ТҮРКІСТАН, 23 шілде. Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» дін саласы мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға арналған «Зайырлы мемлекет пен қоғам» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, теологтар, дінтанушылар, заңгерлер және ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері қатысты.
Семинарды Түркістан облысы дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Абуов ашып, зайырлылық қағидаттарын түсіндіру, халықтың діни-құқықтық сауаттылығын арттыру және мамандардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру маңызды екенін атап өтті.
Дінтанушы Кеңшілік Тышқан «Зайырлы мемлекет пен діни қағидаттар қатынасы» тақырыбында баяндама жасап, мемлекет пен дін арасындағы қатынастардың құқықтық негіздерін түсіндірді.
Заңгер Құнанбай Мусаев адам құқықтарының ұлттық құндылықтармен, салт-дәстүрлермен және тарихи тәжірибемен сабақтастығына тоқталды.
Теолог Болат Шоманов діни радикалдануға әсер ететін әлеуметтік, психологиялық және ақпараттық факторларды саралап, оның алдын алу жолдарын таныстырды.
Қатысушылар өңірдегі діни ахуал, жастармен тиімді байланыс орнату және деструктивті идеологиялардың алдын алу мәселелері бойынша пікір алмасты.
Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.





