Қазақ халқының дәстүрі дін мен астасып жатуы
Қазақ халқының дәстүрі дін мен астасып жатуы
04.11.2020
821
0

Адам баласы жаратылғалы бүгінгі күнге дейін дінге деген қажеттілігі күн тәртібінен түспеген. Пифагор: «Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын», - деп тегін айтпаса керек. Дініне бекем ұлттың өресі де, алар асуы да биік екеніне тарих куә.

Әр  халықтың өзінің ұлттық құндылықтары болады. Сол құндылықтарын ерекшелендіріп тұратын тілі, діні, ділі және дәстүрі. Дәстүр кез-келген халықтың ежелден қалыптасқан мәдени шаруашылық тәсілі, өмір тіршілігін айқындап, белгілі бір дәрежеде орныққан жүйесін көрсетеді.

Қазақ ұлтының табиғи болмысына тән рухани басымдылық деңгейде қалыптасқан тіршіліктің өзегі дін деп түсінеміз. Діни сана негізінде қалыптасқан әдет-ғұрып, жөн-жоралғылар салт-дәстүрмен тікелей байланыста. Дәстүрдің діндегі орны ерекше. Қазақ халқының дүниетанымымен сабақтасып жатқан салт-дәстүрлері ислам дінінің қазақ даласына енуімен кіріп, өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында ислам діні халықтың ділімен біте қайнасып ұлттық болмысының өзегіне айналды. Осыған сай ислам шариғаты дұрыс жолды таңдауымен ізгі мұраттарды бекітіп, жағымсыз мінез-құлықтардан арылтып кісілік қадір-қасиетті нығайтты.  

Көрші-қоңсылар арасындағы қарым-қатынас, үзілмейтін дәстүрге айналған. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген қанатты сөздер қалған. Ұлтымызда жұртқа шеттен жаңа қоныстанған үй иелерін «ерулікке» шақыру деген жақсы дәстүр бар. Мақсаты – бейтаныс көршілермен танысу, араласып дәмге шақырып, сыйласу. Бейтаныс адамды өзіне жақын тартып, керек болса, көмектесіп, көршілердің аяққа тұрып кетуіне жәрдем беру. Бұл ізгі дәстүр кейін келе таныса да, танымаса да, барлық көршілермен жақсы тұру үшін халқымыздың сана-сезіміне сіңіп кетті. Дініміздегі көршіге деген құрметті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) мүбарәк хадисінен білуге болады: Бірде Алла Елшісінен (с.а.с):

– «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, соның қайсысына сыйлық берейін?» – деп сұрағанда, «Есігі ең жақын орналасқанына» – деп жауап берген.

Жақсылық жасауға ең жақын көрші лайықты. Оның салмақты себебі бар. Әдетте кісі қабырғалас немесе жақын көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар. Келімді-кетімді адамның бәрін көреді. Қандай да бір қиындыққа тап болғанда қасынан табылатын да сол көршісі. Сондықтан ондай көрші жақсылық жасауға әбден лайық. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» - деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 36-аятында: 

«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар.  Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге жақсылық жасаңдар», – делінген.

Ислам дінінде көршіге қандай да бір залал тигізіп, жамандық жасауға тыйым салынған. Әбу Һурайрадан жеткізілген хадисте (р.а.) Алланың Елшісі (с.а.с) былай дейді:

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне еш зиянын тигізбесін».

Әбу Шурайхтан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с): «Аллаға ант, ол иман келтірмеді! Аллаған ант, ол иман келтірмеді! Аллаған ант, ол иман келтірмеді!» – деп үш рет қайталайды. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Ол кім?» – деп сұрағанда, Ол (с.а.с): «Оның зиян келтірмейтіндігіне көршісі сенімді болмаған жан» (Бухари), – деген. Яғни, көршісінің сенімінен айрылған адам толық иман келтірген болып есептелмейді.

Дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамдарды құрметтеу рәсімі ежелден бар болатын. Ондай құрмет жасы үлкен кісінің қай рудан, қай жүзден, қай ұлттан екендігіне қарамай көрсетілетін. XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс ғалымдарының бірі Ф.Фон Шварц былай деп жазған болатын: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді».

Ислам діні адамзат баласына кісінің үлкен байлығы мен мансабына қарамай, оған құрмет көрсетуді өсиет етеді. Сол сияқты Ислам діні кішіге де ізет етуге шақырады. Адам баласын құрметтеу Исламның негізі болып табылады. Бұған байланысты мысалдарды Пайғамбарымыздың (с.а.с) ғибратты ғұмырынан көреміз. Меккені азат еткенен кейін Әбу Бәкірдің (р.а.) әкесі Ислам дінін қабылдап, иман келтіреді. Бұл кісі өзінің Ислам дінін қабылдағанын жариялау үшін Пайғамбарымыздың (с.а.с) алдына келуге ниет етеді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с) Әбу Бәкірге (р.а.) былай дейді: «Әкеңіз үйде отырсын, біз оған барайық», – дейді. Міне, осы оқиға әр адамға озық үлгі.

Қорыта келгенде, дін – дәстүрдің таразысы. Салт-дәстүрлер заманына қарай өзгереді. Мысалы, қазақ жерінде кезінде ғұмыр кешкен тайпалардың салт-дәстүрлері бөлек болғаны анық. Ал сол халықтардың жалғасы болып саналатын қазақ халқының нанымы мен танымы, салт-санасы Ислам дінімен бірге қабыса дамыды.

 

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің басшысы    Қ.Салықбаев

0 пікір