Көркем мінез – баға жетпес байлық!
Көркем мінез – баға жетпес байлық!
09.09.2020
3672
0

Мінез – адам баласының ішкі жан дүниесінің сыртқы көрінісі деуге болады. Сондықтан, әл-Фараби бабамыз «Мінез – жанның айнасы» деген екен. Әдетте, біз адамдарға қарап мінезі жақсы екен немесе жаман екен деп баға беріп жатамыз. Жақсы мінез-құлық, рухани байлық – ұлы бабаларымыздан қалған мұра. Бұл асыл құндылық біздің қанымызға сіңген. Көркем мінез – адам бойындағы жақсы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы. Дін ғалымдары: «Көркем мінез» сөзін кеңінен қарастырып, адам баласының жеке өзіне, отбасында, жұмыс орнында, қоғамдық орындарымен құлшылығына қатысты іс-әрекетінде әдепті болу, жақсы атқару, тіпті талас-тартыс, кек алу, ажырасу, арыздану, өтініш, қарызды талап ету, жазалау, сондай-ақ соғыс кездерінде де шариғат талаптарымен әдептерін сақтай отырып атқару, - деген. Көркем мінез – ол пайғамбарлардың мінезі, ол шыншылдар мен ізгілердің мінезі. Ендігі кезекте көркем мінезділіктің пайдасына тоқталып өтсек.                                             

Дана халқымыз мақал-мәтелдерінің бірінде: «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі», - деген. Сонымен қатар «Он бәленің тоғызы тілден», «Ұрлық түбі – қорлық», «Біреуге ор қазба - өзің түсесің», «Жақсыға барсаң жадырап қайтарсың – жаманға барсаң жабығып қайтарсың», - деп өскелең жастар бойына тағылым мол тәрбие нәрін құйып отырған. Халқымыздың осындай ұлағатты сөздері – тұнып тұрған тектілікке баулитын тәрбие. Есейе келе дін мен дәстүрді қоса меңгерген ұрпағы, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен.   Осы орайда біршама адасқан ағым өкілдерінің бойынан табыла бермейтін көркем мінезділік туралы асыл дінімізде айтылған ғибратты аят, хадистерге үңілсек.         

Айша анамыздан: Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) былай айтты: «Я, Алла тағалам! Жаратылысымды көркем  еткенің сияқты, мінезімді де көркем етші!» - деп дұға ететін деді (Имам Ахмад хадистер жинағы).       Сағд ибн Һишамнан жеткен хадисте Айша анамыздан: Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мінез-құлқы жайында сұрағанда, ол: «Сендер Құранды оқымайсыңдар ма? Ол: «Ия, оқимын» деді. Айша анамыз: Оның мінез-құлқы – Құран ғой», - деп жауап берген (Муслим риуаяты).            

Әрбір саналы мұсылман баласы көркем меніздің биік үлгісі ретінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) өмір жолын, оның іс-әрекетін негізге алады. Қазіргі  уақытта кейбір мұсылман бауырлар пайғамбарымыздың (с.а.с.) сыртқы көріністі паш ететін сақал өсіру, балақ қысқарту, мисуак қолдану секілді амалдарын орындап, шариғат талап еткен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мейірімділігіне, қарапайымдылығына, әділдігіне амал жасамауда. Ислам дінінің талап еткені де адамның ішкі сұлулығы, ислами көркем мінездің әрбір әрекетінде орын алуы.                          

Пайғамбарымыз (с.а.с.) адамзатқа қай тұрғыда болмасын адамдармен қандай қарым-қатынаста болу керек екені жайында сөзімен, іс-әрекетімен үлгі-өнеге көрсеткен. Соның ішінде жанұямен қарым-қатынаста Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Сендердің жақсыларың жанұяларына жақсы болғаны, мен сендердің ішінде жанұясына ең жақсы қарайтын адаммын» деген (Тирмизи риуаяты). Ал келесі бір хадиске үңілсек жақсы мінез-құлықтың асқан үлгісін көре аламыз: «Пайғамбар (с.а.с.) ешуақытта не әйелге, не қызметшіге қол көтерген емес» - деген (Имам Муслим риуаяты).             

Алла Тағала Құран Кәрімде сүйікті елшісі жайында: «Уа, Мұхаммед!» Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым етіп жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят) - деген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, әркез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындаған, тіпті мүшріктерден қорлық көрген кезде оларға қарсы дұға жасамаған.                  Қорыта айтқанда қай заманда да адам бойындағы жаман мінез-құлық өзіне ғана зиян тигізіп қоймай, қоғамға да елеулі зарарын тигізетіні баршамызға мәлім. Түрлі келеңсіздіктер мен кекілжіңдердің себепшісі болған жаман мінезден арылу жолында тигізген септігіміз болсын деп,  тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінда Алла Елшісінің (с.а.с.) мына хадисін келтірсек: 

 «Қиямет күні амалдар таразысында ең ауыр салмақ тартатын көркем мінезден артық ештеме болмайды. Асылында, көркем мінез иелері ораза ұстайтындар мен құлшылық ететіндердің дәрежесіне қол жеткізеді» (Әбу Дәуд).

 

М.Салиходжаев

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

0 пікір