Білімсіздік бүлікке бастайды
Білімсіздік бүлікке бастайды
26.04.2022
538
0

Кез келген діннің түпкі мақсаты – қоғамды ізгілік пен мейірімге шақыру. Әйтсе де, дін атын жамылып, елді алатайдай бүлдіретін топтар бар. Қоғамда алауыздық тудыратын деструктивті ағымдардан төнетін қауіп орасан. Оларға қалай тосқауыл қоюға болады? Жастардың тура жолдан тайып, адасуының себебі не?

Дін төңірегіндегі дау-дамайға тоқталар болсақ, «әліпті таяқ деп білмейтін» жандардың да бұл тақырыпқа келгенде даурығып қоя беретінін көзіміз көріп жүр. Бейтаныс адамдарды былай қойғанның өзінде бір атадан туғандардың бір-бірімен «анау ширк, мынау бидғат» деп бос таласқа бой алдырып жатуының бірнеше басты себептері бар. Солардың бастысы ретінде соңғы кездері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі теріс ағымдардың білімсіздіктен жасап жатқан жұмысын атап айту керек. Егемендік алғалы елімізге ептеп енген түрлі теріс ағымдар қазіргі таңда қазақ топырағында айтарлықтай тамырланып алғаны ешкімге жаңалық та емес. Жетпіс жыл «құдайсыз қоғамда» өмір сүрген қазақ руханиятындағы бос кеңістікті сол кездерден бастап жаулап алған жат пиғылды ұйымдардың көздегені біреу-ақ. Халық арасында іріткі салып, елді ішінен бөлшектеу.

Осыны мақсат еткен олар бағзы заманнан қалыптасқан дәстүрлі діни ұстанымды мансұқтап, кереғар қағидаларын енгізе бастады. Жымысқы әркеттері барсында дін мамандарының, еліміздегі құлшылық ордаларын, ондағы қызмет етіп жүрген имам-молдалардың мәртебесін төмендетіп, адасқан етіп көрсетуге тырысты. Сан заман бойы салтымызға сіңісіп, дәстүріміздің діңгегіне айналған дәстүрлі діннің ақиқатын теріс бұрмалап, тек өздерінің ұстанған жолын дұрыс деп көрсетіп бақты. Нәтижесінде намаз оқымайтын ата-анасынан кәпір деп теріс айналған, ата-бабасының мазарын қиратқан, бейбіт күнде қолына қару алып, қан төккен дүбәра «діншіл» қауым пайда болды.  Еліміздің ірі қалаларында орын алған  атыс-шабыс, дінді желеу етіп бүлік шығарғандар бұлардың барлығы да осы теріс ағым жетегінде кеткендердің әрекеті. Қарап тұрсаңыз, теріс ағым өкілдері ел арасында дау-дамай тудыруды былай қойып, бүлік салуға көшті. Бұл – білімсіздіктен туатын қоғамдағы дерттің ең жанды жері. Сөзіміздің басында дін тақырыбына келгенде ділмарсып кететіндердің көп екенін айтып өттік. Солардың қатарына бір-екі діни материалдардың басын шолып, сонымен талас-тартысқа түсіп жүрген азаматтарды да қосуға болады  Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген аталы сөз бар. Тура біз сөз етіп отырған жандарға арналғандай. Діни білімі болмаса да өзімбілемдікпен айтқан ол кісілердің пікірі де онсыз да өршіп тұрған дау-дамайға тамызық болып жататыны тағы бар.            

Теріс ағым өкілдері ғылым мен білімге қарсы. Олар адамды діннің фанаты болуға шақырады. Заманауи ғылым мен білімді – діни емес деп елемейді. Неге? Өйткені, білімді адам оң мен солын оңай ажыратып, тура жолды тез табады. Ал, экстремистік көзқарастағы ұйым өкілдері үшін айтқанға көніп, айдағанға жүретін тобыр керек. Осыдан келіп тек өздерін дұрыс санаған теріс діни ағымдардың түпкі мақсатын көруге болады.  Бұған жалпы халықтың діни білімсіздігін қосыңыз. Дін дегеніміз осы екен деп көсемдерінің сөзіне иланған жастардың ақ-қарасын ажыратып жатпастан, соқыр сеніммен адасуларының бір ұшығы осы білімсіздікте жатыр. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген сөз бар. Қазақ халқы бұл сөзді қарғыстың ең ауыры деп те жатады. Бүгінде бұрылмасқа бет алған кейбір азаматтардың өзінікін ғана жөн деп, күллі мәзһаб ғалымдарын жоққа шығарып, аты-жөні белгісіз біреулердің айтқанына құлдық ұруы осы білімсіздіктен туындап жатыр. Ал, білімсіз адамның бойын тәкаппарлық пен менмендіктің меңдей түсетінін түсіндіріп жатудың қажеті де жоқ деп ойлаймын.  Жат ағым жайын қозғай қалсақ, «мәзһаб», «ақида», «талақ», «жиһад» мәселелерін айналып өте алмаймыз. Ғалымдар ортасында өз уақытында шешімін тапқан тақырыптарды қарапайым халық арасында қозғау кімдерге және не үшін қажет болғанына тоқталсақ. 

Бұл айтып отырғандарымыз – теріс ағым өкілдерінің жұмыс жүргізу тәсілдерінің бірі. Қазіргі таңда жаңа кездескен екі мұсылман адам бір-бірінен ру сұрасқандай «қай мәзһабтасың?», «ақидаң қандай?» деп жататын жағдайға жетті. Себебі неде? Себебі, осы арқылы теріс ағымдағылар өздерін ерекшелеп көрсетіп, соңдарынан ерген соқыр сенімдегілердің кеудесіне нан пісердей күпініп жүрулеріне жол ашады. Жайнамазға жақында ғана жығылып, өзін ұлы бір міндетті атқарып жүргендей күй кешіп жүрген олардың құлағына «мәзһаб ұстанғандардың бәрі адасқан, тек біз ғана тура жолдамыз» деген сөздің майдай жағатыны жасырын емес. Енді бұл сөздердің қатарына «ширк, бидғат, ахи, ухти» деп жалғасып кете баратын бірқатар терминдерді қосыңыз. Өздерін бейнамаз жандардан айырып тұратын мұндай «асыл сөздерді» қосып сөйлеудің олар үшін орны бөлек. Көріп отырғанымыздай, білімсіздіктен туындайтын қауіп-қатер орасан. Әсіресе, дін мәселесі сөз болғанда өте нәзік мәселеде білімсіздік пен көрсоқыр сенімге ілесу талай елдің ойранға салып, қаншама отбасының шаңырағын ортасына түсіріп жатқанына өкінішке орай куә болып та жүрміз.

Қорыта айтқанда, ондаған ғасыр бұрын Ислам ғалымдарының ортақ ижтиһадымен шешімін тапқан тақырыптарды қайта қозғап, араб тілінің бір-екі сөзін араластырып сөйлеу арқылы бірте-бірте халық арасында өздерін ерекшелеп, яғни жоғары етіп көрсету – бұл теріс ағымға ерген адамдарға тән білімсіз әрекеті дегіміз келеді. Бірақ, халыққа қажеті бүлік емес, бірлік, ынтымақты тіршілік. Қараңғылықты жарық жояды, надандықты білім. Сондықтан, қараңғылықтың жауы – жарық, надандықтың жауы – білім. Діни сенім адамдардың дүниеге, жаратылысқа, өмірге, қоғамға және өзіне деген көзқарасын айқындайды.

 

М.Салиходжаев

 Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы                                   

 

0 пікір