ТҮРКІСТАНДА «ЯССАУИ КЕРУЕНІ» ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ СЕМИНАРЫ БАСТАУ АЛДЫ
ТҮРКІСТАН, 21 шілде – Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қожа Ахмет Яссауидың рухани мұрасын кеңінен дәріптеуге арналған «Яссауи керуені» ғылыми-танымдық семинары бастау алды.
Ауқымды рухани-ағартушылық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды жаңғырту, тарихи тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Семинарды «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ерлан Дәкенов жүргізді. Ол Қожа Ахмет Яссауидың рухани мұрасы ұлттық бірегейлікті нығайтуға, өскелең ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеуге қызмет ететінін атап өтті.Жиында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Әбішов Нұралы Әлмаханұлы және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Алтаев Ертай Кенжебекұлы сөз сөйлеп, Қожа Ахмет Яссауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу мен кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Ол «Яссауи керуені» жобасы өңір тұрғындарының тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдағы рухани тұтастықты нығайтуға серпін беретінін жеткізді.Жобаның жастардың тарихи-рухани танымын арттыруға, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға және қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететінін айтты.Семинар барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «Қожа Ахмет Яссауи мұрасының тарихи және рухани маңызы» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым ұлы ойшылдың түркі дүниесіндегі орнына және оның ілімінің қазіргі қоғам үшін өзектілігіне жан-жақты тоқталды.Университеттің доценті, дінтанушы Сержан Оразбай «Яссауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, «Диуани хикмет» еңбегіндегі адамгершілік, имандылық және рухани кемелдену идеяларының тәрбиелік маңызын түсіндірді.«Яссауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, теология ғылымдарының докторы Бауыржан Сайфунов «Қожа Ахмет Яссауидың тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама жасап, Яссауи мұрасының ұлттық сананы қалыптастырудағы орнына назар аударды.Философия докторы Төлеген Мұхит Яссауи ілімі мен қазақ халқының салт-дәстүрлері арасындағы тарихи және рухани сабақтастық мәселелерін кеңінен талдап берді.Іс-шара барысында қатысушылар Қожа Ахмет Яссауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, жастар арасында насихаттау және рухани құндылықтарды қоғамдық өмірге кеңінен енгізу бағыттары бойынша пікір алмасты.Сарапшылар Яссауи мұрасын дәріптеу рухани қауіпсіздікті нығайтудың, ұлттық тұтастықты сақтаудың және дәстүрлі құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудің маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті.«Яссауи керуені» жобасы алдағы уақытта облыстың барлық қала және аудандарында жалғасады. Жоба аясында тұрғындарға арналған ғылыми-танымдық кездесулер, семинарлар және рухани-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады.Қожа Ахмет Яссауи мұрасын кеңінен танытуға бағытталған жоба өңір тұрғындарының тарихи-рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, қоғамдағы рухани келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етпек.














+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru