Бидғат дегеніміз не?
Бидғат дегеніміз не?
05.06.2020
2824
0

Бидғат сөзі араб тілінде «ұқсасы болмаған жаңа нәрсені пайда қылу, ойдан шығару» деген мағынаны білдіреді.

Ал, оның анықтамасын ғалым Ъизз ибн Абдуссалам былайша түсіндірген: «Бидғат – Расулалла (с.а.с) уақытында болмаған нәрсені амалға асыру». [«Қауаъидуль ахкәм» кітабы]

Демек, ғибадаттарда, өзге де істерде кездеспеген, кейіннен дінде жаңадан пайда болған амалдар «бидғат» болып есептеледі. Бұл жайында Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с): «Сендер менің және тура жолда жүруші ізбасарларымның жолын ұстап, оны азу тістеріңмен тістегендей бекем ұстаңдар. Дінге жаңалық кіргізуден сақтаныңдар. Әлбетте, әрбір бидғат - қате» - деген. [Әбу Дауд және Тирмизи риуаяты].

«Дінге жаңалық енгізу» дегеніміз – Алла және оның Елшісінің (с.а.с) білмеген нәрсесін «мен таптым», - деген секілді пікір қалдырады. Білуіміз керек, Ислам – Алла тарапынан жіберілген, кемелділік шыңына жеткен дін. Барша Ислам дінін ұстанушы азаматтардың міндеті – діннің мәнін дұрыс түсіну, оны өмірімізде қолдана білу және әр түрлі ырымдарға жол бермеу.

Ғалымдар бидғатты екі тармаққа бөліп қарастырған: Бидғат хасана (жақсы бидғат) және бидғат сәйиә (жаман бидғат).

Бидғат хасана – бұл шариғатта түпнұсқа болып табылатын, осы қағидаларға негізделген және оны қалыптастыру үшін енгізілген қосымша әрекеттерді білдіреді. Бұған мысал ретінде хазреті Омардың істері келтірілген. Алла елшісі (с.а.с) тарауих намазын жамағатпен оқымады. Хазреті Омар халифалығы кезеңінде бұл намазды жамағатпен оқып, «бұл қандай жақсы жаңалық» - деген болатын.

Сондықтан, діни ғылымдарды үйрету үшін бөлек медреселер салу, кітап шығару, мешіттерге кілем төсеу, Пайғамбардың (с.а.с) өнегелі өмірбаянын насихаттау үшін «Мәуліт оқу» секілді діни емес амалдар «жақсы бидғат» болып саналады. Оған еруге және онымен амал жасауға болады.

 Бидғат сәйиә – шариғатта негізі жоқ амалды немесе сенімді енгізу. Мұндай бидғат адасушылық болып, оны дінде пайдалануға тыйым салынған. Мұны төмендегі келген хадис те дәлелдейді: Пайғамбар (с.а.с) «кімде – кім біздің дінімізде орынсыз бір жаңалық енгізсе, ол қабылданбайды» - деген. [Имам Бухари және Муслим риуаяты].

Хафиз ибн Хәжар әл – Асқоләни (р.а) осы хадистің түсіндірмесінде: « Бұл – дінді жалғанға шығарып, бұзудан сақтайтын хадистер топтамасынан болып, маңызды қағиданы қалыптастырған. Яғни,  дінге қайшы келетін, діннің дәлелдері оның ережелеріне қайшы келетін кез – келген адасушылықты қабылдамау керектігін көрсетеді. Алайда, дінге қайшы емес, сонымен бірге, кейіннен дінді қорғау үшін енгізілген, оның қағидаттарына негізделген әрекеттер кері қайтарылмайды» - деген. [«Фатхуль Баридың» Сахих Бухариге берген түсіндірмесі].

Ханафи мәзһабының белгілі ғалымдарынан Мулла Али қори былай деген: «Хадистің мағынасы, кім исламда бір «пікір» ойлап тапса, оған Құран және сүннеттен ашық – айқын немесе ауызша не түпнұсқалық негіз болмаса, ол пікір немесе амал қабылданбайды.» [«Мирқатуль мафатих» кітабы].

Қорыта келе, Ғұламаларымыз жақсы және жаман бидғаттың ортасын ажыратып алудың басты өлшемі – шариғатымыздың жалпы ережелері екенін айтты. Яғни, егер Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) уақытында байқалмаған іс- әрекет осы шариғат ережелеріне сәйкес келсе, онда ол қателікке апаратын бидғат болып саналмайды. Керісінше, бұл мақтауға тұрарлық, «жақсы бидғат» саналады. Бұл дегеніміз, Пайғамбардың (с.а.с) заманында жасалмаған кез келген амал жаман жаңалық емес. Ал, шариғаттың жалпы қағидаларына қарсы болған әр амал немесе сенім «жамандыққа ұласушы бидғат» болып есептеледі. Әрбір мұсылман міне осы бидғаттардан сақ болуы тиіс. Анығын Алла білуші.

Түркістан облысы «Дін мәселелерін  зерттеу орталығы» КММ – нің  

 Жетісай аудандық бөлімі маманы        Б.Шаймерден

0 пікір