Әл-Фараби іліміндегі білім мен тәрбие
Әл-Фараби іліміндегі білім мен тәрбие
02.10.2020
2280
0

Қазақ даласы қай заман, ғасыр болмасын ұлы даналарды дүниеге әкелген. Ел үшін, дін үшін еңбек еткен ұлықтарымыз аз емес. Солардың бірі және бірегейі, әлемнің екінші ұстазы – Әбу Насыр әл-Фараби.

Орталық Азия мен Еуропа арасында алтын көпір болып, байланыс кеңістігін қалыптастырған, Ұлы Жібек жолының атақты орталығының бірі болған Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген. Ол өзі өмір сүрген орта ғасырлардың өзінде адамзат ілімінің молайып, ақыл-парасаттың толысуын, оқу-ағартудың қажеттілігін айтып, білім алудың маңызын атап айтты. Әл-Фараби педагогика, психология, эстетика мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға, білім беру саласына жемісті үлес қосқан. Сондай-ақ, ол парасаттылық пен ағартушылықты, білімпаздық пен ізденімпаздықты жақтаған үлкен гуманист. Ол бірнеше ғылым салаларын қамтитын 150-ге тарта трактаттар жазған. Ең өкініштісі біздің заманымызға дейін 40 шақты еңбегі ғана жеткен. «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Музыка туралы үлкен трактат», «Ақылдың мәні туралы трактат», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады. Әл-Фарабидің  бұл еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Әлемге әйгілі ойшылдар Әбу Әли Ибн Сина, Беруни, Бозжани, Омар Хаям секілді ғалымдар әл-Фарабиді ұстаз тұтқан.

Әл-Фараби білім алудың, ілім үйренудің хикметін сезіне алды. Жастайынан зерек болып, әлемнің әр түрлі қалаларында білім алуға ұмтылды. Шын білімді ақиқат, анық білім деп ұққан ғалым білім қуған жанның ойы күнделікті күйбең-тіршіліктен көп алыста жататынын бағдарлай келе, білімді болуды жаңалық ашуға қабілетті болу тұрғысында пайымдайды. Осы тұста да дана ойшыл бақыттың мәні парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында екендігіне баса мән береді. Осыдан кейін білімге, білуге ұмтылмай көріңіз! Өз-өзіңізді танығыңыз келсе, түбірімен өзіңізді өзгерткіңіз келсе, білімге ұмтылыңыз. Өзге жол жоқ. Жетік біліміңнің айқын көрінісі – сіздің білім-білігіңіз.

«Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығының астарынан бір ғана мәселені, яғни, тәрбиенің балалық шақтан бастап дұрыс бағыт-бағдар беріп дамытуы, өте күрделі үдеріс екендігін айқын аңғаруға болады. Өйткені, жас ұрпақ ғасырлар бойында қалыптасып, жүйеленген тәлім-тәрбиені, баба дәстүрін санасына біртіндеп сіңіріп, оны дағдыға айналдырып отырады. Әбу Насыр әл-Фараби де тәрбиеге ерекше мән береді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы» деген әл-Фарабидің атақты қағидасына сүйене отыра, алдымен, ұлы ойшылдың тәрбие жөніндегі ілімдеріне тоқталуды жөн көрдім. Әл-Фараби шығармашылығында көрнекті орын алатын мәселенің бірі – тәрбие. Тіпті, оқып-білім алу, ғалым адам болу мәселесін тәрбиемен тығыз байланыстырады. Ол «Бақытқа жету жайында» атты еңбегінде тәрбиеге анықтама бере келіп: «Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту әдісі деген сөз… Осы қасиеттер және бұлармен байланысты әрекеттер адамдардың жан-дүниесін баурап алатындай және адамдарды осыған жан-тәнімен құштар ететіндей болуы көзделеді», – деп жазды.

Адамзат пен қоғамды білімді етіп, көзін ашу әл-Фарабидің өз алдына қойған міндеті десекте болады. Тек біліммен ғана шектелмей, оқу-білімнен де маңызды дүние – тәрбие екендігін жадынан шығарған жоқ. Дана бабамыздың әлемге әйгілі болып, сан түрлі ғылым салаларын меңгеруі – текті ұрпақтың тебеурінді тәрбиесі мен талаптылық пен ізденімпаздықтың жемісті нәтижесі десек, артық айтпағанымыз болар.

Қорытындылай келе, әлемдік ғылым мен мәдениеттің алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ойшылдың рухани мұрасы да ұшан-теңіз, мол дүние екеніне көз жеткіздік. Ұлы ғұлама өз еңбектерінің басым бөлігін білім үйрену, жас ұрпақты тәрбиелеу, қоғамның гүлденуін көздеп, тәлім-тәрбиелік мақсатқа орайластыра жазған. Әбу Насыр әл-Фараби айтқан адам бойындағы қасиеттерді бойымызға сіңіре білсек, білім мен тәрбиені ұштастыра алсақ, онда біз өзіміздің адамдық болмысымызда «Қайырымды қала тұрғындарын» тәрбиелеп, қоғамымыз ізгілене түспек.

 

 

«Әдістемелік қамтамасыз ету»

бөлім басшысы м.у.а.                                                                       А.Тағай

0 пікір