Ақ жаулық және салт дәстүр
Ақ жаулық және салт дәстүр
19.10.2020
2324
0

Халқымыз бас киімді қалай құрметтесе, орамалды да киелі деп есептеген. Салмағы жеңіл болғанына қарамастан, барлық аруды қорғап жүруге күші жетерліктей.

Жас келін үшін орамал жаңа өмірдің басталғандығының символы. Қыз ұзатылып, келін болып түскенде беті ашылғаннан кейін үлкен енелері басынан сәукелесін шешіп, ақ орамал салады. Оны жас келінге үлкен ененің салатынында да терең мән жатыр. Мұнда ұлтымыздың От-анасы деген ұғымы қылаң береді. Бұрынғы От-анасы, әулетке келген жаңа мүшеге «байрақты» табыстап, аманат етеді дегенді білдіреді. Сондықтан тұтынған, басқа тағылған осы орамалды бөгде адамға сыйға тартуға болмайды. 67 жыл бойы басынан жаулығын бір тастамаған Жұмагүл әжем: «Емізулі баласы бар әйел нәрестесін ешқашан орамалсыз емізуге болмайды. Ол өте жаман ырым. Баласы есейгенде анасынан безіп, қайырымсыз болады. Және тамақ істегенде де жалаңбас тұруға мүлде болмайды. Орамал деген сендерді жамандықтан қорғап тұратын мықты қорғаушы» деп қыздары мен келіндеріне  айтып отырады.

Нәзік жандардың болмысын толықтырып тұратын орамал еш уақытта аяқ астында жатпауы керек. Оны басып кетуден сақ болған жөн. Мысалы, қатты араздасқан адамдар орамалдың киесіне тоқтайтын болған. Алып қашып келген қыз келісім бермей, көнбей жатса жасы үлкен әжелеріміз орамалын шешіп, ортаға тастайтыны осыған дәлел.   

Орамалды түр-түсіне қарай орнымен тарту сыры тағы бар. Мәселен, жас келіндер ашық түсті, гүлді орамал салуға болады. Ақ, аппақ түстісін «Ақ жаулық» деп атаған. Ол қуанышты, жақсылықты аңғартады. Ал, қара орамал қайғы-қасіретті білдірген. Қайтыс болған адам үлкен жаста болса қара түстісін, жас жігіт болса, келіншегі қызыл түстісін басына тартатын көрінеді. Және оның екі ұшын қайтара байлап алады екен. Мұндайды «Орамалды кері тарту салты» деп атаған.      

Бұрындары орамал деген сезім білдірудің тамаша символы бола білгендігі де  белгілі. Қыздар өздерінің ұнатқан жігіттеріне кестелі орамал тарту ету арқылы бір-біріне ықыластарын білдірген. Үлкен кісілер қонаққа келген үй иесіне мата және оның қасына мідетті түрде орамал қосып алып келеді. Осыдан келе «Орамал тон болмайды, жол болады» деген орамды сөз қалыптасқан. Қарап отырсақ, бір ғана орамал ұғымында қаншама сыр, құпия жатыр. «Орамалды құрметтегендер мойнына салады, қадіріне жеткендер оны басына шығарады», - деседі халқымыз.

  Орамал – ана екеніңді, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. Басты қасиеті де осында жатса керек.

  Орамалды тақпайтын нәзік жан­ды жоқ. Күнделікті өмірде тартпаса да, қонаққа, асқа барғанда іздейтіні анық. Құран оқылған жерде әйел адам жалаңбас отырмайды.

  Орамал тағу жоғалды дегенге келіспей­мін. Мұндай бұйым шаш үлгісін қажет етпейді. Салонға баратын уақытты үнем­дейсіз. Кез келген киімге үйлестіріп таққан орамал сіздің ажарыңызды ашады. Қазір орамал тағудың түрлі әдісі көп. Беті толықша келген қыздарға кез келген орамал жарасады. Көбіне қыздар реңіне, түсіне қарай таңдайды. Беті сопақ қыздар шаштарын түйіп немесе шашының көлемін үлкейтіп тақса болады. Сосын кекіл түсіріп, тақса да  жарасады.

Расында да, айдың-күннің аманында нәзік жандылардың көбісі жалаңбас жүр. Бастағы орамалдың мәнісі – жат жұрттық болып ана атанған жолы жіңішке жандарды тұрмыс құрмаған қыздардан ерекшелеп тұратын. Қазір қызы да бір, анасы да бір. Баяғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұзатылған соң көзден жаулық арқылы көлегейленбесе қасиет қайтады деп айтатын.

 Орта жастан асып, немере сүйіп отырған кейбір апаларымыз бен самайын ақ қырау шалған әжелерімізді жалаңбас күйде көргенде ыңғайсызданып қаласыз. Кезінде күнкөріс қамымен ауылдық жерден қалаға аттанған әйелдер арасында да барған ортасының ықпалымен орамалын шешіп, шаш бұйралап, заман ағымына ілесіп кете барғандар көптеп кездесті. Бірақ, сол ақ жаулықты ұмытуға бола ма? Қазақта «Әйел орамал тартпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі» - деген сөз бар. Міне, талай ақынның жырына, шешендердің нақыл сөзіне арқау болған сол бір дүниенің қадірінің төмендеп кеткенін сезінгенде амалсыздан қынжыласыз.

Шахиста Рысметова

Теолог маман

0 пікір