Түркістан облысындағы діни ахуал
Түркістан облысындағы діни ахуал
28.06.2021
1311
0

Қазақстан Республикасында қоғам негізінен екі дәстүрлі дінге тарихи және мәдени тұрғыда бағдарланған: сүнниттік Ислам (Ханафи мазхабы) және православиелік Христиан діні.

Халықтың ұлттық құрамы мен діни сенімі тығыз байланысты. Олар саяси және әлеуметтік өмірге, тұрмысқа, адамдардың мәдениеті мен әдет-ғұрпына, демографиялық және этнографиялық процестерге әсерін тигізеді.

Түркістан облысында халық Ислам дінін дәстүрлі түрде ұстанады деп айтуға болады. Сондықтан да саны жағынан ең басым діни бірлестік Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы болып табылады, оның қарамағында Республика бойынша 2680 діни бірлестік болып, соның ішінде Түркістан облысында 750 ғибадат ететін мешіттері бар.

Қазақстанның конфессиялық кеңістігінде протестанттық діни бірлестік ауқымды орын алып отыр, қазіргі уақытта оның 700-ден астам шіркеулері мен діни ғибадатханалары бар. Түркістан облысында ресми тіркелген протестанттық бағыттағы елуіншілердің-6, баптистердің-7, пресвитериандардың-4, Егова кәугерлерінің-3 діни бірлестігі, жұмыс жасайды. Сонымен қатар облыста ресми тіркелген 1 миссионер бар.  

Ислам Түркістан халқының тарихында, өмірінде ерекше маңызы бар, өнегелік ағарту мен тәрбиенің факторына айналған дін. ҚМДБ Қазақстандағы Ислам дінін қайта жаңғыртуды жүзеге асырудың маңызды тетіктерінің бірі болып отыр. Отандық мұсылман қоғамының дамуын қамтамасыз ете отырып, біздің қоғамның рухани негізін қалпына келтіруге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу мен ұйымдастыру жұмыстарына белсенді қатысып, жұмыс атқарғанын атап өтуге болады. Мүфтият дінаралық диалог мәселесі бойынша ғылыми конференциялар мен семинарлар  өткізіп, үлкен ағартушылық және тәрбиелік қызмет жүргізуде, газеттер мен журналдар шығаруда, интернетте діни басқарманың www.muftyat.kz веб-сайты жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2012 жылдың мамырында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезінің ашылуында сөйлеген сөзінде: «Ислам – бұл адамзаттың мәдени және материалдық мұраларының орасан зор және өсіп келе жатқан қатпары. Қазіргі заманғы және болашақтағы жаһандық қоғамдастықты Ислам әлемінсіз көзге елестету мүмкін емес. Оған тосқауыл қоюдың кез келген түрі көрегенділік емес, тіпті қатерлі де. Үлкен де көп бейнелі әлемнің осынау бөлігінде болып жатқан оқиғаларға түсіністікпен қарау қажет. Қазақстан – мұсылман тұрғындары басымдыққа ие ел. Ислам діні – біздің халқымыздың рухани тіректерінің бірі.

«Біз олардың қандай дінге және этномәдениетке жататынына қарамастан барлық қазақстандықтардың жалпыұлттық бірлігі мен келісімінің ерекше формуласын қалыптастырдық», – деп атап өтті.

Қазіргі уақытта Түркістан облысында Сарыағаш медресе-колледжі облыстағы исламдық діни білім беру орны болып отыр.

Діни ахуалды тұрақты етіп қалыптастырудағы маңызды факторлардың бірі ретінде тұрғындардың, соның ішінде жастардың дәстүрлі және дәстүрлі емес діндерге деген қызығушылығының күн санап артып келе жатқандығынан көреміз.

Жастардың дәстүрлі діндерге деген қызығушылығына бірінші отбасылық тәрбиесі әсер етсе (өз халқының салт-дәстүріне деген құрметі), екінші жағдайда ұйымдардың өз ілімдерін жастарға арналған арнайы әдістерді (шетел тілдерін үйретудің тегін курстары, түрлі салаларға қызығушылығын арттыру клубтары т.б.) қарқынды түрде қолдануы болып табылады.  

Ислам дінін қабылдағанына он үш ғасырға жуық уақыт ішінде қазақ халқы осы діннің аясында ұлт болып қалыптасты. Әр буынның орта жасы отыз жыл деп есептесек, ата-бабамыздың мұсылмандықты қабылдағанынан бері қырық ұрпақ ауысыпты.

Алайда отау ішінен отау тіккен кереғар діни ағымдардың әрекеті ислам дінін қазаққа тәуелсіздік алғаннан бастап келгендей әсер қалдырады.

Бұның бәрі әрине, жат ағымның ықпалы. Кезінде дінге қызығушылық танытқан жастарымыз шетел асып, діни білімді араб елдерінен алып, елге оралған соң қарапайым халықтың атадан балаға мирас болып келген ұлттық құндылықтарын жоққа шығаруға тырысты.

Өздерінің соқыр сенімдерінің соңынан қаншама қандастарымызды тура жолдан адастырды. Рухани және діни тұрғыда шөліркіген қаншама жастардың сеніміне селкеу түсіріп, қаншасын темір тордың құрбаны етті.

 «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясымен елге оралған әйелдерге бейбіт өмір жағдайларына тезірек бейімделуге көмектесу үшін олар үшін оқыту курстары ұйымдастырылады, жұмысқа орналастыруға көмек және басқа да әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Қазіргі таңда облыс көлеміндегі барлық білім беру мекемелерінде Конституция негізінде жасалған ҚР «Білім туралы заңында» белгіленген білім берудегі зайырлылық қағидаттарын басшылыққа, ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығын негізге ала отырып мектеп қабырғасында діни атрибутикаларды пайдалануды тоқтатып, бұл мәселеде бір ізділік жолға қойылды. Мұның бәрі әрине, ата-аналармен дұрыс түсіндірме жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде деп айтуға болады.

Жалпы облыс тұрғындары арасында жүргізген зерттеу жұмыстары барысында діни ахуал зерделенді. Түркістан облысындағы діни жағдай тұрақты деп айта аламыз.

 

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ маманы                                           Б.Өтеген

0 пікір