Ізгі істердің бірі – жақсылық
Ізгі істердің бірі – жақсылық
12.06.2020
2065
0

Қазақ халқында «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» - деген нақыл сөз бар.  Бір сөзбен айтқанда, жақсы-жаман деп бөлмей, адамға жақсылық жасаудың маңыздылығын, оның аса құнды қасиет екенін бабаларымыз айтып кеткен. Бабаларымыздың «Асыл туған адамның алтын жетпес нарқы бар. Жақсы менен жаманның аспан мен жердей парқы бар» - деген дана сөздер адамды мейірімділікке жетелейді.  

Жақсылықтың өмірде адам баласына берер пайдасы өте көп. Құранның келген  «Ағраф» сүресі, 199-200 аяттарында: «(Мұхаммед) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ білместерден бет бұр.Егер шайтаннан саған бір түрткі болса, сонда Аллаға сиын. Өйткені Ол, толық естуші, өте білуші» - деп, адамды неғұрлым жақсылықтың шамшырағына қарай жетелейді. Жақсылық жайында Құран Кәрімнің «Фуссилат» сүресі 41-34 аяттарында: «Жақсылық пен жамандық бірдей бола алмайды. Сондықтан, жаман қылықтан барынша алыс тұруға тырыс. Сонда саған дұшпан болған адамдар уақыт өте келе жаныңа жиылып, сені жақсы көретіндердің санын толықтырады» - десе, ал «Һұд» сүресі, 114-аятында: «..Ақиқатында, жақсылықтар жамандықтарды кетіреді» - деген.

Ислам діні – тек жақсылықты дәріптейтін дін. Исламда қайырымдылық пен мейрімділік өте үлкен маңызға ие. Алла Тағала мұқтаждарға көмектесу, жақсылық жасау туралы «Мәида» сүресінің 2 аятында: «Ізгілік пен тақуалықта өзара көмектесіңдер» деп бұйырады.

          Мұхаммед пайғамбар (с.а.с):  «Қайсыбір мұсылман өзінің бауырына көмектессе, Алла оған көмектеседі» дейді. Осыған қарап, бір-бірімізге бауырмал болсақ, Алла Тағаланың мол шарапатына ие боламыз. Жақсылық жасау қоғамдағы адамдардың өзара махаббатын, адамдар арасындағы татулықты қалыптастырады.

Алла Елшісі (с.а.с): «Қай жерде болсаңдар да Алладан қорқыңдар және әрбір күнәңді жуатын қайырлы істерің болсын, адамдарға мейірімді болыңдар» - деген екен. Шынында да, жақсылық жасау қоғамның бірлігі үшін аса маңызды. «Елге қылған жақсылық, еленбей қалмайды. Еңбек еткен ерінбей, кенелмей қалмайды» демекші, жақсылық жасауміндетті түрде ол адам үшін дүниені төңкеру немесе әлем білетіндей көмек көрсету емес, кішкене ғана көзге ілінбес жақсылық жасаудың өзі үлкен құрметті іс. Жақсылықтың ісі ең алдымен жақындарыңнан, туысыңнан, достарыңнан басталады. Кейде тіпті жолда кетіп бара жатып, танымайтын үлкен адамның немесе жас жеткіншектің қолындағы сүмкесін көтерісіп жеткізіп берсеңде, бұл үлкен қошеметке ие болар сауапты істің біріне жатады. Көмек көрсету кезінде ол адамды міндетті түрде тануға шартты емеспіз, тек ондай жағдайда адамгершілігіміздің рөлі қаншалықты екені көрініп тұрады. Араласып жүрген достарымызға да қолдан келгенше аямай көмек көрсеткеніміз жақсылыққа апаратын дара жолдың бірі.

Қазақ даласынан шыққан ұлы ойшылдар: Қорқыт АтаӘбу Наср әл-ФарабиҚожа Ахмет ЯсауиЖүсіп БаласағұнАбай Құнанбаев, т.б.  халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы жақсылық, ізгілік ұғымдарына терең мән беріп, оларды әлемдік философиядағы түсініктер деңгейінде қарастырған. Олардың пікірінше, жеке адамның жақсылыққа ұмтылуы, ізгі іс-әрекеттер жасауға құштарлығы әділетті қоғам құрудың басты шарты.

Сондықтан да, жақсылық жасау үшін адам бойында адамшылық, жанашырлық, мейірімділік сезімдері мен жылы жүрегі болуы керек. Сонда ол жаман әдеттен жиреніп, жақсы әдетке үйренеді. Қолынан келгенше ешкімді де, ешнәрсені де бөліп жармай, бәріне бірдей жақсылық жасауға ұмтылады. Біз де сондай болуға тиіспіз. Әлемдегі барлық адамдар тек қана жақсылық туралы ойлап, жақсылық жасауға ұмтылатын болса, онда әлемде тыныштық, ынтымақ орнайды, адамдар бақытты өмір сүреді.

 «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің маманы:  Ш.Досанбаева

0 пікір