Лудомания – қоғам дерті
Лудомания – қоғам дерті
14.12.2023
3650
0

         Лудомания –  адам өмірінде негативті тұрғыдан басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы.  Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ рухани тұрғыда да әбден азғындатты.

         Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне  енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған ақпараттарына сенсек, елімізде ойын құмарлықтан жапа шеккендердің саны отыз алты мыңнан асып жығылады.

         Адам баласын екі дүниеде зиянға ұшыратып, бақытсыздыққа душар ететін рухани дерттердің бірі – құмар ойнау. Алла Тағала қасиетті Құранда құмар ойынға тыйым салып: «Уа, иман келтіргендер, арақ-шарап, құмар, табынуға арналған пұттар және жебелермен бал ашу шайтанның амалы саналатын лас істер. Ендеше одан аулақ болыңдар. Мүмкін, құтыларсыңдар», деп айтқан («Мәйда» сүресі, 90-аят).

         Аятта құмарды «ластық» іс деп атауы жайдан жай емес. Өйткені «рижс» (ластық) сөзі  – әрі зиянды, әрі күнәлі нәрсеге қолданылады. Сонымен қатар бұл істердің шайтанның ісінен деп атаулы да тегін емес. Себебі шайтанның мақсаты  адамды азғырып азапқа душар ету. Осының өзі адам баласына тыйым салынған іс екендігін ұғындырып тұр. Аяттың жалғасында: «Мүмкін құтыларсыңдар», – деп аяқталуында да үлкен мән бар. Өйткені құмарды тастау – құтылуға жетелейді, жеңіске жеткізеді. Яғни, құмар сынды жағымсыз әдеттен арылған адам мақсатына жетеді. Мұсылманның мақсаты – дүниеде де, ақыретте де бірдей жеңіске жетіп, екі дүниенің бақытына кенелу. Егер не нәрсе бұл мақсаттың алдын орайтын болса, мұсылман адам оны сөзсіз тастауы керек.

         Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім ант бергенде Лат, Уззаның (пұттар) атымен ант етсе, «Лә иләһә иллаллаһ (Алладан басқа Құдай жоқ)», – десін. Ал, кімде-кім досына «Жүр құмар ойнайық», – десе, садақа берсін», – деген (имам Бұхари, Мүслим). Шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салған. Кімде-кім досына құмар ойынды ойнауға ұсыныс жасаса, оның садақа беруі қажет. Сонымен қатар хадистен құмар ойынды ойнау былай тұрсын, оған шақырудың өзі күнә екенін білдіреді.

         Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет. 

         Лудоманияның кесірінен еліміздегі отбасы институты күйреуде. Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойын әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40%-ы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады.

         Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20 %-ы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Ал шарасыз күйге түскендері өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатады. 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, 3 676 суицид фактісі тіркелсе, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға әуес адам жасаған. Соңғы үш жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 трлн. теңгеден астам қаражат салған.

         Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері жан-жақты талқыланған болатын. Ел Президенті өз сөзінде: «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деп атап өткен болатын.

         Сөз соңында құмар ойынның құмарлығынан шыға алмай, құрдымға кеткен талай жас көз алдымызда. Бұл дерт күн өткен сайын қанатын жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдатты. Қоғамдық дертті, қоқысқа тастайтын уақыт жетті. Уақыт өткен сайын жастармыздың санасын улап, құрдымға түсіруде. Мәселені уақыттың еншісіне қалдырмай, тиісінше дұрыс әрекет жасап, жастарымызды дерттен сауықтырып, уақытты емшіге айналдыруымыз қажет.

 

А.Тағай

Түркістан облысы дін істері

басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу

орталығы» КММ бөлім басшысы                                            

 

0 пікір