Діни фанатизм
Діни фанатизм
12.03.2018
1960
0

   Діни фанатизм тақырыбы аясында сөз қозғауыма біршама уақыт бұрын сәләфилік бағытта насихат айтып жүрген азаматпен жүргізген сұхбатым мұрындық болды. Жалпы аталмыш сұхбаттар облыс әкімінің бастамасымен құрылған «Әлеуметтік бастамалар орталығында» 4 жылдың көлемінде жалғасын тауып келеді. Көбінесе сұхбаттарымызды диалог түрінде өткізуге тырысамыз. Ешкімнің діни бостандығына қол сұғуды мақсат тұтқан емеспіз. Сұхбат екі кісінің өзара немесе бір кісінің көпшілікпен алма кезек пікір алысуы түрінде де жүргізіле береді. Мұны айтып отырғандағы мақсат сұхбат екі ұдай пікір ұстанатын тараптардың басын қосқанда көп өзгеріске ене қоймайды. Бірақ, мұнда мүдде өзгешеліктеріне немесе ақпараттық-мағлұматтық қорына сәйкес алған білімі мен білігі, түсінк-түйгені әр басқа жақтардың пікір-талас, ой түю амалдарының ерекшеліктеріне орай сұхбат күрделі сөз жарыстарына айналуы мүмкін. Сондықтан ол мұндайда «диалог» үлгісіне көбірек жақын пішінге ыңғайластырылады. Жалпы диалог сөзіне сөздіктерде мынадай анықтама берілген. Диалог — ғылымда танымдық процестің іздеген нәтижеге әр түрлі, бірақ бір-бірімен жарыспайтын көзқарастар, қатынастар, бағыттардың өзара байланысы жолымен жүзеге асырылатын прогрессивтік дамуының түрі ретінде көрінеді. Диалогиялық байланыс процесс диалогтің бір жағы ғана басқаның көзқарасын игеріп қоймайды, сонымен бірге өзінің идеяларымен дамытады және байытады, оны анықтайды, түзейді, жақсартады. Диалог – екі адам арасындағы сөйлеу әрекеті (егер сөйлеушілер екеуден көп болса онда полилог деп аталады). Монологтан айырмашылығы диалогта сөйлеумен қатар тыңдау механизмдері қатар жүреді.
   Аталмыш сұхбат ғаламторда біршама пікір-талас тудырды. Тыңдап, талдағандарда болды. Қоғамда осындай сұхбаттардың жиі болғаны дұрыс деп есептеймін. Сұхбат болған соң екі жақтың өз пікірлерімен кетуі заңды. Қарсы жақ райынан қайтпады, қарсылық білдірді деп айыптаған дұрыс емес деп ойлаймын. Олай болған жағдайда діни фанатизмге жол ашады. Фанатизм (лат. fanaticus — құрбандық) — индивидтің белгілі бір сенімдерге деген, басқа ешқандай баламаны қабылдамайтындай болып қалтқысыз берілгендігі; бұл оның іс-әрекетінде және басқалармен қарым-қатынасында айқын көрінеді. Фанатизм сол жолда құрбан болуға дайындықпен астасады; идеяға берілгендік басқа пікірдегілерге төзбеушілікпен қараумен, ортақ мақсатқа жетуге кедергі болатын әдеп нормативтерін елемеушілікпен ұштасады. Фанатизм — топтың психологиялық феномені. Мұнда фанатизмді әдейілеп топтық категория ретінде алып отырмыз. Топта сана ұғымы болмайды. Топтық деңгейдегі қарым-қатынастар осынысымен қауіпті. Ол қарым-қатынас әр уақытта топтың психологиялық потологиясына ауытқуын оңай ауысады. Бір-біріне тәнті болудан қолдау табатын фанатиктер үшін көтеріңкі эмоциялық, өздерінің көзқарастарын қуаттайтын кез келген ақпаратқа талғамай қараушылық, тіпті тілектестік тұрғыдағы сынның өзін қабылдамаушылық тән. Жоғарыда айтылған психологиялық потологя феномені тап осылай өмірге келеді. Ол жақтастардың мүддесін ғана қорғауды мақсат тұтатындықтан әділ шешім, шындық, ақиқат негіздеріне сүйену, тіпті оны қажетсіну мүмкіндігін қалдырмайды. Топтың тобырға айналу үдерісі үздіксіз әрекеттерін (іштей немесе сырттай) туындатып олардың келесішешімін немесе әрекетін алдын ала болжау мүмкін болмай қалады. Сондықтан да мұндай топтармен жұмыс арнайы психологиялық, теологиялық тіпті жеке индивидтің жан-жақты индивидуальды интелектілік-психологиялық және оның мінез-құлқына жасалған талдаулар қорытындысына сүйенуді талап етеді. Фанатизм екінің бірінде идеологиялық (соның ішінде діни) сипатта болады.
