Еңбегімен ер сыйлы
Еңбегімен ер сыйлы
08.12.2023
637
0

Негізінен алып қарағанда, өмір, күнделікті тіршілікте адамдар барлық нәрсені үйренуге талпынады. Соның ішінде адамзатты жетілдіретін, алға жетелейтін еңбек ету салтының орны бөлек. Осы орайда жақсы жағынан өз замандастарына үлгі-өнеге болып жүрген жандар ғана өмірдің көркі болып қала бермекші. Әр адам адал жолмен еңбек етіп, бар маңдай терін төксе ғана жұмысының жемісін көре алатыны ақиқат. Қазақ мақалында «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» деген сөз бар. Шаруа жайын ерте көктемнен таңмен таласа тұрып, кеш қарайғанға дейін егіс даласында дамылсыз еңбек етіп, нәпақамды адалынан табамын деген шаруалар білетіні анық. Өйткені, егістіктің сыры иесіне мәлім. Кез келген салада өз үлесімізді қоссақ ел экономикасының артуына септігін тигізетіні сөзсіз.                                                          

Aдaмзaт бaлaсы жер бетінде пaйдa болғaннaн бері өзінің мaтериaлдық және рухани қaжеттілігін қaнaғaттaндыру үшін еңбек етіп келеді. Ислaм дінінде мұсылмaн баласына дүние және aқыреті үшін aдaл еңбек етуді басты назарда ұстайды. Пайғамбардан келген хадистерде еңбек ізгі іс әрдайым иманмен бірге қосарланып, екеуі бір-бірінен ажырамас ұғым екендігі баса айтылған. Ол іс-әрекеттерге құлшылық, ғибадат істермен бірге адал кәсіп ету, отбасы мен қоғам   алдындағы жауапкершілік сынды дүниелік тіршілік істер кіреді.  Егеменді елімізде де ерен еңбегімен танылып, қоғамның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Олар әр салада тер төгіп, тіпті бүтін бір әулетімен белгілі бір қызметтің биігінен табылып мемлекетке өз тарапынан қызмет атқаруда. Мемлекет те мұндай жандарды назардан тыс қалдырмай, насихаттау және қолдау жұмыстарын мықтап қолға алған.                                                          

Адам баласы күн көрісін, ризық-несібесін табу үшін жұмыс істеуге мәжбүр. Адам түгіл табиғаттағы жан-жануарлар да азаннан кешке дейін жейтін азығын табумен әуре. Әсіресе, ара мен құмырсқаның еңбекқорлығы біздерге үлгі болуы тиіс. Демек еңбек етіп әрекет ету, берекетті әкеледі. Алла Тағала «Жұма» сүресінің, 10-аятында: «Намаз өтелген соң, жер жүзіне таралыңдар да Алланың мәрхаметінен несібе іздеңдер»- деп, ризық-несібені еңбек ету арқылы табуға бұйырған. Ислам діні масылдыққа, жалқаулыққа салынуды құптамайды керісінше еңбек етіп, әрекет етуге бұйырады.                                        

Дана халқымызда тірі жанды тырбанып тіршілік етуге үндейтін мынадай мақал-мәтелдер бар. «Адал еңбекпен мал іздемек - арлы адамның ісі». «Бейнет, бейнет түбі – зейнет». «Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей» «Еңбек етсең – емерсің, Ерінбесең жеңерсің». «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды», – деген. Ал Пайғамбардан келген хадисте:«Адал кәсіп табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – деген. Ал қазақтың ұлы ойшыл, жазушысы  Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты». «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі Абайдың айтқан бес асыл ісінің бірі – еңбек.

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой,

Бес асыл іс, көнсеңіз», – деп барша игіліктің негізі  еңбек деп санаған ойшыл ақынның көзқарастары бүгінгі күні де қоғам үшін мағыналы құнды кәсіп іздеп, өнер тауып, адал еңбекпен алға ұмтылуды насихаттайды. Бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасуда кейбір жастарымыздың психологиясында қалыптасқан шеттен тыс қанағатшылдық сезімі еңбек жолында табысты нәтижеге қол жеткізу үшін тәжірибе жинақтауға, жаңа мақсат-мүдделерге, болашаққа талпынуға кедергі келтіреді. Керісінше, жастар еңбек етуде үнемі жаңа қарқынға, заманауи сұраныстарға сай болып отыру мақсатында өз-өзін үнемі жетілдіріп, қамшылап отыруы қажет.              Адам өзінің қайда бет алғандығын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылад. Әрине, нарықтық экономика заманында бәсекеге қабілетті болу үшін бағдарламада қарастырылған білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі қадамдарға жауапкершілікпен қарау маңызды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның - тіленбей» деп дана бабаларымыз айтқандай, еңбек ету дегеніміз – өмір сүру, өз талаптарыңды қанағаттандыру болса, жастарды білім ордаларынан бастап-ақ еңбекке баулу және еңбек етуде білімнің алар орнын айқындап көрсету – біздің міндетіміз.  

Қазіргі замандағы ғылым мен техниканың жаһандану дәуірінде білім алудың маңыздылығын терең түсініп, теориялық білімдерін тәжірибеде, яғни өндірісте жүзеге асыру әр азаматтан талап етілсе, барлық өндіріс саласында озық технологияларды игеру арқылы еліміз нарықта белді орын алары анық. Соңғы кездері елімізде өндірістік мекемелердің жиі ашылуы халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ете алғанымен, кей салаларда мамандардың тапшылығы байқалады. Расында да, білім ордасын жаңа тәмамдаған кейбір жас мамандар бірден биік мансап пен жоғары жалақыны қалайтыны жасырын емес. Бірақ бұл барлық салада бірдей мүмкін бола бермейді. Басты назарда кәсіби шеберлікті шыңдау, білікті маман ретінде қалыптаса алу тиіс. Адал еңбекпен келетін еңбектің жемісі берекелі, ырзыққа толы болатынын ескеру қажет. Әді­летті Қазақстан орнату үшін азаматтарға адалдық керек. Елге адал және әділ қызмет етуден басқа бөтен ой жоқ. Адалдық үстемдік етпей, әділдік салтанат құрмайтынын ұмытпаған жөн!

 

Е.Ештай

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                     

0 пікір