Бірлік түбі – береке
Бірлік түбі – береке
25.03.2021
1429
0

Кез келген ел, кез келген ұлт бейбітшілікте өмір сүруді қалайды. Өз елінің, өз жерінің өсіп-өркендеуін аңсайды, өз халқының ашық аспан астында алаңсыз болуын армандайды. Себебі татулығы мен келісімі жарасқан, саяси тұрақтылығы берік мемелкеттің бағындаратын биігі әрқашан жоғары болады.Қазіргі таңда елімізді мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті өмір кешіп келеді. Осындай бірлік пен достықтың арқасында Қазақстан әлем алдында беделді елге айналды.

Қазақ халқының өмірлік тәжірибесінде «бірліктің» маңызы орасан зор. Қазақ өз тарихында бірліксіз тірлік қылғанда ғана қапыда қалып отырды. Бірлік адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың бірден-бір алғышарты. Ол белгілі бір топтың, ұжымның, халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайды. Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «бірлік болмай тірлік болмас», «бірлік түбі – береке», «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш - күншілдік, іштарлық, араздықтық деп тауып, жұртшылықты мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан, ел тізгінін қолына ұстаған адамдар - ақсақалдар, билер, хандар ел ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса көңіл бөлген.                                                                          

Қай заманда болмасын ел ішіндегі береке-бірлік, көршімен татулық ең маңызды рөлге ие болатын. Өйткені, жер бетіндегі өзара келіспеушілік пен дүрдараздықтар белгілі бір мемлекеттің шаңырағының шайқалуына, ел іргесінің сөгілуіне әсерін тизібей қоймайтын. Сол себептен де  соңына сөнбес қасиет пен өлмес өсиет қалдырған Қаз дауысты Қазыбек би:                       

«Бір дегеніңіз – бірлігі кеткен ел жаман.

Екі дегеніңіз – егесіп өткен ер жаман» десе, Хакім Абай:

«Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» - деп, бірлік болмай тірлік өнбесін анық аңғартты. Қазақтың бірлігін Хакім Абай да, еңбектерінің негізінде халықты бірлікке шақырып, елін еркіндікке сендіре алған, нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ұлы істер толқыны бола білген ұлт көсемі Әлихан мен Ахмет бастаған Алаш арыстары да армандап өтті.

Иә, еліміз сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, сәт сайын өсіп-өркендеп келеді. Елдің іргесінің бекем болып, кез-келген жағдайда шаңырағы шайқалмауының кепілі – бірлік пен тұрақтылық екенін асыл сөзді бабалар өсиетінен анық аңғаруға болады. Бірлік түбі – береке. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып саналады. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің баға жетпес байлығы. Қазақстан тарихының едәуір бөлігі – оны мекендейтін халықтардың этностық және мәдени өзара іс-қимылдарының тарихы. Әлемдік тарихта әртүрлі ұлт өкілдерінің бір жерде, бір елде бірлесіп өмір сүруі – әсте де тың құбылыс емес. Бұл ретте, Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыттардан жалғасын тауып, сабақтасып келеді.               

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ адамзат үшін ең қымбат қазына – ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді – қастерлеп сақтай отырып, еркін дамуда. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі достықтың бай тәжірибесі ұлттық татулық пен келісімнің ғана халықтардың экономикалық теңдігі, саяси және мәдени дамуын, өзара достықты, ұлттық мүдделер мен ұлттық ерекшеліктерді, тілдердің бір-біріне деген құрметін қамтамасыз ете алатынын көрсетті. Мемлекетіміздің стратегиялық мақсаттарында ұлтаралық татулықтың, халықтардың өзара түсіністігі мен келісімін нығайта беру, оларды алдағы уақытта топтастырып, жарастыра беру айрықша орын алды. Бүгінгі күні қоғамымыздағы ауызбірлік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынас соның нәтижесі деп айта аламыз. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан.

М.Салиходжаев

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

0 пікір