   Елбасы Нұрсұл­тан Әбішұлы өз сөзінде: «…Бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат. Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың Сөзіне деген ашықтық. Бұл – Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттығымызбен, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өске­лең дүниетанымдық әлеуеті бұдан әрі қарай да сақталуға, дамуға тиіс», – деген болатын. Елбасының осы айтқандарын басшылыққа ала отырып, дін мәселесіндегі күрделі ұғымдар мен әр тараптық пікірлердің дұрыс шешімін табу үшін оң қадамға саятын ой-пікір үйлесіміне үйндейтін диалог жасау маңызды деп білемін.
   Діндер – бүгінгі таңдағы әлемдегі ұлтаралық тұтастық­ты нығайтудағы басты фактор. Сондықтан діндерден қайшы­лықтарды емес, кері­сін­ше, ор­тақ белгілер мен қа­ғи­дат­тарды, ортақ негіздер мен ор­тақ құн­дылықтарды, біріктіруші бастау­ды іздеуге мін­дет­тіміз. Айта кету керек, Қазақ­стан діни то­лерант­ты­лық пен конфессия­аралық ке­лісім ісін­де игі дәс­түрлерге ие. Қазақ жері көне заманнан бері сан алуан мәде­ниеттер мен дін­дер­дің тоғысу мекені болған. Демек осы секілді сұхбаттарды боямасыз, ашық, тең жүргізуді қолға алу керек. Себебі осы секілді сұхбаттар қоғамдағы діншілдік төзімділікке алып барады. Ал төзімділік болған жерде шегініссте уақытпен бірге келеді. Егер сұхбатқа келген азамат райынан қайтпай, ҚМДБ тарапына сын айтып жатса, сұхбатты жарамсыз деп кесіп үкім шығару ғылыми, діни мінез-құлыққа жат әрекет. Ұстазыма немесе пәлен адамға тіл тигізді деп діни фанаттық әрекетке барған дұрыс емес. Негізінде діни фанатизм, діни экстремизмге ал ол болса діни терроризмге жол ашады. Әрине бұның соңы жақсылыққа алып бармайды.
