Еліміздегі діни сауат ашу курстарының маңыздылығы
Еліміздегі діни сауат ашу курстарының маңыздылығы
10.03.2021
926
0

Әрбір мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарды бірінші кезекте мемлекет құрушы ұлттың діни қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар.  «Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері біз асыл дінімізді тереңірек танып білуге мүмкіндік алдық.

«Таза мінсіз асыл тас, Су түбінде жатады. Таза мінсіз асыл сөз, Ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас, Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады», – дейді Асан қайғы. Осы бір өлең шумағынан ұғарымыз, адам шын ниет, зор тебіреніс арқылы ғана жан дүниесіндегі ұлы құдіретті аша алады.

Тарихқа көз жүгіртсек, ықылым замандардан-ақ қазақтың небір ғұламалары әуелі сауатын медреселерде ашқан. Ұлы Абайдың да медреседен тәлім алғаны белгілі. Міне, осындай діни оқу ордасының берген білімінің тиянақтылығы, құнарлылығы арқасында ол адамдар қазақтың ірі-ірі тұлғаларына айналды.

Жасынан медреседе білім алып, халықтың мақтанышына айналған тұлғалар қаншама?! Олар тарихта өз ғасырының ғұламалары атанып қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа тағылымдық-тәлімдік, білім мен біліктілік мәні жоғары мұралар қалдырды. Олар жайында айтылып-жазылып жүр, дегенмен сол ғұламалар бесігі – медресе туралы көпшілік көп біле бермейді. Оның басты себебі насихаттың кемдігінде деп ойлаймын. Орта Азия мен Қазақстанда білімнің, ғылымның, мәдениеттің қайнар бастауы VIII-XII ғ.ғ. жататынын жадымыздан шығармауымыз керек. Еуропадағы алғашқы университеттердің ашылу мерзімінен 300 жыл бұрын қазақ даласында мұсылман мектептері мен медреселер қызмет етті. Олардағы оқыту мен сабақ жүргізуінде өзіндік дәстүр қалыптасып, ол бірнеше ғасырға дейін үзілмей жалғасын тауып, жаңашылдықпен дамыды. Мұсылман мектептері мен медреселеріндегі шәкірттер діни сауат ашумен қатар философия негіздері, математика, музыка, құқықтану, медицина саласынан білім алып, білікті маман ретінде қалыптасып қоғамдық ортаға белсене араласқаны белгілі жайт. Медреселерді сөз ете отырып, онда білім нұрын таратқан шәкірттерге үлгі болған ұлағатты ұстаздарды атай өткен абзал. Мұсылмандық танымда ғылым мен білім  тұтас ұғым. Өз кезінің озық ойлы перзенттері Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Ұлықбектер де діни медреселер түлектері еді.

Дүниелік білім беретін мектептерде, орта және жоғарғы оқу орындарында оқушылар мен студенттер түске дейін сабақ оқыса, одан басқа уақыттарда бос. Ал медреселерде әрбір сәт білім алуға жұмсалады десек, қателеспейміз.

Кешегі атеистік қоғамның әсері ме, медресе дегенде, оны басқа оқу ордаларымен салыстырғанда, төмен дәрежедегі оқу орны деп түсінетін адамдар баршылық. Өйткені, өткен ғасырдың басында қазақ жеріндегі медресе атаулының бәрі «ескіліктің нышаны» деп тегістей қиратылды емес пе?

Еліміздегі көптеген облыстық, аудандық, қалалық мешіттер жанынан көпшілікке арналған діни сауат ашу курстары ұйымдастырылған.  Ислами білім берудің бастауыш деңгейі – діни сауат ашу курстары жетілдіру мақсатындағы бірқатар өзгерістерді қажет етеді. Өйткені діни сауат ашу курстары көпшілік арасындағы ислами ағартушылық жұмыстарын жүйелі түрде және кең көлемде жетілдіруге  мүмкіндік беретін басты тетік болып табылады. Бірақ діни сауат ашу курстарының басы кемшіліктерінің бірі – шәкірттерге ешқандай жауапкершілік жүктемейтіні, сондықтан курс шәкірттерінің оқу үдерісін кез келген уақытта үзіп, тастап кетуі жиі кездеседі. Нәтижесінде діни сауат ашу курстарына түскен шәкірттер саны мен бітірушілер саны арасында үлкен айырмашылық пайда болады.  

Бүгінгі күні Қазақстанда дін мамандары екі бағытта – дінтанушылар мен теологтар ретінде даярланады. Дінтанушылар дінді ғылыми тұрғыдан зерттеп, жалпы әлемде бар барлық діндердің тарихы мен теориясын қарастырса; теологтар құдайды, дінді іш жағынан, діни тұрғыдан зерттеп, құдай идеясын мойындайтын және негіздейтін діндерді, ең алдымен, әлемдік діндерді зерттейді. Дінтанушы мамандарды Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Шет тілдер және іскерлік университетінде (алғашында Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және бүкіләлемдік тілдер университеті жанындағы Шет тілдер факультеті болған), Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Қарағанды қаласындағы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша даярлайды. Дінтанушы мамандарға мемлекеттік, діни және қоғамдық ұйымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында тәуелсіз сарапшы ретінде және сарапшылар комиссиясы құрамында, мемлекеттік басқару, сыртқы және ішкі саясат бөлімінің, дін істері агенттігінің қызметкерлері, мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары ретінде сұраныс жоғары.

Жалпы, діннің қоғамдағы рөлі артқан сайын, бүгінгі қоғамның сұранысын қанағаттандыра алатындай дін мамандары мен діни қызметшілерді даярлайтын орта және жоғары оқу орындарын құру мен қолдауға көңіл бөлінуде. Тәуелсіздік алған бастапқы жылдармен салыстырғанда бүгінгі күні Қазақстанда дінтанушы және теолог мамандарды даярлау біршама алға басқанын атап өту қажет.

 Бұдан басқа, ислам, христиан, шығыс діндерімен айналысатын профессорларды студенттерге дәріс оқу үшін арнайы шақыртады. Бұл әрекеттердің барлығы Қазақстандағы дінтану ғылымының алға басуына, жан-жақты білімді дінтанушыларды даярлау ісінде өз үлесін қосары сөзсіз.

 

Түркістан облысы

«Дін мәселелер зерттеу орталығы» КММ теолог маман                 Б.Абдрахман

0 пікір