Ата-анаға құрмет – баршаға міндет!
Ата-анаға құрмет – баршаға міндет!
14.08.2020
1278
0

Отбасы – қоғамның негізгі бөлшегі саналады. Сол себепті отбасында бір-біріне деген құрметпен, мейірімділікпен қараса, қоғам да соншалықты берік болады. Ислам діні отбасын өзара сүйіспеншілік, жанашырлық сезімін қалыптастыратын «қасиетті шаңырақ» ретінде қарайды. Қасиетті шаңырақты шайқалтпай негізін қалыптастыратын ең берік тірек – ата-ана. Адамның дүниеге келуіне себепкер болып, жетілуінде ерекше рөл атқаратын ата-анаға – ең әуелі құрмет көрсетілуі тиіс аяулы жандар. Адам құқына ерекше көңіл бөлген ислам діні ата-анаға құрмет көрсетуді міндеттеген. Ата-анаға құрмет – тек ар-ождан мәселесі ғана емес, басқа да парыздар секілді ғибадат болып табылады.

Ата-ананың қадірін түсініп, оларды Алланың рақымдылығына бөленуге себепкер деп білгендер – бақытты жандар, ал оларды өздеріне жүк санап ауырсынғандар – өз келешегінің бақытсыз болуына қадам жасағандар. Оларға лайықты дәрежеде құрмет көрсетпеу – дінде Жаратушыға қарсы келумен бірдей. Құранда әке-шешеге деген құрметтің нағыз шыңын көрсетеді: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың біреуі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп кейіс білдірме. Әрі оларға зекіме! Әрдайым оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр»- деген (Исра, 23-24). Аятта бұл мәселенің маңыздылығына назар аудару, адамға балалық шағын елестетіп сүйіспеншілік, мейірім мен жанашырлық сезімдерін ояту үшін: «егер олардың біреуі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде (жандарыңда)қартайса» - делінген. Қартаюдың өзіне тән құрметі болумен қатар, оның әлсіздігі мен дәрменсіздігі тағы бар. «Қолдарыңда (жандарыңда)» - дегені, қартайған әлсіз шағында паналауға мұқтаждықтарын білдіреді. Тіпті, оларға«үһ»- деп айту арқылы әке-шешеге әдепсіздік танытпау керектігі айтылып, «оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле», оларға «әбден шаршаттыңдар» - деп айтушы болма, жылы сөздер айтып көңілдерін аула дейді. Мейірім шуағын жайып олардың тілегін тілеп, алдарында бас июге шақырады. 

Ардақты Елші (с.а.с): «Ата-анасын сыйлап, оларға қамқор болған перзенттерге сүйінші! Алла олардың өмірін берекетті етеді» – деген (Сахих Бұхари. Әдаб. 1). Ал басқа бір хадисте: «Кімде-кім өмірінің ұзақ, ризығының мол және берекетті болуын қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын», - деген (Ахмад ибн Ханбал. Муснад. III/156). Олай болса, адам баласының рызқы - несібесі ата-анасына байланысты.Үйдің берекеті ата-анасы, әрине түсінген жанға. Кімде-кім ата-анасына құрмет көрсетіп, олардың ізгі дұғаларын алған болса, оның дүниедегі рызық,несібесінің көбеюіне де өзіндік септігін тигізеді. 

Құран мен Пайғамбарымыздың көптеген хадистері ата-анаға жақсылық жасауға ерекше көңіл бөлген. Алла Тағала мына аятта әуелі өзіне шүкір етуге, содан кейінгі кезекте ата-анаға шүкіршілік етіп, алғыс айтуға шақырады: «Маған және әке-шешеңе шүкіршілік ет, қайта оралар жер менің құзырым» (Лұқман,14 аят). «Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді...»- деген (Ахкаф, 15 аят). Осыған байланысты, анаға құрмет жайлы айтылған хадисте: Пайғамбарға (с.а.с) бір кісі келіп: «О, Алланың Елшісі! Кімге жақсылық жасайын?» деп сұрағанда, Ол «Анаңа»- деді. Ол кісі қайта сұрағанда тағы да «анаңа», үшінші рет сұрағанда да «анаңа» деп жауап бергеннен кейін «әкеңе, содан кейін жақындығына қарай басқа жақындарыңа» - деп жауап берген (Әбу Дауд, Әдәб 129, (5141); Тирмизи, Бирр 1, (1898)). Тағы бір хадисінде Пайғамбар (с.а.с.): «Әке – жаннаттың ортаңғы қақпасы. Қаласаң, оны тәрк ет, қаласаң сақта» (Тирмизи, Бирр, 3) десе, бір сөзінде перзенттің ата-ана алдындағы ауыр жауапкершілігін былайша баяндайды: «Перзент әкесінің құнын әкесін құлдықтан сатып алып, азат еткен жағдайда ғана өтей алады»(Бухари, Әдәбуль-муфрәд, 6; Муслим, Итқ 25 (1510); Әбу Дауд, Әдәб 129 (5137)). Міне осы айтылғанның бәрі – Исламның ата-анаға берген маңыздылығының көрсеткіші.