   Діни фанатизм араб тілінде «таассуб» деп аталады. Араб тілінде есі ауысқан, жынды болған адамды «асаби» деп атайды. Таассуб діни фанатизмнің шегі. Егер бір мешітте сопы, тариқатшы, сәләфилік бағытты ұстанушы, таблиғшы т.б. діни жамағаттар діни үкім, қағида негізіндегі бірлігін,әуелгі заңды ақиқатқа алып баратын жолды мойындап, ынтымақ бірлікке нұқсан келтірмей бірге намаз оқитын болса, онда ол діни психологиялық тұрғыдан дұрыс ұстанымды, бір ақида, бір ғибадаттық бағыт орнатуға мүмкіндік беруі мүмкін. Ал егер жамағат болып бөлініп, әр жамағаттың өз мешіті болып бөлініп жатса, онда ол жерде берекенің кеткендігінің белгісі ғана емес көп ұзамай-ақ айрандай ұйыған елдің ұйытқысы, қасиетті, киелі ұғым-түсінігін бұзып, елді, ұлтты, мемлекетті қасиетті түсінігі мен бірлігінен айырып, құрдымға жіберетін аса қатерлі қадам деп білу әр бір азаматқа міндет. Бұндай таассуб діни фанатизмнің шарықтау шегі. Дегенмен осы жамағаттың барлығы қандай да бір діни рәсімдерді орындау кезінде дін тегі мен оның үкім-қағидалық негіздерін түсіну-ұғыну талаптарында елімізде ежелден орныққан діни ұстаным мен оған бастау алатын салт-дәстүр ұстанымдары мен аһли сунна уал жамағатының Абу Ханифа мазхабы бойнша елімізде орныққан дәни үрдістерімізді терістемей аталған мазхаб бойынша күллі Қазақстан мұсылмандарының басын қосып отырған ҚМДБ-ның имам-пәтуәгерлерінің шешім-қарарларын мойындайтын болса, дұрысын айтқанда, солай етуге олардың білік-білімі, пайым-парасаты, ой-өрісі, қарым-қабілеті жететін болса, онда бірте-бірте кейбір орын алған келеңсіз жағдайлар біздің елден іргесін аулақ салары анық. Егер ондай ұғым-түсінік, діни пайым-парасаттың негіздері мен мақсатын олар қабылдауға қабылетсіз болып қала беретін болса не болады? Қорқынышты!
   Енді дін мен мемлекет қарым-қатынасы жайлы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп көрсетілген. Қазақстан Республикасы көп ұлтты, көп конфессиялы, көп партиялы мемлекет. Осындағы зайырлы ұғымы діннің мемлекеттік саясаттан бөлінгендігін, мемлекеттік білім берудің діннен бөлінгендігін білдіреді. Сондай-ақ, зайырлылық ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін танытады. Ата Заңымыздың осы зайырлылық туралы нормасы еліміздегі діни қатынастарды реттеудің конституциялық негізі болып табылады. Осы себепті сұхбатты жүргізген уақытта белгілі бір дінді уағыздау немесе жақтау менің мақсатым емес еді.
   Сөзімді қорыта келе айтарым діни фанатизм кез келген айрандай ұйып отырған елдің ойранын шығарып, араға жік туғызып кетуі әбден мүмкін. Осы себепті зайырлылық принципі бүгінгі заманның, әсіресе мұсылман қауымы арасында ислам ілімінің мол рухани қорын жаңа тәсілмен таратудың, түсіндірудің кепілі, демек ұлттардың ұлы өркениеттер көшінен қалмай өсіп-өнуінің ең тиімді жолы деуге болады. Сондықтан кейбір діни мәсе­ле­лер­де мемлекеттің дінге араласуы халықаралық аталмыш мәселеге қатысты ұйымдар арасында келісім болуы құптарлық деп есеп­теймін. Ондай араласу белгілі бір діни топтың мүддесін қорғау, жақтау немесе даттау дегенді білдірмейді.
   Қорыта айтқанда көптеген араздықтар мен дұшпандықтардың басты себебі ретінде діни дүмшелік, дінді толық түсінбеуді айтуға болады. Сондықтан да Елбасымыз: «Біз діни фанатизм мен діни дүмшеліктен қатар сақтануымыз керек» — дейді. Біздің пікірімізше, діни фанатизмге апаратын да діни дүмшелік болса керек. Сондықтан дінді ұстанушылар діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік ұстындарын да қатар меңгергені дұрыс.

 Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Н.Ә.Назарбаев. «Сындарлы он жыл». А., Атамұра, 2003.
  2. «Қазақстан-2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасы Жолдауы.
  3. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Педагогика. Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е.Арын — Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006.
  4. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. А., «Сөздік-Словарь», 2005.
  5. Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. А., «Сөздік-Словарь», 2006.
  6. Әбдімүтәлі ДӘУРЕНБЕКОВ, «Қай істе де тәртіп пен реттілік керек»
  7. «Ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы». А., 2011.
  8. http://egemen.kz/2013/?p=10865

ОҚО дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің
маманы Ұлықбек Алиакбарұлы.

0 пікір