Тәрбиесіз берілген білім
Тәрбиесіз берілген білім
18.11.2020
1628
0

Әлімсақтан белгілі, адамзат баласының өмір тәжірибесінде тәрбиенің түрлі мектептері болған. Тарихқа зер салсақ, небір даналар мен ойшылдарды тәрбие мәселесі бейжай қалдырмағанын көреміз. Мұның бәрінде терең сыр, мағына жатқаны сөзсіз. Өйт­кені жас ұрпақтың өсіп-жетіл­генде қандай болатыны ең алдымен оның тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты.

«Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығының астарынан бір ғана мәселені, яғни, бала тәрбиесінің өте күрделі үдеріс екендігін айқын аңғаруға болады. Тәрбиені қажет ету мәселесінің адамзат қоғамымен бірге жасап келе жатқаны да талас тудырмайды. Өйткені, жас ұрпақ ғасырлар бойында қалыптасып, жүйеленген тәлім-тәрбиені, баба салтын санасына біртіндеп сіңіріп, оны дағдыға айналдырып отырады. Тәрбие мәселесі әрбір кезеңде озық ойлы ойшылдар мен тәлімгерлердің еңбектері мен пайымдық ой-пікірлерінен де көрініс тауып отырған. Солардың ішінде, өз заманында «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби де тәрбиеге ерекше мән береді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы»-деген. Бұл сөздің растығын қазіргі қоғамда орын алып жатқан нешетүрлі келеңсіз оқиғалар  талай мәрте дәлелдегені белгілі. Осы орайда біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы ұғынған. Ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру. Себебі білім алдыңғы орынға шығып, тәрбие кейіндеу қалып қоятын болса, мұның арты адамның толыққанды тұлға болып қалыптасуына айтарлықтай кері әсерін тигізері хақ. Білім – қарапайым тілмен айтқанда, белгілі бір ақпараттар жиынтығы ғана. Ол санаға сіңіп, ойда қалады. Ал тәрбие адамның күллі жан-дүниесіне әсер етеді, тұлғалық қасиеттерін қалыптастырады.

Әрине, біз қашан да балаларға жан-жақты құқықтық тәрбие беруді жетілдіріп отыруды –  басты парыз дейміз.  Бірақ сол тәрбие беруде үнемі кеш қалатынымыз ешкімді ойландырар емес. Ата-бабамыз баланың тәрбиесі бесіктен бастау алатынын айтудай-ақ айтқан. Бірақ көбіміз бүгінгі ұрпақтың, яғни ертеңгі ел тірегінің ақыл-парасаты мол, мәдениеті озық, саналы өсуі, оның кейін есейгенде жияр біліміне ғана байланысты емес, ең алдымен құрсақтан берілетін иманды әдет-ғұрып, өнегелі салт-дәстүр, ұлттық болмыспен келетін тәрбие көзінде жатқанын ескере бермейміз.

Ертеде бір патша өзінің қол астындағы елдің атақты данышпанына баласын тәрбиелеуге беретінін айтыпты. Мұны естіген данышпан тәрбиеге берілетін бала неше жаста екенін сұраған ғой. Сонда патша баласының екі айға енді толғанын жеткізсе, әлгі данышпан: «Балаңның тәрбиесін ойлағаның жөн екен, бірақ кеш қалыпсың»-депті. Бұған түсінбеген патша: «Не айтып тұрсың? Ана сүтінен әлі аузы кеппеген, буыны қатпаған, бесіктен белі шықпаған балаға тәрбие берудің кештігі қалай?!», – деп шамданыпты. Сонда данышпан қария: «Баланы құрсақтан тәрбиелеу керек еді», – деген екен. Көрдіңіз бе, нағыз тәрбие төркіні тереңде жатқанын осыдан да аңғаруға болар. Ұлтжанды адам мұндай мысалдардың астарында өмірлік тәжірибе мәні жатқанын түсінеді. Ендеше келешек ұрпаққа тәлімді тәрбие беру ісі әркімнің өз тәрбиелік ісінен басталатынын қоғамымыз ұмытпаса екен дейміз. Себебі «Не ексең – соны орасың»-деп, бекер айтылмаған.

Рас сөз. Он сегізге толған жас – жаманды да, жақсыны да сезіп, көріп, барлық тәрбиені бойына сіңіріп, өмірге қадам басқан азамат. Өкінішке орай, оны қайта тәрбиелеу қиын. Ол кезде «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» - дейтін кезең өтіп кетеді. Демек, Абай атамызға құлақ түрсек: «Баламды медресеге біл деп бердім, Шен алсын, шекпен алсын деп бермедім...» - деуі арқылы  адамның борышы шен-шекпен емес, тәрбие арқылы туған халқына қызмет ету дегенді меңзегенін ескеру қажет.

Ендеше елдігімізді ерте қамдаймыз десек, «Бір жылын ойлаған күріш егеді, он жылын ойлаған ағаш егеді, ал жүз жылын ойлаған бала тәрбиелейді»,- деп айтылғандай, құрсақтан берілетін тәрбиенің орны бөлек екенін ескерген жөн. Сонда осы тәрбиемен бармақтай болса да берілген білімнің қоғам үшін өлшеусіз қазына болып оралатыны да сөзсіз.

 

Түркістан облысы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы   Ж.Жорабек

0 пікір