Сауран ауданында Қожа Ахмет Ясауидың рухани-философиялық мұрасын кеңінен дәріптеуге бағытталған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары ұйымдастырылды.
Рухани-ағартушылық іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Семинарға «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ерлан Дәкенов модераторлық етті.
Жиында Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы және Сауран ауданы әкімінің кеңесшісі Мухаммеджан Ергешбайұлы Джумадиллаев сөз сөйледі.
Олар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жүйелі зерттеу мен кеңінен насихаттаудың, өскелең ұрпақтың тарихи-рухани танымын қалыптастырудың және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
Семинар барысында профессор, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, дінтанушы Сержан Оразбай, «Яссауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов және философия докторы Төлеген Мұхит мазмұнды баяндамалар жасады.
Спикерлер Қожа Ахмет Ясауи мұрасының тарихи және рухани мәні, хикметтеріндегі ізгілік пен адамгершілік құндылықтары, сондай-ақ ұлттық сана мен салт-дәстүр арасындағы сабақтастық туралы ой бөлісті.
Кездесу барысында Ясауи мұрасын жастар арасында кеңінен таныту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы рухани тұтастықты нығайту бағыттары талқыланды.
«Ясауи керуені» жобасы алдағы уақытта Түркістан облысының өзге де қала-аудандарында жалғасын табады.



