Тілдің кесапаты
Тілдің кесапаты
29.10.2020
1035
0

         Тіл – қоғамдық құбылыс. Ол қоғамның қажеттіліктерінен пайда болған және қоғамда пайдаланылатын құрал. Бұған тілдің келесі басты қызметі шығады. Яғни, тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы. Тілге анықтама беруде ең алдымен, оның әлеуметтік қызметі, яғни қоғамдағы адамдардың қатынас құралы болу қызметі негізге алынады. Тіл – тек қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге ойлаудың, ойдың жарыққа шығуының да құралы. Адамның ойы тіл арқылы, тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы айтылып, белгілі бола алады. Ой және оның мазмұны тіл арқылы көрініп, сол арқылы ұғынылады. Демек, ойлау мен тіл бір-бірімен өзара тығыз байланыста болады. Осылай болғандықтан, тілдің табиғатын айқындауда оның қатынас құралы болу қызметімен бірге ойлаудың және ойды жүзеге асырудың құралы, ойдың материалдық формасы екендігі де ескерілуі қажет.

         Тілден келетін зияндардың бірнешеуіне тоқталсақ; дінде ғайбат айтуды құптамайтынын жақсы білеміз. Қасиетті  Құранда: «Ей мүміндер. ...Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны ұнатпайсыңдар. Расында, Алла тәубаны тым қабыл етуші, ерекше мейірімді»,[1] делінген. Хақ тағаланың бұл сөздерінен мұсылман жүрегі енді былапытқа жақын келмейтін болады. Ол өсек айту, ғайбат сөйлеу марқұм болған бауырының етін жегенмен бірдей екенін сезінеді әрі кешірім сұрап, жалбарынуға асығуы керек.

        Пайғамбар (с.а.с) хадисінде: «Кімде-кім өзінің бауырын ғайбат сөзден қорғайтын болса, онда Алла міндетті түрде оны оттан құтқарады»[2], – деген. Сонымен бірге шынайы мұсылман ешқашан өсек айтпайды, өйткені ол өсек айту арқылы өзгелер арасында араздық туады, достар арасына іріткі түседі. Адамдар арасына от тастайтын өсекшілерді бұл дүниеде бақытсыздық күтіп тұрса, ал о дүниеде де жақсылыққа жете алмайды. Мұхаммед  (с.а.с.) Миғражға көтерілгенде тозақтың ішінде тілдері желкесінен шығып азапталып жатқан бір топ қауымды көріп, Жәбірейілден (а.с.) бұлардың  кімдер  екенін  сұрайды. Жәбірейіл: «Бұлар өсек, өтірік, ғайбат айтқандар», – деді. Сондықтан да Алланың Елшісі (с.а.с) хадисінде «Біреуге қолымен немесе тілімен зәрердей зиянын тигізбеген адам – нағыз  мұсылман»[3]деп келтірген. Хадисте: «Ғайбат – бір адамның сыртынан оған ұнамайтын сөз айтуың», – дейді ардақты Пайғамбар (с.а.с.). Сонда бір сахаба: «Ал, егер ол айтқаным рас болса ше?», – деп сұрады. Алла Елшісі (с.а.с): «Егер ол туралы айтқаның рас болса, міне, сол ғайбат. Ал, өтірік болса, жазықсыз жала жапқаның»[4], –  деп жауап берді. Нағыз мұсылман біреудің бойынан кемшілік көрсе, қайта ол адамның кемшілігінің түзелуін тілеп дұға етеді. Өсек таратудың қаншалықты күнә екенін ескеріп, мынау кеңестерді есінде ұстаған мұсылман өзін тозақ отынан қорғаған болар еді.