Шын мәнінде әлемдегі ең ұлы ақиқат – ата-ананың балаларына деген мейірімі. Бүкіл өмірін балаларына арнаған ата-ана құрметке бөленуге ең лайық жандар. Олай болса ар-ожданы ояу әрбір перзент осындай құрметті, адал берілген дос, шынайы жанашырларға құрмет көрсетіп, сыйлап, қызмет жасап олардың ризашылығын алуы керек.

Бүгінгі таңда кейбір бауырларымыз діннен алшақ немесе бейхабар жандарды «кәпір» деп қаралап, тіпті кейбірі намаз оқымайтын мұсылман ата-анасы турасында «кәпір» - деген түсінікте болғандықтан, олардың қолынан тамақ ішпей жатқанын естудеміз. Бұл барша Пайғамбарлардың жолына да, ардақты Пайғамбар Хазреті Мұхаммедтің (с.а.с)сүннетіне де жатпайтын қылық. Себебі Құран Кәрімнің «Мәриәм» сүресінде: «Уа, Мұхаммед): Кітаптағы Ибраһим (а.с) пайғамбарды есіңе ал. Негізінде ол турашыл Пайғамбар еді. Сол уақытта әкесіне: «Әй әкетайым! Естімес, көрмес, сондай-ақ өзіңе бір пайдасы жоқ нәрсеге неге табынасың?», – деді. Мына аяттан байқап отырған боларсыздар, Ибраһим пайғамбар өзінің пұтқа табынатын әкесіне сондай жұмсақ түрде «Әкетайым»- деп, оның пұттарға табынуының дұрыс еместігін айтып сөз қозғайды. Аяттың жалғасында:«Әй, әкетайым, расында маған, саған келмеген білім келді. Сондықтан маған ілес. Сені тура жолға бастайын»- деді, мына аятта да әкесіне сол жұмсақ қалпын сақтап, өзіне Хақтан білім келгенін айтып, оны тура жолға шақырады. Баласының мұншалықты жұмсақ әрекетінің өзіне Әкесі «балақайым» деп, әкелік мейіріммен емес, оған қатал түрде: «Әй, Ибраһим! Сен тәңірлерімнен бет бұрасың ба? Егер мұны қоймасаң, әрине сені таспен атамын. Сондай-ақ өзің менен аулақ бол»- деп жауап қатады. Әкесінің осындай қатты сөздерінен кейін де Ибраһим оған «кәпірсің» деместен: «Саған Алланың амандығы болсын. Раббымнан сен үшін жарылқау тілеймін. Өйткені Ол маған өте мейірімді» - деп, мейірімділік толы сөздермен жауап берген Осы оқиғадағы Ибраһим пайғамбардың (а.с) пұтқа табынатын әкесіне жасаған әрекеті діннен бейхабар мұсылман ата-аналары хақында «кәпір» -деген тар түсінікте болған кейбір бауырларымызға үлгі болмақ.

Ата-ана балаларына жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, қарай алмаған болса да балалары оларға жақсы қарауға міндетті. Өйткені, кісі қартайған сайын бала сияқты қорғансыз болып қалады. Сәбиінің балалық шақтағы қырсық әрекеттеріне кешіріммен қарап, мейірімділік танытып, енді өздері балаларына мұқтаж болған кезде оларға жақсы қарау – адамдықтың асыл борышы. Сондықтан да ата-ананы тірі кезінде қадірлеп, қастерлеп, қажеттіліктерін өтеп, қарасып, рухани әрі материалдық бар мүмкіндіктерді жасап өту баршаға міндет!

 

 «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің маманы     Ш.Досанбаева

 

0 пікір