Мәулітті тойлау харам ба?
Мәулітті тойлау харам ба?
14.12.2020
1144
0

«Мәуліт» сөзі араб тілінде «туған күн» мағынасын білдіреді. Пайғамбар Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) рабиал-аууал айының дүйсенбі күнінде таңғы уақытта дүниеге келген. Бұл милади күнтізбесі бойынша 571 жыл, сәуір айының жиырма немесе жиырма екінші күнімен тура келеді[1].

Қазіргі уақытымызда Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туылған күнін атап өтудің кейбір ғалымдар мен халық арасында дінге қосылған жаңашылдық, әрі тыйым салынған амал екендігі таралып, жаңсақ пікірлер пайда болды. Оның дініміздегі орнын айтудан бұрын, шығу тарихына көз жүгіртейік.

Мұсылман ғалымдарының айтуы бойынша Мәуліт мерекесін һижра жыл санағымен 604 жылы мемлекеттік деңгейде атап өткен Ибрил (Ирак) қаласының әкімі сұлтан Әбу Сағид Кукбури (Көкбөрі) болған. Ол халықтың кейбірі үйлерінде мәулітті жасырын түрде атап өтетінін байқап қалады. Нәтижесінде, Әбу Сағид мәулітке рұқсат беріп, бұқара халықтың мейрамы болуын ұйғарады. Сонымен қатар, ол шатырлар тігіліп, рабиал-аууал  бойы азық-түлік пен сыйлықтар таратылуын бұйырады[2]. Имам Ибн Касир былай дейді: «Әбу Сағид жомарт басшылардың бірі. Көптеген ізгі амалдардың иесі. Жыл сайын рабиал-аууал  айында Пайғамбар туылған күнін атап өтетін. Сонымен бірге, адал, білімді, ақылды әрі батыр сұлтан болған»[3].

Ғалымдар мәулітке қатысты түрлі көзқарастар білдірген. Олардың бір тобы бидғат (дінге қосылған жаңашылдық) екенін айтса, екінші тобы оның аталып өтуіне оң көзқараспен қарайды. Бірінші топ аят-хадистерде мәулітке қатысты ешқандай нұсқаудың жоқтығын, әуелгі ғасырларда сахаба не табиғиннің (сахабаның көзін көрген мұсылман) сөз етпегенін, мәселен, мәзхабымыздың имамы – Әбу Ханифа, сонымен бірге онда мұсылман емес өзге қауымдарға ұқсаудың бар екенін алға тартады.

Ал оң көзқараспен қарайтын ғалымдар да өздерінің дұрыс көрген дәлелдерін келтіріп, оның рұқсат әрі халыққа пайдалы амал екенін айтқан. Алла елшісінің туылған күні турасында Құран мен хадистерде не айтылған?! Алла Тағала қасиетті Кітабында Пайғамбардың өмірімен ант береді. Өмір адамның дүниеге келуімен басталатыны белгілі. Хижр сүресінің 72-аятында: «Өміріңе серт! Олар, расында мастықтарында дел-сал еді». Бұл біздің Пайғамбар өмірі мен туылған күніне мән беруімізді білдіреді. Келесі аятта салауат пен сәлемдер айтуды міндеттеген. Ахзаб сүресінің 56-аятында: «Расында Алла, Пайғамбарға рахмет етеді. Періштелер салауат айтады. Әй Мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер» - деген. Ал хадистерге келетін болсақ, Алла елшісі әр дүйсенбі күні ораза ұстайтын болған. Оның себебін сұрағандарға: «Бұл мен туылған, пайғамбарлық келген және Құран түсе бастаған күн»[4] - деп жауап қайтарған. Әйгілі имам Нәуәуидің ұстазы Әбу Шәма былай дейді: «кейіннен пайда болған істердің ең ұнамдысы – Пайғамбар туылған күнінде садақалар, атқарылатын игі істер мен пенденің көркі мен қуанышын көрсетуі. Аталған құбылыс әлемдерге рахым ретінде жіберілген Алла елшісіне деген сүйіспеншілік пен құрметті білдіреді»[5]. Хафиз Ибн Әл-Жазари: «Мәуліт – сол жылдың амандығы мен нәбидің сүйінші хабарына ынтызарлықпен жету»[6] - деп айтқан. Имам Ирақи (әйгілі ғалым Ибн Хажар Асқаланидің ұстазы) мынадай пікір білдірген: «Өзгеге тағам ұсыну әр уақытта мұстахаб (сауапты амал), ал осы бір шарапатты айда неге сол қуанышпен бірге Пайғамбар нұрын көрсетуді (яғни еске алу, салауат айту) оған қоса алмаймыз, мәулітке бидғат (жаңашылдық) деген үкім беру ләзім емес, қаншама мұстахаб бидғат бар, ол кейде уәжіп (міндетті амал) болады»[7]. Өзге көптеген атақты ғалымдар мәулітті тойлаудың рұқсат етілген, ұнамды іс екендігін айтқан. Демек, оның дінімізге қайшы еместігін көреміз, керісінше атап өтудің және оған салауат айтудың сауапты іс екені даусыз.

Бұл жердегі жамағат болып «Мәуліт» оқудың мәні Исламдағы ауызбіршілік пен бауырмашылдықтың жоғары деңгейде екенін көрсетеді.  Бабаларымыз айтады «Ынтымақ – бұзылмайтын қорған, қосылып еккен ағаш – орман». Осы ынтымағымыз қазір қандай деңгейде? Діни жораларға барсаң «Мәулітті атап өтуге болмайды», «анау бидғат», «мынау ширк» деген секілді болмашы дүниені дауға айналдырған жұртшылықты аңғара қаламыз. Мұндай талас-тартыстың төркіні қайда? Бұл біріншіден білімсіздік, екіншіден ауызбіршілігіміздің әлсірей бастағандығы. Сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыз қуанышын да,  қайғысын да бірге бөліспеп пе еді?!

Біздің қоғамымызға қазіргі таңда ең керегі – бірлік пен татулық. Дін де ұлтқа, қоғамға, ұлыс пен ұлттардардың бірлік үшін іс қылуын насихаттайды. Ендеше, біз де ата-бабамыздың мыңдаған жылдар сүзгісінен өткен, сол арқылы өзінің өнегелі-үлгілілігін, өміршеңдігін дәлелдеген сауапты амалдарды жасауды әсірешілікке салмай, ауызбіршілігімізді сақтағанымыз абзал[8].

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

бөлім басшысы  М.Мұстафаев



[1]Әр-рохиқ махтум, 54 б.

[2]Барохин жалииа, 28 б.

[3]Әл-Бидая уә нихая, 13/147 б.

[4]Сахих муслим, 2050

[5]Әл-Бағис алә инкар уәл хауадис, 23 б.

[6]Әл-Мәуәһиб ләдәния, 1/223 б.

[7]Әдиллә китәб уә суннә фи жауаз ихтифал, 147 б.

[8] http://maturidi.kz/

0 пікір