Дін жария үшін емес
Дін жария үшін емес
29.09.2023
627
0

Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана. Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның белгілі бір күшке сенуі. Дін – бүкіл болмыстың түпкі себебі барын, дүние-болмыстың жаратылу мақсатын, оның сыр-сипатын түсіндіріп, танып-білуге және адамның рухани жетілуіне мүмкіндік жасайтын әдіс-әрекеттер мен бүкіл дүние танымды болмысты, толық қамтитын өте кең, ауқымды ұғым.

Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың діни сеніміне еркіндік берілген. Қазіргі таңда жастар дінге бет бұрып, діни білім алуға ынталы. Бірақ қо­ғам­да ис­лам діні белгілі бір киімді ғана киюге шақырады деген пікір қалыптасып қал­ған. Пай­ғамбардың бізге қал­дыр­ған ережесі бар. Бірақ исламда киімнің қан­дай да бір формасы туралы ештеңе айтылмаған, ол мүмкін де емес, өйткені ислам бір ұлттың және бір климаттың ғана діні емес, тұтас адамзаттың діні.  Пайғамбар Мұхаммедтің «Алла сендердің түрлеріңе, дүниелеріңе қарамайды...»,-деген хадисін негізге келтіре аламыз. Дін киіммен, сыртқы көрініспен өлшенбейді, бастысы ішкі жан дүниесі.

Сондай-ақ, қазіргі таңда қаламына «өзі қожа, өзі би», ешкімге бағынышты емес, ақпарат кеңістігінде еркін ой ақтаратын белді сыншы, блог жүргізетін адамдар дінді насихаттауда. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші дінді үйрету ісі басқа салалардағы сияқты арнайы мамандануды талап етеді. Тіпті ғалымдар дінді зерттеу жолында бүкіл өмірлерін сарп етіп кеткен болатын. Бұдан діннің күрделі сала екендігін, сондай-ақ, діннің атынан бір ауыз сөз айтудың өзі үлкен жауапкершілікті іс екендігін аңғаруға болады. Ал елімізге келер болсақ, біздің елде ислам дінінің тағылымдарын насихаттап оларды үйрету арнайы маманданған мешіт дін қызметкерлеріне тапсырылған. Сондықтан да, дінді көшедегі әрбір көлденең келген көк аттылардан емес, осы мақсатта арнайы тағайындалған дін мамандарынан сұрау аса маңызды іс екенін ескергеніміз дұрыс болмақ.

Дін адамзат баласын әділдік пен бейбітшілік жолына үндейтіндігі белгілі. Бірақ, діни білімсіздік сол әділдік пен махаббатқа жету мүмкін емес.

Діни білім туралы мұсылман дінтанушысы Абу Хамид Мұхаммед ибн Мұхаммед Әл-Ғазали (1059 – 1111): «Пайдалы біліммен шұғылдану бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайдалы білім – дүниенің жамандығын, ақыреттегі жағдайдың қауіптілігі мен қорқыныштылығын түсіндіретін білім. Дүниеге беріліп, ақыреттен бет бұрған адамдардың надандығы мен ақымақтығын, олардың бойындағы өркөкіректік, күншілдік, екіжүзділік, өзін-өзі сүюшілік, атаққұмарлық пен мансапқұмарлық, дүниеге құштарлық сияқты жүрек дерттерінің дауасы не екендігін білдіретін білім – пайдалы білім»,-деген екен.

Жеке адамның мейірімді, ізгі қасиеттері мол, адамгершілік қасиеттері жақсы дамуы үшін діни білімнің тигізер әсері зор.

Дінді дұрыс түсіндіру ешқашан өзінің өзектілігін жоғалтпаған, ал дінді бұрыс түсіндіру адамзат баласына үрей, қорқыныш, қайғы, үмітсіздік сияқты адамды торығуға әкеледі. Адам осындай қиын жағдайларда өз сенімі, үміті, жалбарынуы, тәубеге келуі арқылы рухани дүниесінде тыныштық табады.

Халық арасында кең тараған «Cауатсыз дәрігер жан алса, сауатсыз молда діннен шығарады»,-деген қанатты сөз бар. Дін адам баласының бұл дүние мен о дүниелік өмірін бірге қамтығандықтан өте сақтықты талап етеді. Дін жайлы сөз сөйлейтін адам, егер сол саланың маманы болса адамдарды дүние мен ақиретте бақытқа кенелтеді, ал шала сауатты біреу болса, адамдардың екі дүниесінің де астаң-кестеңін шығарады. Мұның соңы, Пайғамбардың  хадисінде келгендей «Нәтижесінде өздері де, өзгелер де адасып тынады»,-делінген. Сондықтан дін жайлы әңгіме қозғау үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Қорыта айтқанда, қоғам жекелеген адамдардың әлеуметтік бірлестігі болғандықтан, бәрінің игілігі әркімнің игілігінен құралады. Әркім үйде де, түзде де бір мінезді болып, өз-өзін есепке алып, өз адамгершілік болмысына сай болып, жан-жағына жағымды қарап, риядан арылуға тырысуы тиіс. Сонда ғана осы шақтағы ортамыз толып, болашағымызға деген сенім мен үміт артады.

 

А. Құрманбек

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» 

КММ-нің  теолог  маманы                                               

 

0 пікір