзия ешқашан өлмейді. Ақиық ақын «әділеттіліктен әрдайым жеңісті күтеді, өйткені лайықты еңбектің жемісі өлмейді және тек махаббатпен үйлескен еңбек қана біздің күндеріміздің гүлденуі мен бақытын жасайды», – деп нық сенді. Шәкәрім Құдайбердіұлымен бірге қазақ халқының көркемдік дамуындағы тұтас кезеңі де жүріп жатты. Ол өз заманының ең сүйсінген ақындардың бірі болған. Сондықтан Шәкәрімнің поэзиясы халықтың жан дүниесінде сақталып, қоғамымызды демократиялық қайта құруға қызмет етеді.

Шәкәрімнің философиялық қалыптасуы қажылық кезеңнен басталады. Қазақтардың ұстанған мұсылманшылығына қанағаттанбағандықтан сенім, дін, көркем мінез-құлық мәселелеріне терең сүңги бастайды. Ұстазы Абайдан кейінгі тұлға ретінде Л. Толстойды таныған, онымен біраз хат алмасқан, философиялық ой-толғауларымен танысқан. Шәкәрім қажы қазақ қоғамының тек сыртқы келбетіне емес, сонымен қатар ішкі жан дүниесіне мән бергенін жазған шығармаларынан байқауға болады. Бұл турасында ол:

«Сыртыңды сыланасың өң беріп,

Ішіңнен түзетпейсің қатасын,

Айламен алдағанда жөн көріп,

Адамды аң орнына атасың», – деп айтқан. Қажекеңнің бұл сөздері қазақтардың арасында рия, тәкаппарлық, айлакерлік, көзбояушылық секілді теріс қасиеттерге «соғыс» жариялап, тақуалықты, турашылдықты насихаттаған. Шәкәрім еңбектерінің арасында «Үш анық» атты кітабында үш түрлі анықтан сөз қозғайды. Оның біріншісі, Жаратушы туралы ойын жеткізеді. Ислам дінінің негізі мен мәні болған тақырып. Екіншісі, жан немесе рух мәңгілігі. Ұлы ақын жан терминімен сананы, ой мен ойлауды, ақылды байланыстырады. Үшіншісі, осы жанның екі өмірдегі азығы – ар-ұждан. Бұл туралы ол «Адамдығы нысап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда, мұсылманша ұждан, орысша совесть бар», – деп келтіреді.

Осылайша Шәкәрім қазақи дүниетанымның негізін салмаса да, ұлттық болмыс пен ұлттық код мәселесінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан. Абай сияқты Шәкәрім де қазақ елінің қалай да болса өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынды. Егер біздің ғылым-білімге, таңсық дүниені зерттеп тануға деген ұмтылысымыз артып, жұмыла жұмыс жасайтын болсақ, Абай мен Ыбырай бастаған, Шәкәрім секілді тұлғалар қоштаған бабаларымыздың асқақ армандары мен кіршіксіз ниеттерінің орындалғаны болмақ.

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы     Б. Ботақараев

 

0 пікір