        Әбу Саидтан (р.а) жеткен хадисте: Пайғамбар (с.а.с.): «Адам баласы таңертең ұйқыдан тұрғанда, бүкіл дене мүшелері тілдің алдында бас иіп: «Біз үшін Алладан қорық. Шын мәнінде біз саған тәуелдіміз. Егер сен туралықты ұстансаң, біз де таямыз», –  деп айтады»[5]. Пайғамбар (с.а.с.): «Алла бір мұсылманға екінші мұсылманның қанын, малын және ар-намысын харам қылды»[6], – дейді. Яғни, заттық зияннан өзге, сөз арқылы біреудің ар-намысына тиіп, көңіліне қаяу түсіретін әрекет те харам етілген. Тырнақ астынан кір іздеп, басқа біреудің кемшіліктерін тізбектеп отыру да адамды ғайбатқа жетелейді.

       Ғайбатқа байланысты ғалымдардың пікірлеріне тоқтала кетейік.

       Хараити: Қияметте бір адам сауап дәптерінде жасамаған ғибадаттарын көреді, «Бұлар сені ғайбат еткен адамдардың сауаптары».

       И. Әбиддуния: «Бір жамағат ішінде болғаныңда бір адам туралы ғайбат айтылғанын көрсең, ол адам үшін көмекші бол. Және жамағатты да оны ғайбаттаудан қайтаруға тырыс немесе ол жерден тұрып кет», «Бір адамның жанында дін бауыры ғайбат етілгенде, оған көмектесуге күші жете тұра көмектеспесе, Алла оны дүниеде де, ақыретте де масқара қылады».

        И. Асакир: «Діндес бауырыңның бетіне айтуды қаламайтын нәрсең ғайбат болып табылады».

        Хатиб: «Бір адамның мал-мүлкі аз, бала-шағасы көп, намазы жақсы болса және мұсылмандарды ғайбат етпесе, қияметте онымен бірге боламыз».

        Шира: «Ғайбат еткен адамның дұғасы қабыл болмайды».

        Исфахани: «Ғайбат еткен адам жаһаннамдық болады».

        Ибн Хузәймә: «Ғайбат етпеген адам Алла Тағаланың сенімінде болады».

        Әбушшәйх: «Өлексе жеу – ғайбат айтып, досыңның етін жеуден де жеңіл».

        Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегіндегі тіл мәселесі әдептіліктің сан түрін жырлай келіп, солардың ішіндегі ең бастысы – тіл әдептілігі деген қорытынды жасайды. Дастанның бір тарауы, яғни,  жетінші тарауы түгелдей осы мәселеге – тіл әдептілігіне, мәнерлі, мәнді, сыпайы сөйлей білу өнеріне арналған. Ақын оқырманын абайлап, ойланып-толғанып барып сөйлеуге, тілге сақ болуға шақырады. Қысқаша әрі мазмұнды сөйлей білу, әдептіліктің басы деген тұжырым жасайды.

  Ақыл, білім, тілмашы – тіл, бұл кепіл,

Жарық төгіп, елжіретер тіл деп біл!

Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,

Қор қылар тіл, кететұғын бас болар.

Тіл – арыстан есік баққан ашулы,

Сақ болмасаң, жұтар, ерім басыңды! – деп толғанады.

         Қорытындылай келе, тіл арқылы, жақсы сөз сөйлеуде сауап болып табылады. Тіл адам мен адамды жақындастырады. Ренжіскен адамдармен жақсы сөздерді, жақсы ойды тіл арқылы жеткізіп, татуластырады. Ертеде жазба әдебиеті болмаған кезде ұрпақтан – ұрпаққа осы тіл арқылы салт-дәстүрлер жеткізіп отырған. Тілдің зияны – ойланбай сөйлесең опық жегіздіреді, сол себепті, сөйлеген әрбір сөзімізге мұқият болуымыз керек. Қазақта, «басқа бәле тілден» – деген мақал осыдан қалған. Сондықтан айтылар сөзді алдын ала саралап алған жөн деп ойлаймын.

 

 

А.Шотбай

Дінтанушы



[1] Хужурат сүресі 12-Аят

[2] Тирмизи, Бир 20 хадис

[3] Тирмизи, Иман 12, Нәсәй Иман 8

[4] Муслим, Бир 32 хадис

[5] Тирмизи, Зүһд 61 хадис

[6] Муслим, Бир 32 хадис

0 пікір