Әйелдерге жасалынған материалдық жеңілдіктер
Әйелдерге жасалынған материалдық жеңілдіктер
30.05.2018
702
0

Ислам діні – отбасы мүшелері арасында арнайы әлеуметтік – материалдық  және мүліктік теңдік жүйе қойған. Әйелдің күйеуі және балалардың әкесі болатын ер кісі яғни, отағасы отбасының барлық шығындарын өз мойнына алады. Сондықтан да, ер кісіге балалардың тәрбиесі мен отбасындағы тәртіп – жүйеге байланысты кейбір өкілдік міндеттері берілгендіктен, апа- қарындастарына қарағанда мирастан алатын үлесі көбейтіле отырып, әлеуметтік қуаты арттырылған. Себебі, жұбайының, балаларының және отбасындағы қиыншылыққа ұшыраған кейбір ағайын- туыстың қажеттілігін қамтамасыз ететін адамның мұндай қолдауға мұқтаж екені айтпаса да түсінікті.
Тұрмыстағы әйел күнкөріс қажеттіліктерін өзіне тиесілі мал- мүлкі болса да, одан пайдалануға міндетті емес. Оның шығындарын күйеуі өтеуі тиіс. Құран Кәрімде былай деп бұйырылады: «Олардың (аналардың) салтқа сай азығы мен киім- кешегін алу әкенің мойнына жүктеледі.» (Бақара, 233) «Мүмкіншілігі мол адам нәпақаны мүмкіншілігіне сай берсін, рызығы азайғандар да Аллаһтың өзіне бергенінен нәпақасын берсін!»(Талақ, 7) «Оларды (ажырасқан әйелдеріңді) күш- қайраттарың жеткенше отырған мекендеріңнің бір бөлігіне отырғызыңдар!» (Талақ, 6)
Қасиетті хадисте былай деп бұйырылған: «Жұбайларыңның сендерде жағдайларыңа сай жеп- ішу ақылары бар.» Демек, әйел кісі үйленіп, күйеуінің үйіне орналасқаннан кейін барлық жеп- ішу, киіну, тұрғылықты мекен т.б. барлық шығындарын өтеу күйеуіне тиесілі. Мұның барлығы ысырап етілмей әрі сараңдық жасалмай жұптардың әлеуметтік дәрежелеріне қарап қамтамасыз етіледі. Киім- кешек үшін отбасының жағдайы мен Исламға сай салт негізге алынады. Әйелдің жылына ең аз дегенде жаздық және қыстық екі киім алу құқығы бар. Киімнің құрамына күнделікті тұрмыстық  үй жиһаздары да кіреді. Күйеуі әйелін ішінде жиһаздары жеткілікті әрі жақсы көршісі болатындай тұрғын үймен қамтамасыз етуі керек, Әйел күтімге зәру болғанда немесе өзі сияқты әйелдердің қызметшісі бар болса, оған қызметші жалдау да нәпақаға кіреді.
Балалардың күнкөріс шығындарын әке өтеуі керек. Ислам діні бұл тақырыпта да әйелге жүк салмаған. Қасиетті аятта былай деп бұйырылады: «Егер (балаларыңды) сендер үшін олар (аналары) емізетін болса, оларға емізу ақысын толық өтеңдер!» (Талақ, 6) Мұнда ажырсақан әйелдің идда (күту мерзімі) біткеннен кейін де өз баласын емізген жағдайда төлемақы алу құқығына ие болатындығы туралы баяндалады. Ал, бұл жағдай баланың күнкөріс шығындарының өтелуі әкеге тиесілі екендігін көрсетеді. 
Хз.Айша анамыздан былай деп риуаят етіледі: «Әбу Суфянның әйелі Хинд б, Утба Расулуллаһтың алдына келіп: «Ей, Аллаһтың Елшісі! Әбу Суфян өте сараң адам. Маған және балаларыма жеткілікті түрде нәпақа бермейді. Оның мал- мүлкінен өзінен хабарсыз алсам, маған күнә бола ма?»деп сұрады. Хз.Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Оның мал- мүлкінен өзіңе және балаларыңа жететінін ғана алуыңа болады.» деп жауап береді.»Демек, әке өзінің ұл баласына балиғатқа жеткенше немесе мамандық иесі болғанға дейін ал, қыз баласына жасы қаншаға келсе де тұрмыс құрғанға дейін бағып- қағуы керек. Қыз бала жұмыс істеуге міндетті емес, бірақ Исламның талаптарына сай бір жұмыста істесе, шығындарын өзі өтейді. Күйеуі қайтыс болған немесе ажырасқан әйел қайта әкесінің үйіне оралса, алайда әкесі қайтыс болған болса, кезектегі туған- туыстың қарамағына кіреді.
Ер кісіге жоғарыда айтып өткен мүліктік жауапкершіліктеріне орай, әйел кісіге қарағанда, көбірек мирас беріледі. Қасиетті аятта былай делінген; «Аллаһ сендерге балалар туралы еркекке әйелдің үлесінен екі есе мирас берулеріңді бұйырады,» (Ниса, 11) Осылайша ер баланың апа- қарындастарымен бірге мирас алуы жағдайында олардан екі есе үлес алуы отбасындағы әлеуметтік жағдайын күшейтеді. Бұл жағдай оның міндетіндегі мүліктік жауапкершілікке сай жасалынған. Бір жағынан ата- ана, апа- қарындас секілді туыс- туғандарынан материалдық қиыншылыққа тап болғандарға нәпақа беру міндетінің болуы да еркектің әйелге қарағанда көбірек мал- мүлікке мұқтаж екендігін білдіреді.

 

 

ОҚО дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
МКМ-нің теолог маманы
Рысбеков Кенжебек Төребайұлы

0 пікір