Имандылық күллі тәрбиенің атасы
Имандылық күллі тәрбиенің атасы
12.02.2019
1666
0

  Имандылық үлкенді сыйлау, ар - ұят, ожданды білу, инабатты болу осы тәрбиеден басталады. Өйткені ар - ұят, ождан - иманның кілті. Имандылыққа деген ұмтылыс адам бойындағы табиғи құбылыс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Имандылық негізінен жетпіс немесе алпыс тармақтан тұрады. Оның ең әлсізі, жолдан зиянды нәрсені алып тастау. Ал күнәға барудан ұялу, ол имандылықтың бір бөлігі» - деп бұйырған. Хадистің мағынасын тереңдеп түсініп, мұсылман қазақ еліне ислами тәлім - тәрбиені насихаттау қызметін атқарған данышпан Абай Құнанбайұлының 38 – ші қара сөзінде: «Имандылық тек сену ғана емес, әділетті іс істеу, ынсап, ұят бұл қабілеттен шығады» - деп жазуы да әлбетте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) - ның хадистерінен халқымызға уағыздап, тәрбиеге шақыру үшін болатын. Халық арасында сақталған бір шумақта:


 

Десе де таң атпаймын күн қоймайды,

Қуалап өтірікті шын қоймайды.

Құйрығы арамзаның бірақ тұтам,

Түбінде арамзалар дым болмайды.


 

- деп көрсеткендей өзімізге зияны тисе де шын сөйлеу керек. Бұл турасында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Ойы арам, айлакер, сөзінде тұрмайтын жандар тозақтың отына күйеді» - деп бұйырған.

Алла Тағала Әл-Имран сүресінің 184-аятында: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарп қылғандар. Сондай - ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық етушілерді сүйеді» - деп бұйырған. Сол себепті Алла муминдерге ашуы келгенде, өзін - өзі ұстай алуын және жетімдерге көмек беруді бұйырды. Әрдайым адам шыншыл болса, адал еңбекпен мал тауып, адал жесе, жақсылармен жолдас болып, ілім үйренсе, мейірімді де, қайырымды болса, үнемі көңілді пәк жүрсе, міне сонда ғана мұсылмандық бес парыздың ең басты сенімі калимаға - тіл келтіріп, имандылықты өтегені болады. Иманның басы - сенім, ал иманның тәні - бес уақыт намаз, жүрегі - Құран, күмбезі - ықылас, ниет, тілек. Иманның сөзі - Алланы еске алу, нұры - шындық, хақ сөйлеу, дәмі -пәктік, жемісі - ораза тұту, жапырағы - тақуалық, дәрісі - ар, ұят.

Иман төрт жерде сақталады: көңілде, жүректе, көкіректе және тәнде. Ал ұят - көзде, бетте, санада сақталады. Осыған байланысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Ислам нақты, яғни көзге көрнекті. Ал иман - адамның жадында яғни көзге көрінбейді, жасырын тұрады» - деп бұйырған.

Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар - ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет. Баланы үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, адамгершілікке баулу адамгершілік тәрбиенің жемісі.

Сайып келгенде, қоғамда әдеп - инабат нормаларының терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Сондықтан да Н.Өсерұлының «Мұсылмандық қағидалары» атты Алматының «Өнер» баспасында 1994 жылы жарық көрген кітабының 13 - бетінде былай деп қорытындылайды:

Ей пенделер! Ғафыл қалмаңдар. Мейлің кәрі, мейлің жас, мейлің еркек, мейлің әйел, мейлің білгір, мейлің надан, мейлің бай, мейлің кедей, мейлің ауру, мейлің сау болыңдар, бәрібір топырақтан жаралғаннан соң ерте ме, кеш пе әйтеуір сол топырақтан жерге қайтіп кіреміз. Одан құтылудың ылажы жоқ. О дүниедегі азаптан құтқаратын жалғыз шамшырақ - иманды болу.

Аталарымыздың аузында айтылатын өлең шумағында:

Лә иләһә иллаллаһ,

Иллаллада пайда бар.

Білмеген құлда не айла бар.

Сапар ауыр, жол ұзақ,

Азығыңды сайлап ал!

– деп жырлауында өте үлкен өнеге бар. Барлығы өз қолымызда алыстан іздеудің керегі жоқ. Бәрі қасиетті Құранда жазып көрсеткен. Төле би бабамыз айтқандай: «Нәрестенің бесігі – кең дүниенің есігі». Саналы білімді адам ақиқатты саралап ала алады.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы  

 Салықбаев Қайрат Құралтайұлы

0 пікір