Сарыағаш ауданы аумағында ақпараттық-түсіндіру бағытында екі бірдей кездесу өткізілді. Ауданның №28 Абылайхан және №31 Т. Бигелдинов атындағы жалпы орта мектептерінде «Экстремизм мен терроризмді насихаттайтын интернет ресурстарының қауіптілігі» тақырыбында, сондай-ақ №14 Алыбай батыр және №5 С. Ысмайылов атындағы жалпы орта мектептерінде «Дін және терроризм: бір-бірімен байланыспайтын ұғымдар» тақырыбында кездесулер ұйымдастырылды.
Кездесулерге Түркістан облысы дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры М. Халықов қатысып, аталған тақырыптар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шаралар барысында интернет кеңістігінде таралатын экстремистік және террористік мазмұндағы ақпараттардың жасөспірімдерге тигізетін кері әсері жан-жақты түсіндірілді. Әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар арқылы жүргізілетін жасырын үгіт-насихат тәсілдері, олардың адамды радикалды көзқарасқа итермелеу жолдары нақты мысалдармен баяндалды.
Сонымен қатар, діннің бейбітшілікке, адамгершілікке және ізгілікке негізделген құндылық екені, ал терроризмнің кез келген діннің негізгі қағидаттарына қайшы келетін қауіпті құбылыс екені кеңінен түсіндірілді. Дінді бұрмалап түсіндіру арқылы таралатын радикалды идеологиялардың қоғамға тигізетін зияны да атап өтілді.
Кездесулердің басты мақсаты – жас ұрпақты жат ағымдардың ықпалынан қорғау, интернеттегі ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, сыни ойлау қабілетін арттыру және діни сауаттылықты көтеру.
Сондай-ақ, жастардың діни білімді тек сенімді, ресми және дәстүрлі дереккөздерден алуының маңыздылығы айтылып, күмәнді діни контенттен сақ болу қажеттігі ескертілді. Интернеттегі ақпаратты саралай білу және ұлттық-рухани құндылықтарды берік ұстану қажеттігі де атап өтілді.
Кездесулер соңында оқушылар мен қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толық әрі түсінікті жауаптар берілді.






+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru